"Мал баққан қазақтың қолынан ара бағу да келеді"

Түркістандық кәсіпкер мемлекеттің көмегімен бал арасын өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отыр.

"Мал баққан қазақтың қолынан ара бағу да келеді"

Бүгінгі таңда кәсіпкер, Отырар ауданының тумасы Ержан Қожаметов өз жерлестерін табиғи таза бал өнімімен қамтамасыз ете бастады.

Оның айтуынша, бұл кәсіпке кіріскеніне көп уақыт бола қоймапты. Шағын қаржымен бастаған ісінен тапқан алғашқы табысы да жаман емес. Бірнеше жыл бойы жұмыссыздар санатында тұрған азамат азғантай уақыттың ішінде қазақтар кәсіп қыла бермейтін шаруаның білгіріне айналып шыға келгенін байқамай да қалған.

"Бал арасын өсіруді биыл ғана бастадық. Тауда бір танысым тұрады, содан көріп, қызығып, қолға алдық. Әрине, бұл ұмтылысымызға үкімет тарапынан "Сыбаға" жобасы аясында 400 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілді. Алғашында  бал арасының 10 отбасын, яғни ұясын алдық. Кейін тағы төртеуін алдық. Оның әрқайсысында мыңнан екі мыңға дейін бал арасы топтары болады. Бір аналық – бір ұя есептеледі. Ал қалғандары еркек аралар мен жұмысшы аралар", – деп түсіндірді кәсіпкер.

Кәсіпкер бастапқыда "қалай болар екен" деп жүрексініп, ақыры тәуекел еткен. Омарта жасау, ара ұяларын таңдауға келгенде біраз  абдырағанын айтады. 

"Жасыратыны жоқ, ара ұяларын шымкенттік орыс азаматтардан сатып алдық. Біздің қазекең көп бара бермейтін кәсіп қой. Жалпы, жұмсаған шығынымыз көп болған жоқ, 300 мыңға –  тіркеме, 200 мыңға ескі "УАЗик" автокөлігін сатып алдық. Бас-аяғы 900 мың теңгедей қаражат кетті", – дейді ол.

Омарташы Ержан Яхияұлы алғашқы өнімді алғандағы әсерін де жасырмады.

"Көктем шыға ара ұяларын шеңгелдің отаны саналатын "Шеңгелді" деген алыс жерге апарып қойдық. Ашық аспан астында, жазық далада қона жаттық десек те болады. Еңбегімізге татыды. Маусымнан аздап кешігіңкіреп келген екенбіз. Ертерек келгенде одан да көп бал алар ма едік, кім білсін. Он күннен аса уақытта 14 ұядан 30 келі таза бал алдық. Бұл біздің алғашқы тәжірибеміз болғандықтан, өнімді қолымызға алғанда қуанышымыз қойнымызға сыймады.  Балды өткізуде де қиындық туған жоқ. Ауылға әкеліп, бір-екі кісіге сатқанбыз. Ертеңінде сатып алғандардың бірінің қарт анасы: "мынау таза екен, тамағымды қойғызды, тағы бар ма?" деп келіп тұр. Қысқасы, бірер күнде-ақ таласа алып кетті", – дейді кәсіпкер.

Омарташының сөзінше, бұл кәсіпте оған інісі қолғабыс етіп жүр.

"Бүгінде араларымыз "Қаракөл" деген жердегі қалың жантақ арасында жатыр. Сол маңда бір ақсақал КСРО кезінде осы жерден бір орыс омарташылар таза бал алып, сапасы жағынан Одақ көлемінде  өзгелерден озып кеткенін айтқан еді. Араларды қантпен қоректендірмей, өсімдіктердің өзінен алған бал жоғары бағаланады. Біз де сапалы өнімдерімізбен көрмелерге қатысып көрсек дейміз", –  дейді жоспарымен бөліскен кәсіпкер.

Сөз соңында, Ержан Яхияұлы мал баққан қазақтың қолынан ара бағу да келетінін айтады.

"Біз араға шекер бермейміз, табиғаттағы гүлдерге қондырамыз. Одан прополис те алып отырмыз. Оның емдік қасиеттері өз алдына бөлек әңгіме. Рас, өз қаржымыз да шықты. Бірақ, қолымыз құр қайтып жатқан жоқ. Әр қазақ меңгеретін-ақ кәсіп", – деп үндейді азамат.

Ерболат Мамырайхан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу