АҚШ-Қытай: экономикалық соғыс күшейеді

7875

Трамп Қытайдың тағы 200 миллиард долларлық тауарына тариф жариялау туралы шешім қабылдап, сауда соғысын қыздыра түсті.

АҚШ-Қытай: экономикалық соғыс күшейеді

Мұндай шешімді Америка тарихында бірде-бір президент қабылдамаған екен. Бұл туралы ресми мәлімдеме бірер күннің ішінде жасалады. Соған сәйкес, Қытайдан импортталатын 1000-нан астам тауар түріне тариф көтеріледі. Сол өнімдердің қатарында тоңазытқыштар, желдеткіштер, жиһаздар, теледидарлар, ойыншықтар бар. Бас-аяғы – 200 миллиард доллардың тауары. Экономистердің сөзінше, Трамптың жаңа тарифі құрама штаттарда мерекелік маусым қарсаңында заттардың бағасын қымбаттатайын деп отыр. Қаншаға? Ол жағы әзірге белгісіз.

Жақында Apple компаниясы мәлімдегендей, оның Apple Watch, AirPods, MacMini тәрізді өнімдерінің, батарея қуаттаушыларының, адаптерлерінің нарқы "тариф соғысы" салдарынан көтерілуі ықтимал.

"Бізді алаңдататын жайт – осы тарифтер АҚШ-тың өзіне ауыр соққы болып тиеді. Бұл соққыдан Америкада өсім мен бәсекелестік төмендеп, қарапайым тұтынушылар үшін баға өседі. Кезекті тарифтердің ауыртпашылығы Қытайдан гөрі АҚШ-тың өз мойнына ауыр салмақ түсірейін деп отыр", –  деп жазылған Apple-дің сауда министрлігіне жолдаған хатында.

Зардап шегетін – қарапайым халық
"Вашингтон пост" газетінің мәліметінше, президент Дональд Трамп өз көмекшілеріне қытайлық тауарларға тарифті 10%-ға көтеруге бұйрық бере отырып, америкалық тұтынушылар үшін қымбатшылыққа жол ашты.  Өйткені құрама штаттардың компаниялары Қытайдан импорттаған өнімдерге салықты өздері өсіреді де, сол өнімдерді жұртқа бұрынғыдан әлдеқайда жоғары бағамен сатуға мәжбүр болады.

Жалпы алғанда, АҚШ Қытайдан жыл сайын шамамен 500 миллиард доллардың тауарын сатып алады. Бұрынғы тарифтер мен жаңа тарифтер қосылғанда, осы салықтың ортақ құнының өзі-ақ әр жылда Қытайдан Америкаға жөнелтілетін өнімдердің жартысының бағасына пара-пар болады екен.

Бұған дейін Трамп қытайлық импортқа тарифті 25%-ға өсіретінін бірнеше мәрте мәлімдеді. Сондықтан кейбір сарапшылардың ойынша, Вашингтонның бұл жолы баж салығын тек 10%-ғ көтеру жоспары Трамптың шегінісін білдіреді. Дегенмен 10%-дың өзі миллиондаған америкалықтың қалтасын қағайын деп отыр. Өйткені соның салдарынан АҚШ-та дүние қымбаттамақ.

Мұны біле тұра, Трамптың айналасындағылар неліктен қытайлық импортты шектеп жатыр? Ақ үй сенбі күні журналистердің осы жайлы сауалына түсініктеме беруден бас тартты.

Үшінші тарифтік пакет әзірленіп жатыр
Жұма күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Линдсей Уолтер былай деп мәлімдеді: "Президент анық ескертті – оның өзі мен әкімшілігі Қытайдың әділетсіз сауда тәжібесіне қарсы шара қолдануды жалғастыра бермек. Біз Қытайдың назарын Құрама Штаттарды көптен бері алаңдатып отырған мәселелерге аударуға тиіспіз".

Америкалық бақылаушылардың пікірінше, Трамптың жоғары лауазымды кеңесшілері Қытайдың экономикалық тәжірибесін өзгертуді қолдаса да, тарифтік тактикада екіге жарылып отыр. Олардың бірі бұл тайталаста абай болған дұрыс десе, ендігі бірі - проблеманы дипломатиялық жолмен шешуді ұсынып отыр.

Алайда, Трамп Бейжіңді экономикалық соққы қаупі ғана үлкен өзгерістерге итермелей алады деп сенеді. Және де, Ақ үй басшысының ойынша, Қытай экономикасының қиындықтарға душар болуына өндірісті қатаң басқару стилі себепші.

Бүгінде Трамп Қытайды әділетсіз сауда тәжірибесінен бас тартып, Америка тауарларын көбірек сатып алуға, Қытай нарығын АҚШ инвестициясы үшін ашуға және Құрама Штаттардың интеллектуалдық мүлкін ұрлауды тоқтатуға шақырып отыр.

Жаңа тариф мәселесі Ақ үйдің жоғары лауазымды кеңесшілері Трамп пен Си арасындағы шиеленісті тарқатуға оқталғанда, көтеріліп отыр. АҚШ-тың Қаржы министрі Стивен Мнучин Қытаймен таяуда келіссөз бастауды жоспарлап отыр. Қытай да Вашингтонды жауапсыз қалдырмақ емес: Бейжің Американың миллиардтаған долларлық өніміне тариф жариялап, кек алатынын ескертіп отыр.

Трамп мұндай тарифті Қытайға ғана емес, Мексика, Жапония, Канада, Еуропа одағының бірнеше еліне де қолдануға тырысып келеді. Сондағы мақсаты – өнімдерін қымбаттата отырып, оларды өзінің талаптарына көндіру.

Трамп биыл жазда алғаш рет Қытайдың 50 миллиард долларлық тауарына баж салығын көтерді. Сол өнімдердің санатына негізінен қарапайым тұтынушыларға тікелей әсер етпейтін индустриалдық құрал-жабдықтар енді.

Қытай болса, бұған жауап ретінде Америкадан импортталатын сиыр еті мен соя бұршақтарына тарифті өсіріп, АҚШ-тың ауылшаруашылығы өнеркәсібін шошытып, Трамп пен Ақ үй әкімшілігін бір алаңдатып тастады. Ал, осыдан екі апта бұрын Құрама Штаттар президенті Қытайдың тағы 267 миллиард долларлық тауарына қарсы үшінші жазалау пакетін әзірлеп жатқанын ескертті. Осылайша, Америкаға баратын қытайлық импорттың барлығына салық өсейін деп отыр.

Трамп пен Си екі рет кездесуі мүмкін
Айта кетсек, үстіміздегі жылдың алғашқы жеті айында АҚШ-тың Қытаймен тауар саудасы тапшылығы 233,5 миллиард долларға жетіп, былтырғы жылдың көрсеткішінен жеті пайызға асып кетті.

Корпорация басшыларының ойынша, АҚШ-Қытай сауда дауы Трамп пен Си арасындағы тікелей келіссөздер арқылы ғана шешіледі. Екі лидер бір-бірін осы айдың соңында БҰҰ Бас ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін сессиясында көруі мүмкін. Сонымен қатар екі экономикалық держава президенттері қараша айында Буэнос-Айресте өтетін "Үлкен жиырмалық" елдерінің саммиті аясында кездесуді жоспарлап отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу