Қазақстан Иранның ең үздік сауда серіктестерінің тізіміне енді

3177

Иран Ислам Республикасы бизнес жасауға тиімді 59 елді атады.

Қазақстан Иранның ең үздік сауда серіктестерінің тізіміне енді

Иран Ислам Республикасының (ИРИ) экономика және қаржы министрлігі өздеріне экспорттық бағдар тұрғысынан "тиімді" сауда серіктесі бола алатын 59 елді белгіледі деп хабарлайды Financial Tribune.

Министрлік Decision Support System Concepts, Methodologies and Technologies жүйесін қолдану арқылы 195 ел туралы қолда бар ақпаратты үш кезеңде сараптамадан өткізді.   

Бірінші кезеңде Бельгияның экспортты несие агенттігі – ONDD ұсынған мәліметтер негізінде бұл елдерде бизнес жүргізудің саяси және коммерциялық қаупі сарапталды. Содан кейін осы мемлекеттер нарығының коммерциялық, экспорттық әлеуеті мен көлеміне бағалау жасалды.  Сараптаманың соңғы үшінші сатысында осылармен бизнес жүргізуде кездесетін кедергілерге салыстырмалы түрде баға берілді. Нәтижесінде 195 елдің ішінен 59 ел Иран үшін сауда серіктесі болуға тиімді деп таңдап алынды.

Осы зерттеуге сүйенер болсақ, еуропалық елдер тізімінде Германия көш бастап тұр. Германия былтыр Иранға 2,53 млрд доллардың тауарын импорттаған. Тағы бір айта кетерлігі, ИРИ сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф 27 маусым күні Германияның экономика министрі Бригитте Циприспен кездесу барысында Иран Германияның тауарын бірлесіп өндіруге, экспорттауға көмектесетінін айтқан еді.

"Иран тауарларды бірлесіп өндіру мен оларды әсіресе Орталық Азия елдеріне экспорттауда  сенімді серіктес болады", – деді  Зариф, деп хабарлайды  Fars News.

Бразилия, АҚШ, Канада, Уругвай және Мексика Иранның америкалық ірі сауда серіктесі болуы мүмкін. Зерттеу мәліметтері бойынша, ИРИ үшін Солтүстік Африка және Таяу Шығыстың қолайлы сауда серіктесі Ирак болуға тиіс. Ол елге 6,1 млрд доллардың тауары экспортталған.

Иран үшін тиімді сауда серіктес болатын африкалық елдер тізімінде бірінші болып ОАР тұр. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттер қауымдастығы мүшелері  ішінен Иран үшін әлеуетті серіктес деп Индонезия танылды. Иранмен ең басты экономикалық одақ құратын елдер ішінде Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Түркия, Түркіменстан, Пәкістан, Гонконг, Жапония, Грузия, Бангладеш және Польша бар.  

Ал ТМД елдері ішінде ИРИ-мен бизнес жүргізу үшін тиімді елдер қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстан тұр.

Еуразиялық экономикалық одақпен құрылған еркін сауда аймағында Иран ауыл шаруашылық өнімдерінің көп тараған түріне тарифтік жеңілдік ұсынуға дайын. Бірақ оған бидай, сондай-ақ мұнай өнімдері, минералды су, темекі өнімі кірмейді деп хабарлайды Financial Tribune.

Иран, Ресей және Әзербайжан халықаралық Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізіне қатысты транзиттік тарифті  50%-ға төмендетуге келісті. Әзербайжан Иранмен тығыз сауда байланыс орнатқан. Қазір олар  Солтүстік- Оңтүстік көлік дәлізіне жататын 175 шақырымдық Решат-Астара темір жолы құрылысына 500 млн несие беруге дайын.

Қазақстанның Иранмен бірлесіп іске асырып жатқан жобалары көп. Соның бірі Қазақстанның оңтүстігінде жаңартылатын энергия көздері энергетикалық жабдығын салу.

Қарағанды облысы аумағында Ирандық серіктестердің қатысуымен жеті кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Copper KZ-CA ЖШС аумағында ирандық "Каванд Нахан Замин" компаниясымен бірлесіп "Бөрлі" кен орнында мыс кенін барлау мен өндіру" жобасын іске асыру жалғасуда. Ал Иранның Гүлістан провинциясында қазақстандық кен мен коксты қолданатын металлургиялық зауыт салу жоспарланып отыр.

2017 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанда  шамамен 1000 га жерде Иранға арналған ауыл шаруашылық өнімі өсіру басталады.  Келешекте ол жер 10000га - ға дейін өседі.

2017 жылдың 5 қазанымен 8 қазан аралығында Алматыда Иран Ислам Республикасының эксклюзивті көрмесі өтеді. Онда конструкциялық материалдар, мұнай, газ және мұнай-химия, тау-кен өндіру техникасы, азық-түлік ұсынылады.

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу