Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына қатысты қазіргі ахуал туралы ақпарат береді.

6891

Карантин Нұр-Сұлтан мен Алматыда індеттің таралуын тежей бастаған. 

Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына қатысты қазіргі ахуал туралы ақпарат береді.

 

Тікелей эфир арқылы брифингке шыққан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әуелі COVID-19 індетін жұқтырған науқастардың жағдайы туралы мәлімет берді. 

"Қазіргі күнде 11 науқастың жағдайы өте қиын деп саналады. Оның бірінің жағдайы тым ауыр дәрежеде. Олар интенсивтік реанимиация бөлімшелерінде ем қабылдап жатыр. 68 науқастың жағдайы орташа ауыр деңгейде. 341 науқастың жағдайы жеңіл деп саналады немесе жалпы симптомсыз науқас деп айтуға болады", – деді ол.  

Ведомство басшысы Елорда мен Алматыда карантиндік шектеулер нәтижесін бере бастағанын айтады. 

"Соңғы күндерде енгізілген карантиндік шектеулер өте жақсы әсер етіп жатыр. Бірақ, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан басқа өңірлерде індеттің өсу қарқыны байқалады. Карантиндік шаралар қайтсе де өз нәтижесін беріп жатыр. Күн сайынғы өсім қарқыны 30 пайыз көлемінде. Бұл ел бойынша ахуал бақылауда екенін көрсетеді. Бірақ  өңірлер арасында айырмашылықтар бар. Қазір біз ауылды жерлерде өршу мен ошақтардың байқалғанына назар аударғым келеді. Сондықтан қазір жергілікті атқарушы органдар үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Облыс әкімдері мен денсаулық сақтау басқарламалары  ауылды жердегі ошақтарды жоюға күш салуда. Осыған байланысты, азаматтарға карантиндік шаралардың тиімділігі бар екенін, оны сақтау эпидемияның тоқтауына жалғыз кепілдік екенін ескерткім келеді", – деді министр.

Министрдің айтуынша, коронавирус індеті көптеген елде 3 айдың ішінде тежеліп жатыр. Бірақ Қытай мен Оңтүстік Кореяның жағдайы індеттің қайталануы мүмкін екенін көрсеткен.

"Түрлі-түрлі болжаулар көп, бірақ қазіргі болжау бойынша әрбір мемлекет 3 айдың ішінде ауырып шығатын түрі бар. Бастапқы 1-1,5 ай ішінде ең жоғары деңгейге келіп, әрі қарай әр мемлекетте карантиндік шаралар енгізілетін болады. Соған байланысты инфекцияның  таралуын төмендетіп, 3 айдың аяғын ең төменгі деңгейге жетеді. Бірақ та өкінішке қарай, қазір біз көріп отырмыз, Қытай Халық Республикасында, Корея Республикасында, басқа да  мемлекеттерде осы  эпидемияны өтіп шығып, кейін жаңа науқастар тіркеліп жатыр. Сонымен қазіргі болжау жаз айында, мүмкін күзде де осы коронавирус эпидемиясы жалғасуы мүмкін. Оны біз білеміз, сеземіз", – деген ведомство басшысы  Қазақстанның мұндай сценарийге де дайын болатынын жеткізді.

"Осыған байланысты Үкімет пен біздің министрлік қазіргі күнде қажетті шараларды қарастырып жатыр. Инфекция күзде қайталанса, біз оған дайын болуымыз керек. Біріншіден, ел дайын болуы керек.  Әр азамат бұл ауру адамнан-адамға жұғатын ауру екенін түсінуі керек. Сондықтан міндетті түрде карантиндік шаралар  ұзақ мерзімге созылса да, оны дұрыс түсініп қолдауымыз керек.Себебі бұл біздің әр азаматтың денсаулығына байланысты. Біздің денсаулығымыз өз қолымызда. Осы болжамдарға байланысты біз қажетті шараларды енгіземіз", – деді ол. 

Коронавируске шалдыққан дәрігерлердің ішінде қызмет бабымен ауру жұқтырғандар да, туыстарынан жұқтырғандар да бар көрінеді. Сондай-ақ, Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған медицина өкілдері қайда емделетінін айтты. 

"28 медицина қызметкері өзінің кәсіби міндетін орындау кезінде індет жұқтырған. Басқа науқастар арасында да медицина өкілдері бар. Олар ауруды жұмыс орнында емес, өздерінің туыстарынан жұқтырған. Яғни, ауру жұқтырған кездегі әрекеттері коронавирус инфекциясымен күреске байланысты болмаған. Сондықтан бұл топ жеке мониторингке алынды. Екі топтағы адамдардың да жұмыс орны індетке қарсы өңделеді. Ауру жұқтырған адам жұмыс істеген ұжым қандай мекеме болса да, карантинге алынады. Ал аурулар емделіп жатқан нысандарда тәуекел өте жоғары. Сондықтан ондағы медициналық қызметкерлерді мұқият қараймыз. Олар да  басқа азаматтармен бірге ауруханаға жатқызылып, коронавирустен емдеуге арналған медициналық мекемелерде ем алады", – деді Ерлан Біртанов. 

"Қостанайда COVID-19-дың тіркелмеуі ешқандай феномен емес". Министр әзірге қауіпті індеттен ада тұрған облысқа қатысты осындай пікір білдірді. Дегенмен, аурумен бетпе-бет келмеді екен деп қостанайлық дәрігерлерді ешкі сыйақыдан қағайын деп отырған жоқ.

"Үстемеақы барлығына беріледі. Оның ішінде облыс аумағына инфекцияның кірмеуі үшін күрсесіп жатқан Қостанай облысындағы дәрігерлерге де төленеді. Карантиндік стационарда жұмыс істеп жатқан мамандар да бар. Өңірге сырттан келгендер карантинге жатқызылып жатыр. Сондықтан, бұл мәселеде геогорафиялық шектеулер жоқ. Қостанай облысында әзірге індет тіркелмесе, ол ешқандай феномен емес. Қазір ондағы дәрігерлер ауруды өңірге кіргізбеу үшін барын салып жатыр. Ондағы медицина мамандарының жанкешті еңбегін атап өткім келеді. Облыста науқас тіркелген жағдай мамандардың тас-түйін дайын екенін жеткізгім келеді", – деді министр. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу