Ақтоғай мыстың жылдық жоспарын орындады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
18864

"KAZ Minerals" басшысы Ақтоғай бойынша 2016 жылға арналған жоспар орындалғанын мәлімдеді.

Ақтоғай мыстың жылдық жоспарын орындады

"KAZ Minerals" тобы басқармасының басшысы Олег Новачук баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кеніші 2016 жылы 15 мың тонна катодты мыс өндіру жөніндегі жылдық жоспарын орындап шыққанын айтты.

"Ақтоғайда өндірістің бірінші кезеңі – 2015 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған тотыққан кенді сілтіден айыруды іске асыратын зауыт жұмыс істейді. Бұл зауыт жылына 20 мың тонна катодты мыс өндіреді және біз бұл көрсеткішті сәтті орындап келеміз: 1 желтоқсанда іске қостық, 2016 жылы біз 15 мың тонна мыс өндіреміз деп нарыққа сөз берді, ал енді мен жоспар орындалды деп сенімді айта аламын. Өкінішке қарай, мен жыл соңына дейін нақты мәліметтерді айта алмаймын, айтарым, біз нарыққа берген уәдемізде тұрдық, ал нақты мәліметтерді жылдық нәтижелер белгілі болғаннан кейін жариялаймыз", – дейді ол.

Жобаның екінші кезеңінде сульфидті кенді өңдейтін фабрика салынады.

"Бүгінгі күнге сай құралдармен жабдықталған Фабрика жылына 25 млн тонна кен өңдейді. Біз фабриканың тек жобасын жасауға 4 жылдан астам уақыт жұмсадық", – дейді Новачук мырза.

Сульфидті кен өндейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасында тестілеу, іске қосу және жөндеу жұмыстары 6 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір аясында басталған еді.

Ақтоғай кенішінің сульфидті кенінен тауарлық мыс концентраты 2017 жылдың екінші ширегінің соңында өндіріледі. Компания 2017 жылға жоспарланған көрсеткіштерін 2017 жылдың 23 ақпанында топтың жылдық есеп беруінде жариялауға сөз беріп отыр.

Ақтоғай жобасының жалпы бюджеті қайта қаралып, 100 млн долларға азайтылып, 2,1 млрд долларға кеміді. 2016 жылғы құрылыстың сәтті жүруі, жергілікті мердігер жұмысы құнының арзандауы және құрылыс жұмыстарының көп бөлігін жергілікті мердігерлерге үлестіріп бөлу стратегиясының оң әсерінің арқасында қаражат үнемделді.

Қалған төлемдер мерзімі қайта қаралды және бұрын 2016 жылдың аяғына жоспарланған кейбір төлемдер енді 2017 жылдың басында төлене бастайды. Шамамен 100 млн долларлық жобаның негізгі шығыны 2016 жылдың екінші жартысында, 240 млн доллар 2017 жылы және 370 млн доллар 2018 жылы төленеді. 2018 жылға жоспарланған 370 млн доллар, оның ішіне 2016-2017 жылдардағы құрылыс жұмыстарына жұмсалатын 300 млн доллар – оның төлемі негізгі мердігермен жасалған келісім бойынша 2015 жылдың қараша айына шегерілген-тін.

KAZ Minerals тобының құрамына кіретін және жобаны іске асырумен айналысатын "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС "Қазақстанның даму банкі" АҚ-мен (ҚДБ) кредиттік келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес ҚДБ жоба бойынша қондырғаларды сатып алуға және құрылыс-жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 8,5 жылға 300 млн доллар береді.

Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – LIBOR 4,5%. Қарыз бөліп төленеді: бірінші төлемнің мерзімі 2018 жылдың маусымында келеді. 2019-2024 жылдар аралығында төлем жарты жылда бір рет мамыр және қараша айларында, соңғы төлем 2025 жылдың маусымында төленеді. Іс жүзінде бұл қарыз Қытай мемлекеттік даму банкінің қаржыландыруына байланысты.

"Біздің банктің қаржыландыру көзі – Қытайдың мемлекеттік даму банкінің қарызы. Қарыз алушыға тиімді шарттармен қарыз беру дегеніміз – өзімізге Қытайдың мемлекеттік даму банкінен арзан қарыз алуға мүмкіндік ашу деген сөз және біз оған қол жеткіздік те, осының арқасында біз қарызгердің талаптарына сәйкес бола алдық. Сондықтан қарызгерге жақсы атану үшін, кредиторлар алдында жақсы болу керек", – дейді ҚДБ басқармасының төрағасы Болат Жәмішов.

Топ өнім өндіру бойынша бұдан бұрын алдына қойған жоспарды биылғы жылы орындай алады, деп топшылайды KAZ Minerals. "Жоспардың орындалу ықтималдығы туралы сөз қозғасақ. Біз жария компания болғандықтан мен болжам жасамауым керек... Әзірше біз нарыққа жариялаған шекте жүрміз. Жыл аяқталған соң біз жоспардың орындалуы туралы хабарлама жасаймыз", – дейді Олег Новачук.

Компания іске асырып жатқан даму жобалары едәуір инвестицияларды талап етті, сондықтан, компанияның қарызы өсіп кетті. Ендігі жыл – компания үшін қарыздар тезірек жабылатын кезең болады, бірақ, негізгі мәселе ендігі жылы мыстың нарықтық бағаларына келіп тіреледі. Биыл Лондон биржасындағы мыстың құны қаңтарда тоннасына 4,4 мың доллардан желтоқсанда 5,9 мың долларға дейін ауытқыды.

Олег Новачук қазіргі кезде KAZ Minerals-тың қарызы шамамен 2,5 млрд долларға жеткенін айтты.

"Топтың жалпы қарызына қатысты – ол үнемі өзгеріп отырады. Бүгінгі күні мен нақты санды айта алмаймын, шамалап айтайын... Таза қарыз және гросс-қарыз деген ұғымдар бар – біздің таза қарызымыз шамамен 2,5 млрд долларға жетіп отыр. Бұл қарыз, әрине, өзгеріп отырады, себебі, ендігі жылы өндірісіміз 2016 жылға қарағанда әлдеқайда артады және біздің жаңа жобаларымыздан түскен табыстың барлығы-дерлік қарызымызды өтеуге жұмсалады", – дейді ол.

Новачук мырза коммерциялық банктер компанияның қымбат жобаларын қаржыландырудан бас тартты, себебі, ұзақмерзімді қаржыландыру талап етілгенін баса көрсетті.

"Әу бастан бұл жобаларды неліктен Қытай даму банкі мен ҚДБ қаржыландырды? Себебі, 5 жылдан көп мерзімге қаржыландыру ұсына алатын банктер – осылар. Әдетте, коммерциялық банктер ең көбі 7 жылға береді, бірақ, мұндай ауқымды жобаларға коммерциялық банктер бара қоймайды. Біз батыстың банктерімен де сөйлесіп көрдік, бірақ, жүйелі мемлекеттік банктерден басқа мұндай жобаларды қаржыландыруға мардымсыз", – дейді ол.

KAZ Minerals акцияларының құны 14 желтоқсанда Лондон қор биржасында 392,3 пенс (3,92 фунт стерлинг) болды. Компанияның капиталы 1,752 млрд фунтқа жетті. Соңғы 12 айда бағалы қағаздың ең төменгі бағасы 2016 жылдың 18 қаңтарында тіркелді – 84 пенс, ең жоғарысы 8 желтоқсанда – 431 пенс. Бағалы қағаздарға қатысты брокерлердің соңғы пікірі мынадай болды: JP Morgan Cazenove (14 желтоқсан) мақсатты баға – 465 цент, 7 желтоқсан Deutsche – 240 цент, Credit Suisse – 370 цент (27 қазан 275 цент), Jefferies – 450 цент (10 қараша 300 цент).

Сондай-ақ Олег Новачук abctv.kz-ке сұхбат берді:

- Қазір өнімнің өзіндік құны қандай?

- Қаржылық ақпаратты сайттан қарау керек. Мен сізге мынаны айтайын, бізде орташа есеппен 1 фунт мыстың құны – 120 цент. Бұл топ бойынша. Жеке Ақтоғайды алсақ, біз әзірге, тек жоспарланған сандарды ғана білеміз. Бозшакөлдің өзіндік құны шығыста өзгеше. Орта есеппен бізде 1 фунт мыстың бағасы шамамен 120 цент. Бұл – таза табыс.

- Сіздер төлемді кейінге шегердіңіздер…

- Бұл 300 млн доллар төлемін кейінге шегеруге келіскен мердігерлер. Біз оны 2018 жылы төлейміз.

- Бұл жалғыз компания ма?

- Басқа болған жоқ. Бұл NFC (Non Ferrous China – автордың ескертпесі) компаниясы – біздің бас мердігеріміз және біз онымен төлемді 2018 жылы төлеуге келістік.

- Өндіріс бойынша жоспар ендігі жылы да сақтала ма?

- Бәрі сақталады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік нәтижелерімен бірге жариялаймыз. Бұл ақпанның соңына тура келеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік нәтижелер де, қаржы нәтижелері де, 2017 жылдың жоспарлары да жарияланады.

- 2016 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер болуы мүмкін бе?

- Оны көре жатармыз...

- Девальвациядан тағы қандай әсер болады?

- Өкінішке орай, біздің топқа девальвация қатты әсер ете қойған жоқ, себебі, біздің негізгі шығындарымыз кеніштердің құрылысына бағытталды, ал ондағы барлық шығындар доллармен жасалды. Біз, негізінен, құрал-жабдықты сатып алдық. Теңгемен біз тек жергілікті мердігерлерге ақы төледік, ал ең қымбаты құрал-жабдық болды, ол доллармен төленді.

- Жалпы құрылымдағы теңге шығынының үлесі қандай болды?

- Егер өндірісті алар болсақ, онда теңге шығыны 30%. Қалғаны: доллармен есептелген материал, техниканы сатып алу. Бізге девальвация көмектеседі, әрине, бірақ, қатты деп айта алмаймын.

- Ал сұраныс бойынша мыстың бағасы аздап көтерілді ғой...

- Біле білсеңіз, мысқа деген сұраныс әрдайым болған. Екінші мәселе, сол мысты қаншаға сататыныңда, яғни, біз сата алмай қиналып отырмыз дей алмаймын. Бізде стратегиялық серіктестермен ұзақмерзімді келісімшарттарымыз бар.

- Қырғызстан бойынша бәрі дұрыс па?

- Қырғызстан бойынша біз жобаның қуатын 100%-ға қостық.

- Мен ол жақта сайлау болатынын айтып отырмын...

- Тек менің ғасырымда онда 12 премьер-министр және 3 президент ауысты, сондықтан, келесі сайлаулар да сәтті болады деген сенімдемін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу