Елімізде келер жылы "алтын безгегі" басталуы мүмкін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4650

Қазақстанда әлемдік алып 15 кен орны анықталғалы тұр.

Елімізде келер жылы "алтын безгегі" басталуы мүмкін

Қазақ жерінің қойнауындағы қазба байлығының қызығын көріп жатқан шетелдік инвесторларға ел үкіметі шектен тыс "жомарттық" танытып, өз тендерлерін шетелде өткізуге рұқсат бермек болды.

Бірақ депутаттардың наразылығынан кейін бұл райынан қайтып, ол норманы жаңа заң жобасынан жойды.

Бұл туралы парламент мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында жария етілді. Жиында депутаттар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Дегенмен, депутаттардың бұл кодекске бірқатар көңілтолмастығы да қалып отыр екен. Олар енді екінші оқылымға дейін пысықталмақ. Бірақ олқылықтың жойылуы мәселе көтеруші әр депутаттың табандылығына байланысты болады.

"Мысалы, құжатта "қазақстандық мазмұн" туралы барлық ақпаратты енді "құпия мәліметке" жатқызу ұсынылады. Бұл не масқара? Бүкіл әлемде жергілікті өндірушілерді қолдау барлық үкіметтер үшін ереже болып табылады. Шетелдік және отандық жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті мазмұнды ұлғайту, соның ішінде отандық жабдықтарды, жергілікті тауарларды сатып алу, жергілікті жұмыс күшін тарту туралы міндеттемелерін қаншалықты орындап отырғандарын білуге біздің қоғам құқылы. Бұл мәселе өткір тұр", – деді отырыста депутат Азат Перуашев.

Бұдан басқа, кодекстің үкіметтік нұсқасында "айрықша жағдайларда" жер қойнауын пайдаланушыларға өз тендерлерін шетелде өткізуге рұқсат етілген. Бірақ депутаттар бұған үзілді-кесілді қарсы шықты, өйткені Қазақстанға әкелінген миллиардтаған инвестициялар шетелде – Лондонда, Дубайда, офшорлық аймақтарда өткізілген сатып алуларға жұмсалып, қайтадан шетелге кететін кесір тәжірибесін Қазақстан 90-жылдары бастан кешті, оған биліктің неге оралып отырғаны беймәлім. Нәтижесінде, кодекс жобасын әзірлеуші инвестициялар және даму министрлігі парламентшілердің дегеніне көніп, бұл бапты құжаттан алып тастады.

Осылайша, жер пайдаланушылардың мемлекеттік сатып алулары Қазақстанда өтеді және олар қазақстандық бизнес пен жергілікті өндірушілер үшін қолжетімді болады.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл кодекс жобасын әзірлеуге салалық қауымдастық және бизнес өкілдері қатыстырылыпты. Құжат жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысында кездесетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, салаға тікелей шетелдік инвестициялар тартуға, жаңа кен орындарын және қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

"Бұл кодекс жобасында көмірсутек шикізат қорлары мен қатты пайдалы қазбалар қорлары бойынша CRIRSCO халықаралық жүйелі стандарттар есебін енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану саласының айқындығы мен болжамдығын жоғарлату көзделген. Ең үздік дүниежүзілік тәжірибені пайдалана отырып, барлық пайдалы қазбалар үшін келісімшарттарды оңтайландырылған тәсілмен жасау енгізілді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Геологиялық барлауға инвесторлардың көптеп келуін қамтамасыз ету мақсатында, кодекс жобасының негізгі жаңалығы ретінде жыл сайын жалға алу мөлшерін артыра отырып, "бірінші өтініш" принципіне негізделген, жер қойнауын пайдалану құқығын берудің оңайлатылған тәртібін енгізу таңдалды. "Яғни, ол кен орнына кім бірінші келсе, кен орны сонікі!", – деп түсіндірді министр.

Бұл ретте 1 блокпен тек 2 шаршы шақырым шамасы көлеміндегі учаскеде жер қойнауын пайдалану құқығын беру көзделген. Әлеуетті жер қойнауын пайдаланушыға бірден берілетін ең жоғарғы көлем – 200 блокты құрайды, яғни, ең көп дегенде бір инвестор тек осынша кен орны көлемін жалғыз жайлай алады. Әйткенмен, инвесторға әр блоктың әрқайсысы бойынша ерекше талап қойылады. Мысалы, жеке қаржы бөлу және олардың әрқайсысына жеке-жеке есеп беру. Бұл Қазақстанның ауқымды, сапалы және толық геологиялық зерттелуін қамтамасыз етеді.

"Біз тартқан "Маккензи" кеңесшілерінің байламынша, Қазақстанда жаппай геологиялық барлау іске қосылса, әлемдік деңгейдегі кем дегенде 15 кен орны ашылады, сондай-ақ жаңа "тау-кен провинциялары" табылады деп болжануда", – деді Жеңіс Қасымбек.

Кодекс жобасы тағы бір елең еткізерлік жаңалыққа жолдама беруі ықтимал.

"Оның аясында ұсақ кен орындарында асыл металдар мен тастарды өндіруді регламенттеу мақсатында жер қойнауын пайдаланудың жаңа түрі – старательдік өндіру енгізіледі", – деді инвестициялар және даму министрі.

Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Бізде тек алтынды заңсыз игеретін "қара старательдер" ғана белгілі. Алайда мысалы, "Дискавери" арнасын көретін қазақстандықтар жақсы біледі, дамыған елдерде кез келген адам өз қаржысын салып, "драгамен" өзен-теңізде, ал алтыншайғыш құрылғы-машиналармен құрлықта бағалы металдарды іздеп, өндіре береді, тек мемлекетке тиісті салығын төлесе болғаны. Демек, бұдан былай, осы кодекс қабылданған соң, Қазақстанда да кез келген жергілікті не шетелдік азамат ұлан-байтақ даламызда өз бетімен асыл тастар іздеуіне жол ашылуы мүмкін.

Осы орайда депутаттар заңсыз алтын өндіретін қылмыстық топтармен күрестің қалай жүретінін сұрастырды. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2017 жыл басталғалы бері 800-ден астам "заңсыз старательдер" қолға түскен. Дегенмен, олардың үстінен 12 қылмыстық іс қана қозғалыпты. Жыл сайын "көлеңкелі" нарықта осылайша табылған тоннадан астам алтын шикізаты сатылады екен. Алтыны бар кенді заңсыз игеру Ақмола, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан облыстарында белең алуда. Енді олардың барлығы заңдастырылса және жергілікті жұртшылыққа өз бетінше алтын-асыл металдар іздеуге рұқсат етілсе, нағыз "алтын безгегі" басталуы ғажап емес.

"Расында, бизнестің бұл түрі қазір толығымен "көлеңкеде". Сондықтан біз оның бір бөлігін заңдастыруды ойластырудамыз. Старательдік жаңа институт пайда болады. Бірақ бұл жерде әңгіме тек жаңа учаскелер туралы болып отыр. Бұларға өзендердегі учаскелер жатады. Ал ірі компаниялар әрекет ететін карьерлар мен шахталарда мұндай қызмет түріне рұқсат етілмейді. Себебі, оларда жұмыс жасау үшін күрделі техникалық мүмкіндіктер болуы шарт және қауіпсіздіктің әртүрлі құралдары қажет етіледі. Тіпті инвесторлар тастап кеткен, ескі карьерлердегі жұмыс та қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты техникалық қадағалауды талап етеді. Сондықтан өзендер маңына ғана жол ашып отырмыз. Тиісінше, мұндай старательдік алтын өндірісімен айналысқысы келетіндерге қойылар біліктілік талаптары да шамалы ғана болады. Оларға мысалы, үш метр тереңдікке дейін қазуға рұқсат береміз. Одан арғы тереңдіктер өнеркәсіптік өндіріс аумағы болып табылады", – деп түйді министр Жеңіс Қасымбек.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу