Кооперативтердің келешегі қандай?

Қажет Андас Қажет Андас
2105

Алматы облысында жылына 29 мың тонна ет өндіреді делінген құс фабрикасының жұмысы 3 жылдан бері тоқтап тұр.  

Кооперативтердің келешегі қандай?

Елбасының биылғы жолдауында шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооператив желісін дамыту туралы баса айтылған. Ол үшін инвестициялық шығынды субсидиялауда сүт қабылдау, мал сою, құс шаруашылығы пунктін ашу және жеміс-көкөністі қабылдап-сақтауды жетілдіру, шағын құрама жем зауытын, сервистік-даярлау орталығын құру, техника сатып алу, тағы да басқа жобаларды іске асыру тапсырылды.

Алматы облысы бұл іске бірден кірісті. Бүгінде Жетісу өңірінде барлығы 400-ден астам құрылтайшының бірігуімен 69 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Бұған қоса 6 сүт және 4 көкөніс қабылдау пункті ұйымдастырылып, отбасылық 429 бордақылау алаңы мен 6 жылыжай ашылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 60 мың агросубъектілердің бірігуімен 600-ден астам ауыл шаруашылық кооперативін құру жоспарланған.

"Кредиттік-лизингтік міндеттемелердің сыйақы мөлшері субсидияланады. Биыл инвестиция тартуға және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін барынша кең қамтуды ұлғайту мақсатында 24,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде субсидия көлемі – 19,2 млрд теңге", – деді Алматы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сексембай Бекішев.       

Кооперативтердің жұмыс өнімділігін арттыру үшін өңірде суармалы егіс көлемін айналымға енгізу мәселесі де өзекті болып отыр.

"Алматы облысында айналымнан шығып қалған суармалы жерлердің жалпы көлемі 127 мың гектарды құрайды. Бұл проблеманы шешу үшін Ислам даму банкі есебінен облыстағы 16 ауданның суландыру жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу екі кезеңмен жүргізіліп жатыр. Бірінші кезең бойынша Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу, Ұйғыр, Панфилов аудандарында 47,8 мың гектар суармалы жер, ал екінші кезең бойынша 10 ауданда 78,8 мың гектар суармалы жер қайта айналымға енгізіледі", – деді басқарма басшысы.

Ол ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу өнеркәсібі мен оған қажетті инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.

"Аталмыш бағытта  2021 жылға дейін құны 76 млрд теңгені құрайтын 116 өңдеу нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде трансұлттық компаниялардың инвестициясымен 6 кәсіпорын іске қосылады. Өңдеу өнеркәсібін жетілдіру үшін шикізатпен қамтамасыз ету керек. Өнімділікті арттыру, егіс алқабы мен мал басын ұлғайту есебінен ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 2021 жылға қарай  713 млрд  теңгеге  дейін артады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативін дамыту аясында ет, сүт, жеміс-көкөніс қабылдау желісі кеңейтіледі", – деді Сексембай Бекішев.

Бұл шаралар ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, ішкі тұтынуды қамтамасыз етуге, сонымен қатар импортты азайтып, экспортқа бет бұруға мүмкіндік береді. Десе де Алматы облысының Ұйғыр ауданына орналасқан 1126 гектар аумақты алып жатқан құс фабрикасы жұмысының тоқтағанына 3 жыл болды. Жылына 29 мың тонна құс етін өндіріп, ел экономикасына сүбелі үлес қосады деген өндіріс Кедендік одақ құрамындағы Ресей мен Беларустың арзан тауарымен бәсекелесе алмай  жабылып тынды. Айта кетерлігі, бұл кәсіпорынға үкімет барынша қолдау танытып, жылына 1 млрд теңге субсидия беріп тұрды. Ұйғыр ауданының әкімі Әлімжан Тохтасунов аталмыш кәсіпорынды инвесторлар демеуімен биылғы жылы іске қосатынын айтқанымен, нақты нәтиже көрген жоқпыз. Осы кәсіпорынның тағдырына қатысты қойған сұрағымызға басқарма басшысы толық жауап бере алмады. Тіпті өндірілген өнімді экспортқа шығару туралы жақ ашпады.

Ал біздің көкейімізде  кооператив құру осындай келеңсіздіктерді қайталап, қыруар қаржыны желге ұшырып кетпей ме деген күдік пен күмән қалып қойды.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу