Қазақтардың салмағын "қырқып" тастады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4110

Жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары бокстан ауыр салмақ дәрежелерін алып тастап, жүлде жиынтығын қысқартыпты.

Қазақтардың салмағын "қырқып" тастады Фото: kfb.kz

Кешелі бері отандық басылымдар байбалам салып, даурығып жатыр. Шуламағанда қайтсін, ұйымдастырушылар жазғы Азия ойындары бағдарламасындағы боксшылардың салмақ дәрежелерін қысқартып тастаған. Қысқартуға Қазақ елі боксшылары атой салып жүрген салмақ дәрежелері іліккен. Атап айтқанда, ерлер арасындағы 81 келі, 91 келі және +91 келі, ал әйелдер арасындағы +75 келі салмақтар Азиада бағдарламасына енбей қалған.

Сөйтіп, Индонезияның астанасы Джакартада өтетін Азия ойындарында боксшылар тек 10 салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болған. Нақтырақ айтқанда, ерлер арасында жеті салмақта (49 келі, 52 келі, 56 келі, 60 келі, 64 келі, 69 келі, 75 келі), ал әйелдер арасында үш салмақта (51 келі, 57 келі, 60 келі), барлығы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болған.

Бұл дегеніңіз – Азия ойындарында Қазақ елі боксшылары төрт жүлдеден айырылып отыр деген сөз. Себебі, қысқартуға іліккен салмақ дәрежелерінде Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Дариға Шәкімова, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит және әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев сынды саңлақтарымыз бар еді.

81 келі салмақ дәрежесіндегі Әділбек Ниязымбетов – өте тәжірибелі боксшы. Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. Әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері. Азия чемпионы (2015 жыл), Азия ойындарының жеңімпазы (2014 жыл).

91 келі салмақ дәрежесінде Левитке Азияда тең келер ешкім жоқ екенін білеміз. 2016 жылғы Олимпиада ойындарында алтыннан ардақты күміс алған. Былтырғы әлем чемпионатында қола жүлде бұйырды. Азияның үш дүркін чемпионы.

Ең ауыр салмақтағы, шойын жұдырықты Қамшыбек Қоңқабаев та атақ-дәрежеден қара жаяу емес. Азия және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Әділбек пен Василий сияқты көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері.

Әйелдер арасындағы ең ауыр салмақта бақ сынайтын Дариға Шакімова – 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Азияның екі дүркін чемпионы. Азия ойындарының қола жүлдегері.

Енді өздеріңіз де пайымдай беріңіздер, биыл 18 тамыздан 2 қыркүйекке дейін Джакартада өтетін жазғы Азия ойындарында неше жүлдеден, қанша алтыннан қағылып отырмыз?! Азия боксшылары негізінен жеңіл салмақтарға бейім. Ал ауыр салмақтарда боксшылар аз. Сондықтан жеңіл және орта салмақтарға тиіспей, ауыр салмақтарды "қырқып" тастаған.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу