"ҚазТрансГаз" ішкі нарықтағы газ операцияларын 57 миллиард теңгеге дотациялаған

744

"ҚазТрансГаз" ішкі нарықтағы газ операцияларын 57 миллиард теңгеге дотациялаған

Бүкіл ішкі нарықта тұтынылатын тауарлық газ өзіндік құнынан төмен бағамен сатылуда екен. Бұл дерек "ҚазТрансГаз" АҚ-ның 2017 жыл қорытындысы туралы аудиторлық есебінен белгілі болды, деп хабарлайды zakon.kz.

Әлеуметтік бағдарланған компания ретінде ұлттық оператор ішкі нарықта тұтынылатын тауарлық газды өзіндік құнынан төмен бағамен жеткізіп келеді. Яғни тұрғындар қызметтің басқа түрлері есебінен дотацияланатын газды пайдалануда. 2017 жылы "ҚазТрансГаз" АҚ ішкі нарықтағы газ операцияларын 57,6 млрд теңгеге дотациялаған, ал 2015-2017 жж кезеңіндегі демеуқаржы сомасы 167,7 млрд теңгені құрады.

Ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ 2017 жылдың қорытындысы бойынша негізгі қызмет түрлерінің көрсеткіштерін елеулі ұлғайтқан. Аудиторлық есептемеге сай "ҚазТрансГаз" АҚ-ның шоғырландырылған кірісі өткен жылы 662,4 млрд теңгені құрады, ол 2016 жылмен салыстырғанда 77,5 млрд. теңгеге жоғары.

Бұл ретте "ҚазТрансГаз" АҚ компаниялар тобының есепті кезеңдегі таза пайдасы 74,8 млрд теңгені құрапты, ол жоспарланғаннан 23 млрд. теңгеге артық. Яғни ішкі нарыққа газ сатуды дотацияламағанда ҚазТрансГаздың таза табысы 134 млрд теңге болар еді деген сөз.

Сонымен қатар, есептен алынған мәліметке жүгінсек, 2017 жылы ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ және оның еншілес кәсіпорындары республика бюджетіне жалпы сомасы 60,3 млрд теңгеге салық және басқа да міндетті төлемдер төлеген. Магистральдық газ құбырларымен газ тасымалдау көлемі, 2016 жылмен салыстырғанда, 12,7 млрд текше метрге өсіп, 100,9 млрд текше метр газды құрады.

Бұл ретте газды экспортқа тасымалдау 34 пайызға ұлғайды және 17,7 млрд текше метрді құрады, ішкі газ тасымалы 1 млрд текше метрге ұлғайып, 17,4 млрд текше метрді құрады. Ал халықаралық газ транзиті 65,8 млрд текше метр болса, ол 2016 жылмен салыстырғанда 7,5 млрд текше метрге артық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу