БЖЗҚ проблемалық эмитенттердің берешегін өндіріп алу қиындап бара жатқанын, осының салдарынан сот процесіне жүгіну жиілегенін айтып дабыл қағуда. Ақшаны тіпті сот арқылы қайтарып алу үнемі мүмкін бола бермейді. Қазіргі уақытта қор борышкер – "Имсталькон" акционерлік қоғамына қатысты істі сотта қарастырып жатыр. Компания БЖЗҚ-ға 3,7 млрд теңге қарыз. Компания металл құрастырылымын дайындаумен және монтаждаумен айналысады, сондай-ақ Қазақстандағы алдыңғы қатарлы құрылыс компанияларының бірі болып табылады, бірақ та БЖЗҚ алдындағы қарызын өтеуге қатысты еш әрекет жасамай отыр.
Ал зейнетақы қорының заңгерлері abctv.kz-ке "Имсталькон" АҚ-ның БЖЗҚ алдындағы берешегі жалпы номиналдық құны 3,4 млрд теңге болатын зейнетақы активтерінің облигациялары есебінен туындағанын айтты. Көрсетілген облигациялар бойынша мерзімі өткен берешектің жалпы сомасы шамамен 3,7 млрд теңге, оның ішінде негізгі қарыз бойынша берешек – 3,4 млрд теңге, сыйақы бойынша – 0,3 млрд теңге.
Оңалту рәсімінің нәтижесінен компанияның қор алдындағы міндеттері кейінге қалдырылып, алдағы бесжылда толық көлемде орындалуы тиіс болатын. Сотпен бекітілген оңалту жоспарына сәйкес, компания 2017 жылдың ақпан айынан бастап маусым айына дейін БЖЗҚ-ға 32 млн теңге төледі. Алайда акционерлік компания оңалту арқылы өздерінің мүдделеріне зиян келді деп есептеп, компанияны банкрот деп тануды сұрап отыр. Егер жағдай осылай өрбитін болса, онда несие берушілерден алынған қарыз борышкердің мүлігі есебінен қайтарылады. Ал компанияның мүлігі барлық несие берушінің, сондай-ақ БЖЗҚ-ның қарызын жабуға жетпейді. Сонымен қатар, қор, заң бойынша кепілдік қаматамасыз етілмеген төртінші кезекте несие беруші ретінде зейнетақы активтеріне мүлдем өтеу алмауы мүмкін.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (МАЭС) 2016 жылдың 25 қаңтарында шығарған шешіміне сәйкес, эмитентке оңалту рәсімі қолданылып, борышкер төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігі бар екені анықталған. Бірақ та 2017 жылдың 24 тамызында Алматы қалалық сотының азаматтық іс жөніндегі апелляциялық сот алқасы "Имсталькон" компаниясына қатысты оңалту рәсімін тоқтатуға шешім шығарған. Сонымен бірге Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 11 қыркүйекте бас тарту және компанияны банкрот деп тану ісіне қатысты өндірісті тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырды. Осылайша қазіргі таңда компанияның қор алдындағы қарызын өтеу мәселесі шешімін таппай отыр.
"Кезінде металл құрылымын шығару саласында көшбасшы болған компания не себепті банкрот болып қалды деген сұраққа жауап алу үшін компанияның соңғы бес жылдағы жұмысына тексеріс жүргізе бастадық. Дегенмен компания акционерлері қалыпты өндіріс кестесіне кірген компания несие берушілерден алған қарызды жылдам қайтару үшін оңалту жоспарын артығымен орындай бастағанын желеу етіп, оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа өтініш берген. Оңалту жоспарында көрсетілгендей, зейнетақы активтері бойынша қарыз жылдам жабылатын болады деп жоспарлағанбыз. Сот процесі кезінде олар компания оңалту жоспарын артығымен орындаса да, өздерінің дивиденттерін толық ала алмай отырғанын айтты. Содан сот олардың оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырды, бұл таңғаларлық жағдай", – деді БЖЗҚ басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов.
БЖЗҚ abctv.kz-ке қор "Имсталькон" басшылары мен акционерлерінің капиталды шығарып алуы мүмкін екен деген ақпар алғанын, сол себепті құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жасағанын айтты. Қазір осы өтініш бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.
БЖЗҚ борышкер оңалту кезінде қор алдындағы қарызын қайтаруға нақты шара қарастырмағанын, сондықтан акционерлік қоғамның қалған мүлігі жайында алаңдаушылық бар екенін айтып отыр.
Айта кету керек, проблемалық жағдай 2014 жылы зейнетақы активтері және зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімшарт бойынша міндеттерді жекеменшік зейнетақы жинақтау қорынан БЖЗҚ-ға беру рәсімімен байланысты. Нәтижесінде БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің инвестициялық қоржынында стандарттық, сонымен қатар проблемалық активтер шоғырланған. 2014 жылдың 1 сәуірінде проблемалық активтердің номиналдық көрсеткіш бойынша жалпы сомасы 161,5 млрд теңге немесе зейнетақы активтерінің 4,4%-на жеткен. Эмитенттердің саны 32 компания болған.
2014 жылдан бастап номиналдық құнға қатысты қарыз 161,45 млрд теңгеден 36,45 млрл теңгеге дейін азайған. Проблемалық эмитенттердің саны 32-ден қысқарып, 19 компания болды. Екі компанияның қарызы толығымен жабылған, ал төрт компанияның қарызы (номиналдық құн бойынша10,2 млрд теңге) банкрот болу және компанияны таратуға қатысты рәсімнің аяқталуына байланысты қаржы құралдарын есептен шығару арқылы жабылып кеткен, жеті компанияның қарызы (номиналдық құн бойынша 113,4 млрд теңге) қайта құрылымдалған.
Көптеген дефолт 2006 жылмен 2010 жыл аралығында тіркелген. 2016 жылы екі эмитент номиналдық құн бойынша жалпы көлемі – 4,1 млрд теңге болатын қарызды тіркеген.
"Қарызды қайтаруға көмектеседі деген барлық тәсіл біткен, БЖЗҚ 16 эмитенттің, сондай-ақ компанияны төлем жасай аламайтындай жағдайға жеткізген фактілер бойынша лауазымдық тұлғалардың жұмысын тексеру мақсатында құқық қорғау органына өтініш жасаған. Біздің өтінішімізге қолдау білдірген бас прокуратура, мемлекеттік кіріс комитетінің экономикалық тергеу қызметіне, қаржы министрлігіне ризамыз. Барлық өтініш бойынша процессуалдық шешім қабылданды", – деп атап кетті БЖЗҚ басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов.
Шығарылған шешімдер жеке сот орындаушылар тарапынан қиындыққа тап болуда. БЖЗҚ осындай фактілерге қатысты жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына арыз түсірді. Сонымен қатар қордағылар сот шешімін орындағысы келмейтін эмитенттер бар екенін айтты.
Оңалту процесінде тұрған компания тобы бар, мысалы "Қазақстан қағазы" АҚ, бұл компанияның жалпы номианалдық құны 12,5 млрд теңге болатын қарызына қатысты оңалту рәсімі жүріп жатыр. Бұл шаруа "Имсталькон" компаниясына қарағанда алға басып келеді. "Қазақстан қағазы" акционерлік қоғамы қорға 214,5 млн теңгені қайтарды. Қазір Лондонның жоғарғы сотында "Қазақстан қағазы" АҚ-ның бұрынғы басшылары мен эмитент акционерлеріне қатысты сот процесі жүріп жатыр.
Егер сот процесі жақсы шешілетін болса, онда "Қазақстан қағазы" компаниясы қор алдындағы қарызының үлкен бөлігінен құтылады.
БЖЗҚ бүгінгі күні проблемалық эмитенттердің барлық компаниясынан қарызды толық қайтарып алу мүмкін емес екенін ашық айтып отыр. Оның ішінде Әзербайжан банкіне берілген қарыз бар, сонымен бірге оған елдегі компаниялардың қарызын қосыңыз. Осының барлығы айналып келгенде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтау қорындағы ақшаларына әсер етеді, ал БЖЗҚ бұған қатысты жауапкершілікті өз мойнына ала ма деген сауалдан үндемей құтылды.
"Имсталькон" компаниясынан зейнетақы қоры алдындағы қарызына қатысты ресми түсініктеме алу мүмкін болмады. Қоңырау шалып, электрондық пошта арқылы жазған хатқа да жауап болмады. Сондықтан зейнетақы қорының акционерлік компания басшылары капиталды шығарып алып, шетелге қашып кетуі мүмкін деген күдігі негізсіз емес сияқты. Ал қордағылар оқиғаның солай болуы әбден мүмкін дейді. Бірақ та бұған қандай да бір шара қолдану қолдан келмей отыр.
Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов