Ақылы автожолдың тарифі өзгермейді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
1985

Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай бағытындағы жаңа автобандардағы ақылы жүйе  қараша айында іске қосылады.

Ақылы автожолдың тарифі өзгермейді

"2020 жылға қарай 6 мың шақырым республикалық маңызы бар автокөлік жолымен жүрген үшін ақы алу жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жоспарлануда, бұл жылына шамамен 30 млрд теңге қаражат жинауға мүмкіндік береді. 2017 жылы 700 шақырым ақылы жол пайдалануға беріледі. Ал Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас бағытындағы жолдан ақы алу жүйесі биыл іске қосылады", - деп мәлімдеді ҚР инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр.

ИДМ баспасөз қызметінде нақтыланғандай, Алматы-Қапшағай бағытындағы жолда ақы алу жүйесін орналастыру республикалық бюджет есебінен, ал Алматы-Қорғас жолында Дүниежүзілік банктен алынатын қарыз есебінен қаржыландырады деп жоспарланған.

"2017 жылдың қараша айында жүйені тестілік тәртіпте енгізу жоспарланды", - делінген жарияланған хабарламада.

Ал тарифке келер болсақ, ол әзірге Қазақстандағы жалғыз ақылы жол Астана-Шортанды бағытындағы жол ақысының деңгейінде болады деп жоспарланған, мұнда жеңіл автокөліктер үшін жол жүру ақысы әр 1 шақырымға 1 теңгеден есептелсе, автобустар мен жүк көліктеріне көтерген жүгіне байланысты жоғарылай береді.

"2013 жылдан бері бізде қашықтығы 213 шақырымды құрайтын жалғыз Астана-Шортанды ақылы жолы қолданыста болды, онда бекітілген тарифке сәйкес, жеңіл автокөлік үшін 1 шақырым жолға 1 теңгеден есептеледі. Жаңа автокөлік жолдарын пайдалануға берерде біз осы төлем деңгейін ұлғайтуды әзірге жоспарлап отырған жоқпыз", - деді Роман мырза.

Автожолды пайдаланушыларға қызмет көрсетуде сапалы инфрақұрылымға ерекше назар аударылатынын атап өтті вице-министр. Бүгінгі күні республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 2 мыңнан астам жолда қызмет көрсету нысаны салынған, олар негізінен ірі елді мекендерге жақын орналасқан. Олардың тек бестен бір бөлігі ғана 2015 жылы қабылданған ұлттық стандартқа сай келеді.

Роман мырзаның айтуынша, қазіргі кезде "Даму" АҚ жол бойында, оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі маңында нысан салу үшін қарыз беріп жатыр және бизнес ашылып отырған мүмкіндіктерге қызығушылық танытуда.

"Біздің бизнесмендер аталған нарықты жылдам игеруде. Әрине, бұл 1-2 жыл көлемінде іске асырылып бітетін шаруа емес. Қалай дегенмен едәуір шығын кететіні айқын, бірақ аталған сала дамып келеді...

Бізде жанармай құю бекеттері жеткілікті, бірақ автотұрақтар мен көлік жүргізушілердің демалатын орындары аз", - деді Роман мырза.

Автодәліздің әр 50 шақырымынан кейін демалуға арналған көлік қоятын орындар салынды, осы жерлерге бизнес нысандарын салуға болады.

"Ол жолдардың инженерлік инфрақұрылымын жергілікті атқарушы органдар "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша өткізеді, сондықтан аталған жұмыс жалғасып келеді, барлығы бизнестің белсенділігіне байланысты. 2-3 жыл ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінде қызмет көрсетудің негізгі нысандары дайын болады деп үміттенеміз", - деді Роман Скляр.

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2017 жылы 4,4 мың шақырым жолда жұмыс жанданады, оған 100 мың жұмыскер тартылады. Жыл соңында 600 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, Бейнеу-Ақтау (230 шақырым) және Алматы-Талдықорған (2017 жылы 24 шақырым) автожолдарының құрылысы толық аяқталады, сондай-ақ Астана-Павлодар (232 шақырым), Орал-Каменка (50 шақырым), Ақтөбе – Атырау (26 шақырым) автожолдарының жекеленген учаскелері мен Қордай асуының айналма жолының (40 шақырым) құрылысы аяқталады.

Сондай-ақ 7 жобаның жұмысы жалғасын табады (Астана-Қарағанды,  Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавловск және Орал-Каменка).

Бюджеттік қаражат есебінен қашықтығы 1 мың шақырымнан асатын 8 жаңа жобаны іске асыру басталады: Бейнеу-Ақжігіт, Қостанай-Денисовка, Шортанды-Зеренді, Осиновский асуы, Таскескен-Бақты, Үшарал-Достық, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолы, Қалбатау-Майқапшағай.

Қазіргі кезде жергілікті автожол торабының 34% төмен жағдайда (Батыс Қазақстан облысы-72%, Ақтөбе-52, Атырау-51, Солтүстік-Қазақстан-45%). Орта есеппен жылына шамамен 2 мың шақырым жергілікті автожолдарға жөндеу жүргізіледі, бұл республикалық тораппен салыстырғанда үш есеге кем. Осыған орай әкімдер өз өңіріндегі облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың жағдайын жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет деп есептейді вице-министр.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу