Күзде бірыңғай аграрлық салық енгізілуі мүмкін

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3099

Биыл тұқым шаруашылығын субсидиялау жаңа тетікпен жүргізіледі.

Күзде бірыңғай аграрлық салық енгізілуі мүмкін

Премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, министрлік салық салу жүйесін жеңілдетуді қарастыруда. Осы орайда, биыл күзде бірыңғай аграрлық салық енгізілуі мүмкін.  

"Салықтардың түрі өте көп. Бірақ, ауыл шаруашылығынан бюджетке түсетін салық аз. Егер пайдаланылып жатқан жердің аумағына байланған бір ғана түсінікті салықты енгізсек, онда салық та көбірек түседі әрі оны әкімшілеу де жеңілдеу болады. Бұл – біздің, министрліктің ұстанымы. Сонымен қатар өзге де министрліктердің, қаржыгерлердің ұсыныстары бар. Мұның бәрі мәжілісте талқыланып жатқан заңнамаға өзгерістер енгізу туралы жобада ескерілді. Біз 400-ден астам түзету енгіздік. Құжатты лайықты қисынға келтірдік. Сондықтан күзде оны парламентте қабылдаймыз деп ойлаймын", – деді үкімет сағатына қатысқан Өмірзақ Шөкеев.

Еске сала кетейік, мәжілістегі бүгінгі үкімет сағаты 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбына арналды. Министр салада орын алатын жаңашылдықтар туралы баяндады.

"Елбасы айтқандай, еңбек өнімділігін және өнім экспортын 2,5 есе арттыру керек. Бұл міндетті шешуге мүлдем жаңа көзқарас қажет. Өйткені экспортты арттыру үшін ең алдымен өнім өндіру керек, содан кейін оны өткізетін жер табу керек. Қазірдің өзінде негізгі 30 азық-түлік түрінің 25-і бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ете аламыз. Енді артылғанын сату қажет. Еліміздің ет өнімдері, оның ішінде сиыр еті мен қой еті бойынша экспорттық әлеуеті жоғары. Осы өнім түрлеріне қолдау көрсетсек, экспорттан түсетін пайда 2,4 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Бұл ретте, Азия мен Таяу Шығыс елдерінде сиыр еті мен қозы етіне сұраныс жоғары көрінеді. Қазақстан бұл өнімдерді жеткізе алады.

Министрдің айтуынша, құс еті, ірімшік, балық және шұжық өнімдері бойынша әлі де болса импортқа тәуелдіміз.

"Сүт өнімдері, құс еті, жеміс-жидек пен көкөніс бойынша импорттан арылу керек. Мұндай жағдайда қосымша өнім өндіру әлеуетіміз 1 млрд доллардан асуы мүмкін. Бұл ретте, құс етін өндіру 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін ұлғаяды, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн тоннаға дейін артады. Бұл өнімдердің өндірісі мен экспортын арттыру үшін оларды дамыту жолдарын қайта қарап, жеткілікті деңгейде қаржы бөлген жөн. Бұл сала өзін-өзі бірден ақтамайды, сондықтан шаралар мен қаржыны мемлекеттік бағдарламаға қарағанда ұзақ мерзімге жоспарлау керек", – деді министр.

Бағдарламада суармалы егіншілікті дамыту бағытына айырықша көңіл бөлінген. Оның айтуынша, қазіргі кезде суармалы жерлер жалпы егіс (21,9 млн гектар) алаңының 7%-ын ғана алып жатыр. Соған қарамастан, суармалы жерлерден өнім құнының 40%-дан астамы алынады. Бұл олардың тиімді екенін көрсетеді. Биылдың өзінде 65 мың гектар суармалы егістік қосылмақ. Ал мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, суармалы жердің жалпы алаңын 2021 жылға қарай 2 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.

"Салалық бағдарлама аясында тағы 1,5 млн гектар суармалы жерді айналымға қосып, олардың алаңын 2027 жылы 3,5 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Осылайша, суармалы жерлердің үлесі 16%-ды, ал өнім көлемі 2,4 трлн теңгені құрамақ. Суармалы жерлерден тек көкөніс пен жеміс-жидек қана емес, сонымен қатар мал азығы да алынады", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Министрдің сөзіне сенсек, өсімдік шаруашылығында да өзгерістер  орын алмақ. Бұл саладағы негізді проблемалар анықталған.

"Сапалы тұқымның жетіспеушігі, жаңа әрі тиімді техниканың тапшылығы, тығайтқыштардың қымбатшылығы өзекті проблема екенін білеміз. Бүгінде көптеген шаруалар қаражат жоқтығынан тұқым сатып алмайды және сапасы төмен өз тұқымын пайдаланады. Осыған байланысты, биыл тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізіледі. Ол фермерлердің белгіленген нормалар бойынша тұқым сатып алуға жұмсаған шығыстарының 100 пайызын өтеуді көздейді. Бұл ретте, мемлекет фермерлерге сатылған элиталық және бірінші репродукциялы тұқымның құнын тұқым өсіру шаруашылықтарына толық төлеп береді. Сондықтан субсидия алу үшін бірнеше құжат жинаудың қажеті болмайды. Ал диқан өнімін жинап болған соң, алынған субсидиялардың 30%-ын Тұқым шаруашылығын дамыту қорына қайтарады. Қор қайтарылған қаражатты жинақтап, оны тұқым өндірушілер үшін негізгі құралдарды сатып алуға және жаңартуға жұмсайтын болады", – деді премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі.

Өмірзақ Шөкеев өз баяндамасында бидай мен ұнның өндірісі қазір толығымен экспортқа байланысты болып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстанның қалыптасқан дәстүрлі нарықтарында бәсеке күшейіп барады. Сондықтан, дәстүрлі нарықтар үшін күресті жалғастыру керек.

"Сонымен қатар жаңа нарықтарды да кеңейту қажет. Былтыр Қытайға квотамен 150 мың тонна бидай жөнелтілсе, биыл квотадан тыс 200 мың тонна экспортталмақ. Министрліктің мақсаты – алдағы жылдары бұл көлемді 1 млн тоннаға жеткізу. Иранға соңғы жылдары бидай мүлдем экспортталмаған. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Меніңше, жақын арада Иранға да бидай жеткізетін боламыз", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу