42 500 теңге: төлеген БЖТ-сы өтпей қалған жеке кәсіпкерлер не істеуі керек?

7625

"Елімізде милииондаған адам түбі бір керек болар деп жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп алған". 

42 500 теңге: төлеген БЖТ-сы өтпей қалған жеке кәсіпкерлер не істеуі керек?

Мемлекеттен 42 500 теңге алу үшін өтініш тапсырған кейбір жеке кәсіпкерлердің бірыңғай жиынтық төлемін жүйе қабылдамай, кері қайтарып жатыр. Осының салдарынан бұл азаматтар төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған адам ретінде тиесілі 42 500 теңгесін ала алмай отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осы проблеманың себебін онлайн-брифингте түсіндірді. Министрдің айтуынша, адамның жеке кәсіппен айналысқанын дәлелдейтін екі дерек бар. Оның бірі жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін дәлелдейтін құжат болса, екіншісі – өз еркімен төлейтін бірыңғай жиынтық төлемі. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер тапқан табысына сәйкес салық төлеуге тиіс. Егер ашқан кәсіпкерлігінен ешқандай табыс түспесе, салық та төленбейді. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың жүйесі жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелген азаматтардан бірыңғай жиынтық төлем қабылдамайды. Ал жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмеген тұлғалар келешекте зейнетақысыз қалмауы үшін бірыңғай жиынтық төлем аударуға тиіс.

"Жеке кәсіпкерлік ашқан азаматтарға қатысты мынадай жағдай бар. Елімізде 42 500 теңге тағайындау кезінде миллиондаған адамның жеке кәсіпкерлікті түбі бір керек болар деген оймен жай ғана ашып қойғаны анықталып жатыр. Жай ғана ашып қойған, онысы жұмыс істеп жатқан жоқ. Енді сол адамдар жеке кәсіпкер ретінде 42 500 теңгеге өтініш берейін десе, соңғы 12 айдың ішінде бірыңғай жиынтық төлем аудармаған. Қазір төлейін десе, онысы өтпейді. Себебі жеке кәсіпкер статусы мен БЖТ төлеудің екеуі де жеке кәсіпкерліктің белгісі. БЖТ ресми тіркелмеген жеке кәсіпкер үшін қарапайымдатылған салықтық режим. Егер ол кәсіп істеген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгісі келмесе, БЖТ төлеуі керек еді. Сондықтан заңда, Салық кодексінде де осы қарастырылған. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адамнан БЖТ төлесе де, өтпейді", – деді ведомство басшысы.

Министр төтенше жағдай кезде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкердің бәріне ешқандай өтінішсіз 42 500 теңге аударсақ деген бастама болғанын айтады. Бірақ кейін жеке кәсіпкерлікті формалды түрде ғана ашқандар бар екенін анықталған көрінеді.

"Кейбір адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген едім, алғашында 42 500 теңге алуға құқыңыз бар деген SMS келді деп хабарласып жатыр. Иә, онда хабарламаларды басында жібергенбіз. Жеке кәсіпкердің бәрінен өтініш алмай-ақ төлей салсақ қалай болады деген ой болған. Бірақ жеке кәсіпкерлікті жай ғана ашып қойғандар бар екені анықталды.  Соның бәрін сараптай келіп, жеке кәсіпкерге біз 42 500 теңген өтінішсіз, яғни проактивті түрде төлемейміз. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер міндетті түрде өтініш беруі керек", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр былтыр атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу қарбаласы кезінде формалды түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер, енді кедергіге тап келіп жатқанын да айтты. Ол, сондай-ақ, төлеген БЖТ-сы қабылданбай жатқан жеке кәсіпкерлерге не істеу керектігін түсіндірді.

"Жеке кәсіпкерлікті жай аша салған да дұрыс емес шығар. Мысалы былтыр атаулы әлеуметтік көмек алу үшін  жай ғана жеке кәсіпкерлік ашып тастаған. Табысы болмағандықтан, оларға ай сайын АӘК шығып тұрды. Сол жай ғана ашып тастаған жеке кәсіпкерліктеріңіз қазір кедергі болып жатыр. Егер төтенше жағдай кезінде расымен де табыстан айырылсаңыз, енді БЖТ төлей алмай жатсаңыздар жай ғана ашқан ЖК-ні жабу керек немесе салық органдарына айтып, уақытша тоқтату керек. Мемлекеттік кірістер комитетімен ондай жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіпкерлігін ресми тоқтатқан адамдар туралы ақпаратты қалай аламыз және қалай ескереміз деген сұраққа жауап іздеудеміз", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу