Төрт министрдің ауысқаны болмаса, Әлихан Смайыловтың кезіндегі 17 министр өз лауазымдарын сақтап қалды.
Жаңадан тағайындалған министрлер кімдер?
Мәжілісмен Мәди Такиев Қаржы министрі болып тағайындалды.
Ол 2023 жылғы наурыздан бастап бүгінге дейін VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Нұрлан Байбазаров ұлттық экономика министрі және Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды.
Ол бұған дейін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.
Шыңғыс Әрінов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.
Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы қызметін атқарды.
Сенатор Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.
Медицина ғылымдарының докторы. Осыған дейін бірқатар медициналық мекемеде басшылық қызметте болған. 2007 жылдан бері AMANAT партиясының мүшесі. Бұл қызметті осыған дейін 2023 жылғы 4 сәуірден бастап Ажар Ғиният атқарған болатын.
Министрлер кабинетінде орынтағын сақтап қалғандар
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр бұрынғы қызметінде қалды. Сол секілді Тамара Дүйсенова, Серік Жұманғарин да орынбасар лауазымы міндетін жалғастырмақ.
Сонымен бірге, Мұрат Нұртілеу премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі, Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі, Ержан Сәденов те ішкі істер министрі қызметін жалғастырады.
Смайыловтың кезінен атқарған лауазымдарын энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, әділет министрі Азамат Есқараев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көлік министрі Марат Қарабаев және су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жалғастыра бермек.
Ал, ертең 7 ақпанда Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді.