Құны қымбат құмшекер

6805

Жамбыл облысында бір емес екі қант зауыты бола тұра, қант қат әрі қымбат. Неге? 

Құны қымбат құмшекер

Жамбыл облысында құмшекердің құны қымбат. Қымбаттығы былай тұрсын, қоймада қант жоқ.Көтерме сауда орталығында қанттың 1 келісі 230 теңгеден сатылып жатыр. Ал дүкен сөрелерінде 1 келі қанттың құны 280 теңгені көрсетіп, қасқайып тұр.

Саудагерлердің сөзінше, тәттінің тапшылығына және бағаның шарықтап кетуіне елімізге сырттан қант қамысының келмей жатқаны мен доллар бағасының құбылуы түрткі болып тұр екен-мыс.

"Жамбыл облысында 1 келі қанттың құны 252 теңге болуы тиіс. Біздегі сауда орталықтарында құмшекер 269 теңгеден сатылып жатыр. Халықты дүрліктірмес үшін бағаны тұрақтандыру штабы құрылды. Қазір осы штаб қанттың құнын қолжетімді етудің амалын қарастырып жатыр", – дейді Кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы сауда бөлімінің инспекторы Абылай Манау.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысы өткен жылы 5662 га жерге қант қызылшасын еккен. Жиын-терім науқаны аяқталған кезде тәтті түбір егілген 155 га жердің өнімі жарамсыз болып қалған. Қалған 5507 га жерден 138,8 мың тонна өнім өндірілген.

"Облыс бойынша Шу ауданынан – 19 мың тонна, Байзақ ауданынан – 30 мың тонна, Меркі ауданынан – 33 мың тонна, Қордай ауданынан – 27 мың тонна, Жуалы ауданынан – 325 мың тонна, Сарысу ауданынан – 2,4 мың тонна, Жамбыл ауданынан – 25 596 тонна қант қызылшасы өндірілді. Осының барлығы қант зауытына 1 келісі 17 теңгеден өткізілді. Кәсіп иелеріне мемлекеттен субсидия төленді", – дейді Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Шәкір Момынқұлов. 

1937 жылы құрылған зауыт күніне 840 мың тонна, жылына 150-240 мың тонна қант өндіреді екен. Дайын өнім күніне 67 тонналық 30 вагонга тиеліп, нарыққа жөнелтілетін көрінеді.

Облыстағы Тараз қант зауытының бас технологы Светлана Есинская "шикізат тапшы, қант қат" деген бос сөз екенін айтып отыр.

"Қант зауыты былтырдан бері 2 ауысым бойынша үздіксіз жұмыс істеп келеді. Біз өндірген қант Жамбыл облысын ғана емес, тұтас Қазақстанды қамтамасыз етуге жетеді. Елдің не үшін дүрлігіп жүргенін, қанттың бағасы неге қымбаттап жатқанын түсінбеймін", – дейді Тараз қант зауытының бас технологы Светлана Есинская.

Айта кетейік, зауытта екі ауысым бойынша 700 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 60 мың теңге.

"Біз қантты еліміздің барлық облысына жөнелтіп жатырмыз. Шет елге де экспорттап үлгеріп отырған жайымыз бар. Бірақ Еуразиялық экономикалық одақтағы кейбір мәселелерге байланысты экспорт көлемі аздау болып тұр", – дейді Тараз қант зауытының директоры Александр Шлегель.

Естеріңізде болса, осыдан 5 ай бұрын Қазақстанның бірқатар облысында қанттың бағасы 20-25%-ға, кей өңірде 30%-ға дейін көтерілді. Сол кезде ең жоғары баға Атырау қаласында тіркелді. Мұнда 1 келі қанттың құны 400 теңгеге жетті.

Қымбатшылықты құрықтау үшін Ұлттық экономика министрлігі бағаны бұғалықтайтын арнайы штаб құрды. Штабтың қандай шаруа тындырғанын айта алмаймыз, ал нақты нәтиже мен көрсеткіш бүгінгідей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу