Импортты алмастыру – игілікке иек арту

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3587

Бұл олқылықтың орнын толтырмайынша, коммерциялық саясат жөнінде сөз қозғау артық. 

Импортты алмастыру – игілікке иек арту Фото: Мария Матвиенко

"Атамекен" КҰП-тың кеңейтілген отырысында Тимур Құлыбаев жұртшылық назарын аудартқан мәселенің бірі – импортты алмастыру. Палатаның төралқа төрағасы импортты алмастыруда Ресей Федерациясының тәжірибесін қолдану керек деп есептейді.

"Ресей импортты алмастыру бағытында қыруар жұмыс атқаруда. Бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлінуде. Тиісті бақылау да бар. Біз Ресейдің тәжірибесін өзімізде пайдалануымыз керек. Осы орайда елімізде орын алған соңғы девальвацияны мысалға алуға болады. Девальвация банк секторына да, кәсіпкерлікке де үлкен соққы болып тиді. Сатып алынған тауар таусылмайынша, бағаны әкімшілік жолмен бірқалыпта ұстап тұруға болады. Ал одан кейін нарық заңы өктемдігін жүргізеді. Бұл ретте ең бірінші халыққа қажетті тауарлардың бағасы қымбаттайды. Алдымен халық жиі тұтынатын тауарлардың импортын алмастыру керек. Ал бұл позицияның орнын толтырмайынша, коммерциялық саясатты басқара алмаймыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Палатаның төралқа төрағасы жалпылама айтпай, нақты салаларға тоқталды. Мысал ретінде еліміздің автоөндірісін тілге тиек етті.

"Қазақстанда көлік өндірілмейді, құрастырылады. Машина құрастыратын екі ірі кәсіпорын бар. Статистикаға сүйенсек, 2016-2017 жылдары 56 мың автокөлік сатылған. Деңгейіміз осы. Қазақстандық қамтуды арттыру үшін бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу керек. Бізде автоөндіріске қажетті дөңгелек, шыны секілді дүниелерді шығаратын өндірістер бар. Солардың жұмысын жандандыру қажет. Қазақстандық қамту деген осы болмақ. Сонда ғана автоөндірісті қолдауға жұмсап отырған қомақты қаржы тұтас экономикаға табыс әкеледі", – деді ол.

Тимур Құлыбаев өзімізді "Біздің елде машина құрастыру саласы дамып келеді" деп "жұбатудың" қажеті жоқ дейді. Оның айтуынша, шын мәнінде бұл саланың экономиканың өсіміне әсер етіп отырғаны шамалы.

"Елімізге көлік бөлшектері жеткізілген соң, өзімізді алдауға көшеміз. Электр энергиясы мен темір жол шығындарын, коммуналдық төлемдер мен жұмысшылардың жалақысын есептейміз де, мұны қазақстандық қамту дейміз. Пайыздық көрсеткішін де көрсетіп қоямыз. Жоқ, бұл қазақстандық қамту емес. Ол үшін көлік бөлшектерін өзіміз шығаруымыз қажет. Мәселен, Өзбекстанды алайық. Көрші ел көлік бөлшектерінің 95%-ын өздерінде шығарады. Біз де осындай қадамға баруға тиіспіз", – деді Тимур Құлыбаев.

Палатаның төралқа төрағасы ауыл шаруашылық техникаларын шығаруға да басымдық беріп, бұл істі дөңгелетіп әкетуге болатынын мәлімдеді.

"Еліміздің өңірлерін аралау барысында аңғарғаным, әкімдер комбайн құрастырамыз деп мақтанады. Сондағысы әр өңір комбайнның әртүрлі маркасын шығарады. Базалық бір моделін құрастырсақ та жеткілікті емес пе?! Сосын оның қосымша бөлшектерін шығарайық. Қызмет көрсету орталықтарын ашайық. Дұрыс қадам болар еді. Бұл шаруаны үкіметпен бірлесіп қолға алуға болады", – деді Тимур Құлыбаев.

"Атамекен" КҰП-тың төралқа төрағасы тұрғын үй құрылысына да назар аударды. Осы орайда палатаның кеңейтілген отырысына қатысқан ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың ұсынысын жеткізді.

"Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында болдық. Даниал Кенжетайұлы баспана құрылысын қаржыландырудың қажеті жоқ дейді. Оның айтуынша, бұл – екінші деңгейлі банктер айналысатын шаруа. Біздің пікіріміз де осымен үндеседі. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарға көмек көрсету жағын ойласақ, онда оларға арзан ипотека берейік. Біздің елде тұрғын үй құрылысымен кімдер айналысады? "Самұрық-Қазына" мен "Бәйтерек". Бұл олардың міндеті ме еді?! Олар тұрғын үй құрылысымен емес, экономиканы әртараптандыруымен айналысуы керек қой. Ал бұл істі жеке бизнес те атқара алады. Мұны үкіметті басқарған, тәжірибесі мол адам айтып отыр. Біз бұл пікірді қаперде ұстайтын боламыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның айтуынша, мемлекеттің қомақты қаржысын "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек" және әкімдіктер арқылы құрылысқа бағыттағанша, оны ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге немесе ипотеканы субсидиялауға жұмсауға болады. Осылайша ипотеканы xалыққа барынша қолжетімді етуге мүмкіндік бар.

Кеңейтілген отырыста "Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов келер жылға арналған жоба-жоспарлармен, басымдық беріліп отырған бағыттармен таныстырды. 

Басқарма төрағасы бәсекеге қабілеттілікті арттыруда кәсіпорындарға жекелей көмек көрсету керек деп есептейді. Осы орайда ұлттық палата негізгі салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасын әзірледі.

"Қолдау бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, салалық саясатты мақсатты индикаторларды межелеу арқылы қалыптастыру, отандық тауар өндірушілер тізілімі базасында карта әзірлеу, реттелетін сатып алулар жүйесі арқылы салаларға қолдау көрсету және тағы басқа да бағыттарды топтастырмақ. Сонымен қатар салалардың жағдайына талдау жасау керек. Оның нәтижесі "Өндірісті орналастыру картасын" жасауға жол ашады. Оған еліміздегі өңдеу өнеркәсібі саласындағы барлық кәсіпорын сала-салаға жіктеліп қарастырылмақ. Карта өнеркәсіп саясатының тиімді құралына айналады. Ол кластерлік тізбек жасауда өңірлердің шынайы бағытын анықтауға мүмкіндік береді", – деді Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ ол "Арнайы инвестициялық келісімшарт" тәсілін қолдануды ұсынды. Бұл ретте бизнес саласы өндірісті шоғырландыруды арттыру, экспортты көбейту және жаңа технологияларды енгізу міндеттемелерін өз мойнына алмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу