Энергетиктердің бұлданатын дәурені өтіп барады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3399

Егер кеңес кезінде кең тараған "нақылды" сәл өзгертсек, "қуат бәрін шешеді". Қуатсыз кәсіпкердің де, кәсіпорындардың да күні жоқ.

Энергетиктердің бұлданатын дәурені өтіп барады

Жылдар өте келе дүниежүзінде электр тоғы үшін ешкім бір тиын ақы төлемейтін болады: адамдар тек құрал-жабдықтар үшін ғана шығын шығарады. Ал одан өндірілген қуат мүлдем тегін болады. Өйткені жаңғыратын қуат көздерінің басқаларын айтпағанның өзінде, Жер планетасына жыл сайын 3-20 Джоуль қуат құйылады. Салыстыру үшін айталық, әлемдегі барлық мұнай, табиғи газ, көмір, уранды қоса алғанда, барлығының  қоры 2,5-1022 Джоулға ғана тең.

Басқа теңеу келтірелік: егер адамзат Жер бетінің ең болмағанда, 0,1%-ын ғана күн қуатын өндіретін коллекторлармен жапса, әлемдегі барлық тұрғынның бүкіл қажеттілігі қанағаттандырылады. 

Дегенмен адамзат өз дамуында дәл ондай биікке көтеріле қойған жоқ, демек бұл болашақтың шаруасы. Осыны жақсы білетін жылу-жарық алпауыттары бизнестен электр энергиясы үшін мейлінше көп төлем өндіруге дәндеп алған.

Бұл инвесторларды да қорқытады. Сондықтан елбасы ел үкіметі алдына бизнестің әр түрлі соның ішінде монополистердің ақысы үшін шығаратын шығынын азайту міндетін қойды.

Осы талап парламент мәжілісінің сәрсенбі, 6 сәуір күнгі отырысында бірінші оқылымда қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы шеңберінде шешілуі мүмкін.

Рас, төрден сөз алған палата спикері Нұрлан Нығматулин ең алдымен үкіметтегі осы заңды әзірлеушілерге, нақтырақ айтсақ, энергетика министрлігіне сын найзасын шаншып өтті.

Оның айтуынша, бұл заң жобасы елбасының ұлт жоспарының 51-ші қадамында берген тапсырмасын орындауға бағытталған, яғни үкімет оны әзірлей отырып, бірден екі міндетті – "энергия тасымалдаушы ұйымдарды ірілендіру" және "халық үшін электр энергиясының тарифін төмендету" мәселесінің бірегей шешімін табуға міндетті болған. Бірақ бұл міндеттің үдесінен шыға алмапты.

"Мәселенің ашығын әрі турасын айту керек, заң жобасының алғашқы нұсқасында аталған мәселелерді шешудің тиімді тетіктері қарастырылмады. Тек мемлекеттік 27 өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру ғана көзделді. Алайда Мәжіліс алаңында депутаттар құжатты әзірлеушілермен, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өкілдерімен тығыз ынтымақтаса отырып, мұның нарықтық тетіктерін таба алды. Оны қолдану энергия беруші ұйымдарды шын мәнінде ірілендіруге және соның нәтижесінде, тұрғындар үшін энергия бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Егер екінші оқылымға дейінгі алдағы талқылау барысында әзірлеушілермен, қатысушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен осындай сындарлы іс-қимылымыз жалғасса, біз сапалы түрде қайта пысықталған заң жобасына қол жеткіземіз. Онда қарапайым қағида жүзеге асырылуға тиіс: делдалдар аз болған сайын, тариф те төмендейді. Делдалдардың аздығы халыққа да пайдалы. Электр құнын арзандатар қарапайым формула да – осы", – деп түйді спикер Нұрлан Нығматулин.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұл заң иесіз қалған, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығында тұрған немесе мемлекеттік заңды тұлғалардың жедел басқаруына берілген электр желілері проблемаларын шешеді.

Бұлардың барлығы алда энергия беруші ұйымдарға (ЭБҰ) тапсырылатын болады. Министрдің айтуынша, бұл "оларды лайықты жағдайда ұстап тұруды қамтамасыз етеді". Заң нормасында көзделгендей, иесіз қалған объектілердің барлығын алдымен жергілікті атқарушы органдар сот арқылы өз балансына алады да, одан кейін өңірлік желілік компаниялардың (ӨЖК) балансына береді.

Әрине, ешкім күтімін жасамаған, тозығы жете бастаған желілер мен трансформаторларды ӨЖК-лар алғысы келмеуі мүмкін: өйткені оларды иеленісімен, мемлекетке төлеуге тиісті салықтық жүктемесі өсіп шыға келеді. Сондықтан депутаттар үкіметпен келісе отырып, бұларды ынталандыру жолын ұсынды: жаңа заң жобасы бойынша олардың қарамағына көшетін иесіз электр желілері корпоративті табыс салығынан және мүлік салығынан босатылады, сонымен бірге табиғи монополия саласындағы заңнамада қарастырылған тыйымдар алынып тасталады.

Министр Қанат Бозымбаев иесіз жатқан желілер үлкен қауіп әкелетінін еске салды.

"Бірқатар өңірлерде иесіз желілер бар, оларға ешкім қызмет көрсетпейді немесе кім көрінген өз бетінше қызмет көрсетеді. Бұл осы желілерге қосылған тұтынушыларды электрмен жабдықтауға қатер төндіреді. Жергілікті атқарушы органдардың соңғы деректері бойынша мұндай желілердің жалпы ұзындығы 2 110 шақырымға жетеді. Республикада 631 иесіз трансформаторлық қосалқы станса жұмыс жасап тұр. Егер бұларды ЭБҰ-ларға тапсырмасақ, жақын келешекте, олар апаттар көзіне, электрмен жабдықтау сапасын төмендетер себептердің біріне айналуы, сондай-ақ жазатайым оқиғалардың туындауына соқтыруы кәдік" – деп төндіре сөйледі Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, бұл мәселені шешудің оңай жолы – олардың бәрін өңірлік электр компаниялары (ӨЭК) қарауына беру болып табылады. Бірақ қолданыстағы заңнама мұны қарастырмайды екен. Мысалы, егер алып қойса, ол "рейдерлік басқыншылыққа" теңеледі. ӨЭК ол қуат нысанын қалпына келтірген соң, шын қожайыны табылып, тартып алуы мүмкін еді. ӨЭК-тер де осыдан қорқатын.

Олқылықтың орны жаңа заңда толуға тиіс. Әрине, иесіз жатқан желілердің шынымен жасырын иелері болса, олар осы заң қабылданғанша өздерін күнгейге шығарып, қожайын екендіктерін танытулары қажет. Әйтпесе, сот арқылы ол мүліктерінен мүлдем айырылып қалуы ғажап емес. Мұның заңдық негізі қаланып отыр.

"Иесіз электр желілерін білікті мамандары мен лайықты материалдық-техникалық жабдықтары бар энергия беруші ұйымдарға табыстау – тұтынушыларды электрмен қамту сенімділігін арттырады және иесіз желілерді жою мәселесін де шешеді", деді нық сеніммен министр мырза.

Бұған қоса, депутаттар заң жобасын талқылау барысында электр энергиясын беру қызметіне қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін жаза-жауаптылық белгіледі. Ерекше пайдалану шарттары бар электр беру желілерінің күзет аймақтарын анықтады. Тұрғын үй кешендерін салушылардың балансындағы электр желілерін "мамандандырылған энергия беруші ұйымдарға" беру рәсімі мен тәртібін айқындады.

Министр заңның тағы бір жаңалығына жеке тоқтала кетті:

"Біз осы жоба арқылы өңірлік энергетикалық компанияларға өзара бірігуі үшін қозғам-стимулдар түзіп отырмыз. Сәйкесінше, егер энергияны тұтынушыға дейінгі жеткізу жолында қазіргідей бес емес, төрт не үш делдал – ЭБҰ қалса, онда өз тарифін қосатын заңды тұлғалар саны да азаяды. Ал бұл ақырғы тұтынушы үшін тарифтердің де төмендеуіне әкеледі", – деді министр Қанат Бозымбаев.

ЭБҰ-лар қосылғысы келмесе ше? Бас энергетик осы заңмен оларға қатаң біліктілік талаптары қарастырылатынын жария етті.

"Айталық, алдағы 2018 жылдан бастап, барлық энергия беруші ұйымдар диспетчерлік басқаруға қол жеткізулері тиіс болады. Яғни, бұрынғыдай "подстанса тұрғыздым, кабель тарттым және оларды бақылауды ұмыттым" деген болмайды. Даярланған персоналының болуы талап етіледі. Олар ұдайы қауіпсіздік техникасына оқытылып отырылуға тиіс. Сондай-ақ заң жобасы бойынша барлық ЭБҰ-ларда электр қуатын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесінің болуы міндет" – деді энергетика министрі.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 160 энергия беруші ұйым жұмыс жасайды. Мәселен, оның 42-сі – Қарағанды облысында шоғырланыпты. Электр қуатын өндіруші стансадан ақырғы тұтынушыға жеткенше, жолай делдалдардың өте көбінің қолынан өтіп, қымбаттайтын өңірлерге Алматы қаласы да жатады: мұнда - 9 ЭБҰ бар. Ақмола облысында – 10, Ақтөбе облысында – 8, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының әрқайсысында – 13-тен, Маңғыстауда – 17 ЭБҰ жолай "қан сорып" отыр.

"Бұл тек бір облыс ішінде ғана емес, сондай-ақ тіпті көрші көшелерде де әртүрлі тарифтердің орнауына соқтырады" деп мойындайды энергетика министрлігінің мамандары.

Енді қараңыз: энергетика ведомствосының жоспарлауынша, осы заң қабылданғаннан кейін онда қарастырылған шаралар қолданыстағы 160 энергия беруші компанияны ірілендіріп, олардан 2020 жылға қарай бүкіл елімізде тек 30 ЭБҰ-ның қалуына әкеледі. Бұл электр құнының төмендеуіне әкеледі деп сендіреді энергетика министрлігі.

Бәлкім, шынында арзандар. Егер арзандамаса, 2020 жылға қарай Қазақстандағы әр үй мен әр кәсіпорынға Германиядағыдай, жаңғыратын қуат көздеріне көшудің қамын жасау керек. ЭБҰ-лар отырсын, қымбат қуатын қайда сатарын білмей...

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу