12 кәсіпкер мен корпорация керісіп жүр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2102

Бір жылға созылған дау жертөледен басталған.

12 кәсіпкер мен корпорация керісіп жүр

2007-2008 жылдары Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көп қабатты үйлердің жертөлесін жөндеп, бизнеске лайықтап жабдықтауға бюджеттен қаржы қарастырылмаған екен. Сол себепті Астана қаласының әкімдігі бұл істі кәсіпкерлердің өздеріне жүктеу туралы шешім шығарған. Осылайша, бизнес өкілдері желтөлелерді жөндеуге қыруар қаржы жұмсап, өз қалауы бойынша жабдықтаған.

Алайда, Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 5 сәуірдегі қаулысымен жертөлелер "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясына сенімді басқаруға берілген. Осыған орай, жертөлелерді жалға алушылар қолданыстағы келісімшартты бұзып, "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жаңа келісімшарт жасауы керек еді. Бірақ, жаңа келісімшартқа сәйкес, жертөлелерді жалға алу құны 2,5 – 3 есеге өскен. Бұған келіспеген кәсіпкерлер корпорациямен әлі күнге дейін керісіп жүр.

"Астана" қалалық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұржан Букиннің айтуынша, 2007-2008 жылдары кәсіпкерлер жертөлелерді Астана қаласының әкімдігінен жалға алып тұрған.

"Ол уақытта жертөлелер пайдалануға беруге жарамсыз еді. Ешқандай коммуникация да тартылмаған болатын. Ал үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған-ды. Сондықтан, кәсіпкерлер өз қаражатына жертөлелерді жөндеп, кәсіп ашқан. Олар бұл мақсатқа аз қаржы жұмсаған жоқ. Жөндеу жұмыстарынан бөлек, қажетті құрал-жабдықтарды да сатып алды. Араларында қарыз алып, іске кіріскендер де бар. Олар тиісті салықтарды, жалға беру құнын жергілікті бюджетке төлеп тұрды. Жаңа жұмыс орындарын ашты. Аталған үйлердің тұрғындарына қолайлы болу үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастырды", – деді Нұржан Букин.

Сарапшының айтуынша, кәсіпкерлердің көбі "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасаудан бас тартқан. Есесіне, кондоминиум нысанын басқару органымен шартқа отырған.

"Осы сәттен бастап үй тұрғындары аталған жертөлелердің иесі болып табылады. Өйткені, жертөле – үйдің ортақ мүлкі. Сондықтан, жертөлелердің коммунальдық меншікте болуы және оларды "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігіне беру заңсыз болып табылады. Бұл факті ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың шешімімен расталып отыр", – деді Нұржан Букин.

Дау әлі күнге шешімін таппаған. Амалы таусылған кәсіпкерлер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Нұржан Букиннің сөзінше, сот процесі барысында Астана қаласының әкімдігі тиісті құжаттарды ұсына алмаған.

"Демек, әкімдік аталған жертөлелерді коммунальдық меншіктен шығарып тастауы керек. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жасалған келісімшарттарды бұзуы қажет және кәсіпкерлердің жалға алу үшін осы уақытқа дейін төлеген қаржысын қайтаруы тиіс", – деді Нұржан Букин.

Жеке кәсіпкер Гүлнар Жұмаділованың айтуынша, әу баста наразы кәсіпкерлердің қатары көп болған. Алайда, әкімдік пен корпорация өкілдері біразының бетін кері қайтарған. Айдауға жүріп, айтқанға көнбей отырғаны – 12 кәсіпкер. Олар "ұзақ жылдар бойы жұмсаған қаржыны қалайша корпорацияға сыйға тарта саламыз" деп алған беттен қайтар емес.

"Біз жертөлені қалпына келтірдік. Он жылдай бойы күтіп ұстап келеміз. Кезінде әкімдік бұл нысандарды жекешелендіруге уәде берген еді. Алайда, уәде сөз күйінде қалды. Ол туралы қазір айтылмайды да. Жертөлені бізден тартып ала салмақшы. Мәселен, өз басым өткен жылдарды қоса есептегенде осы іске 30 мың доллар жұмсадым.  Енді осыншама қаржыны қалайша бір сәтте корпорацияға бере саламын. Осы күнге дейін қанша қаржы жұмсағанымды дәлелдейтін құжаттар бар. Өзге кәсіпкерлердің де дәлелі жеткілікті. Корпорация бізді жолдан тайдыруға тырысты. Салықпен, СЭС-пен қорқытты. Бірақ, біз өз дегенімізден қайтқан жоқпыз. Біз корпорациямен келісімшартқа отыруға қарсымыз. Кондоминиумда қала бергіміз келеді. Тұрғын үйдің ажырамас бір бөлшегі болып табылатын жертөлені қалайша коммунальдық меншікке өткізуге болады?!", – дейді Гүлнар Жұмаділова.

Кәсіпкердің сөзінше, олар сотта жеңіп шыққан. Яғни, жертөлелерді корпорацияның балансына беру заңсыз екені дәлелденген. Бірақ, сотта жеңіске жете тұра, кәсіпкерлер әкімдіктің меншігінде қала берген.

"Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ҰК" АҚ активтерді басқару департаментінің директоры Асхат Бекеевтің айтуынша, корпорация сенімді басқарушы ретінде белгіленген. Тиісінше, аталған жертөлелерге қатысты келісімшарттардың бәрі жойылған. Осылайша, әкімдіктің атынан корпорация келіссөздер жүргізе бастаған.

"Әу баста жертөлелерді жалға беру құны бір шаршы метріне 200-300 теңгені құрады. Бұл Астананың "сол жағалауы" үшін аса көп ақша емес. 2017 жылы аталған жертөлелерді жалға беру құны бір шаршы метріне 1200-1500 теңге болды. Осы орайда, біз тарифті көтермес бұрын, нарықты зерттеп көрдік. Осылайша, "сол жағалаудағы" жалға беру құнының 3 мың теңгеден басталып, жоғарылай беретінін анықтадық. Сол себепті жалға беру құнын көтердік", – деген уәж айтты "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ҰК" АҚ активтерді басқару департаментінің директоры Асхат Бекеев.

Бұл мәселе Астана қалалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Кеңес аталған мәселені кәсіпкерлердің пайдасына шешу үшін Астана қаласының әкіміне хат жолдайтын болды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу