Министрдің реформасына реформа керек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2615

Азаматтарға жаппай төлқұжат тарату науқаны басталғалы тұр.

Министрдің реформасына реформа керек

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов барлық қазақстандықтың өз электронды денсаулық паспорты болатынын хабарлады. Бұл науқан 2018 жылдың 1 қаңтарында басталады.

Министрдің айтуынша, электронды төлқұжатта азаматтардың туылғаннан бастап барлық медициналық жазбасы сақталады.

Елжан Біртанов елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жаңа жолдауында айтылған денсаулық сақтау саласын ақпаратпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, мекеме жаңа ақпараттық технологияға көшу жөніндегі бірқатар инвестициялық жобаны іске асыруға кіріскенін жария етті.

"Нақтырақ айтсақ, бірыңғай интеграциялық платформа құру жұмысы жүріп жатыр. Онда әр азаматтың жеке электронды денсаулық паспорты және "жеке кабинеті" болады. Келер жылдан бастап, бала туылғаннан оның денсаулығы мен сырқатына қатысты барлық жазба оның электронды төлқұжатында сақталады. Сонымен қатар бұл порталда әрбір медицина қызметкерінің "жеке кабинеті" болады. Платформа барлық мемлекеттік және жекеменшік емханаға өзінің ұжымдық-корпоративті ақпараттық жүйесін өзара ықпалдастыруға, сөйтіп "бір терезе" қағидасымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді", – дейді министр.

Дегенмен, бұл – "медициналық фантазия" жанрындағы хикаяға көбірек ұқсайды. Олай дейтініміз, жеке түгіл, мемлекеттік һәм квазимемлекеттік емханалар мен клиникалар өзара қатаң бәсекеге түсіп жатыр. Демек, жекені айтпай-ақ қояйық, министрлікке бұлардың өзін сырқатқа "бір терезеден" қарауға иліктіру оңайға соқпас.

Денсаулық сақтау министрі әрі қарай журналистерге сенсациялық деуге тұрарлық мәлімдеме жасады: "Осы электронды платформаның арқасында емделуші өзінің хал-жағдайы туралы мәліметті жинауға белсенді араласып, медицина ұйымына бармай-ақ, өз денсаулығының диагностикасын жүргізе алады", – дейді ол. Сонда "Дәрігерге қаралмай, өз дертіңізге өз бетіңізше диагноз қоймаңыз!" дейтін ақ халаттының қағидасы қайда қалады?!

Бәлкім, министрлік осылайша, онсыз да халық арасында кең тараған тәжірибені заңдастыра салуы да мүмкін. Өйткені қазір сырқаттанған азамат емханаға жүгірмей, дәріханадағы сатушы-провизордың кеңесімен дәрі алып, емделе беретіні жасырын емес. Себебі де түсінікті: ақылы клиникаға баруды бұқараның қалтасы көтермейді, ал қалалық тегін емханаға барса, олар терапевттің алдынан өтпей, өзге дәрігерге талон бермейді. Осы арқылы олар емхананың көрсеткішін жасанды түрде көркейтеді: неғұрлым көп сырқат терапевттен әрі аспай, емделіп шықса, емхананың бағасы да, бюджеті де артады екен.

Рас, Елжан Біртановтың нақтылауынша, осы платформа арқылы медицина қызметкері өзі емдейтін сырқат туралы ақпараттың барлығын электронды түрде ала алады және консультацияны да қашықтан жүргізуге мүмкіндігі болады.

Мекеме басшысы кезең-кезеңімен пациенттің медицина қызметкерінің қабылдауына өз бетінше онлайн-тіркелуі, ғаламтор арқылы шынайы уақыт режимінде кеңес алуы және пациентті ІТ-технологияны пайдалану арқылы бақылау жүйесі енгізілетінін жеткізді. Емханаға жазылудың интернет және мобильді қосымшасы әзірленеді деп жоспарланған.

Министрліктің болжауынша, мұның барлығы денсаулық сақтауға кететін шығынды азайтады. Бұған қоса министр мұның пациент пен медицина қызметкері арасындағы қарым-қатынасты өзгертуге жол ашатынына сенімді.

Рас, ауру адамның аузына, көзіне үңіліп, тәнінің әр жерін басып көрмей, телефон, интернет, не Skype арқылы дәрігердің қаншалықты дұрыс диагноз қоя алатынын түсіну қиын. Ақыр соңында, оған науқастың айтқанына сүйеніп, дәрі-дәрмек жаза салуына тура келуі ықтимал. Ал мұның сырқаттың өзіне-өзі диагноз қойып, не дәріханашымен кеңесіп, дәрі алуынан көп айырмашылығы көрінбейді.

Қалай болғанда, бізді алда бұл салада "үлкен қызықтар" күтіп тұрғанға ұқсайды. Демек, реформадан шаршаған, тіпті зәрезап болған сырқат пен медицина қызметкеріне бойда қалған барлық күшті қайта жиып, тың жаңалық пен түбегейлі жаңаруға дайындалуға тура келетінге ұқсайды.

Сарапшылар "электронды денсаулық паспорты" деген идея бірде төрге шығып, бірде сыртқа қуылып, министрлікті бұрыннан айналсоқтап жүргенін еске салады.

Сонымен бірге мамандар мұның негізі дамыған елдерден келген жақсы бастама екенін де мойындайды. Әйтпесе, халық емханада "ауру тарихы" жазылған медициналық кітапшасын құшақтап, дәрігерден дәрігерге тасып жүреді. Әсіресе, аурушаң адамға қиын: кітапша парақтары тез таусылып, жаңасын ашуға, ал ескісін том-том қылып, қоса алып жүруге мәжбүр. Бұл, әрине, дамыған елге айналып қана қоймай, оның озық отыздығына кіруге құлшынған мемлекетке жараспайтын нәрсе.

Оның үстіне емхананың тіркеу орнында отырғандар азаматтардың құжатын жоғалтуы сирек кездеспейді. Бізде әдеттегі іске айналғанымен, дамыған елдерде бұл қылмысқа бара-бар дүние. Себебі әр адамның қандай дертпен ауыратыны, нендей індет алдында әлжуаздығы, денсаулығы қандай екені – азаматтың "дербес дерегі" және ондай деректер дамыған елде заңмен қорғалуға тиіс. Дамыған мемлекетте мұндай деректерді бөгде біреуге берген дәрігер өмір бойына лицензиясынан айырылып, қудаланады.

Ал Қазақстанда емханадағы осы деректердің сақталуына жауапты тіркеу маманы "таба алмадық" деп, жаңасын аша салады.

"Медкартаңызды, дұрысы, үйіңізге алып кетіңіз! Бізде жоғалтып тастайды", – деп кеңес берді жақында терапевт.

Оның үстіне қолданыстағы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңда "медицина" деген сөз атымен жоқ.

Ендеше үлгілі елдердің өнегесі саналатын бұл идея неге Қазақстанда өрге баспай тұр? Оның да толып жатқан себебі бар. Осыдан 10 жылдай бұрын Астанада ілкі жоба деңгейінде емханада банк картасындай пластик түрінде "медициналық карта" енгізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы қала тұрғындарының денсаулығына қатысты барлық ақпарат пен дәрігер жазбасы соған енгізілетінін мәлімдеді.

Бірақ бұл жоба ілгерілемеді. Біріншіден, егде жастағы азамат, аға буын – ішінде не барын оқи алмайтын "пластикке" басыбайлы қарсы шығып, шимай-шатпағы оқуға күрделі болса да, бәрі көз алдында тұратын қағаз медкартадан бас тартқысы келмеді.

Екіншіден, және ең бастысы – астаналық емханалардың өзін сол электронды медкартаны енгізу үшін қажетті компьютермен және басқа техникамен жабдықтау қиынға айналды. Ал компьютер қойылған емхананың өзінде жаға ұстатарлық көріністер болды: компьютері жиі-жиі қатып қала беретін дәрігер әрі-бері шапқылап шаршаған программисті күтіп, қабылдауын жалғастыра алмады, соның салдарынан дәліз сырқатқа толып, дертінен ауырсына ыңырсып, ауа жетпей деміге қиналды.

Мұның сыртында компьютердің пернетақтасында ойнауға емес, ауруды емдеуге машықтанған кей білікті дәрігер компьютердің әр әрпін бір басып, хаттаманы толтыруға көп уақыт шығындап, азаптанды. Ақыр соңында өз сайлаушыларының дабылына ден қойған бірқатар парламент депутатының ықпалымен бұл жоба уақытша тоқтатылды.

Дегенмен, 2012 жылы сол кездегі вице-премьер Ербол Орынбаевтың қолдауымен, Қазақстан "қағазсыз" емхана мен аурухана идеясына қайта оралды. Нәтижесінде, денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жобасы басталды.

"Бізде Ақмола облысы мен Астана қаласында "қағазсыз" аурухана мен емханаға көшіп жатыр. Дүниежүзілік банк аурухананы ақпараттандыру жөніндегі үлкен жобаны жүргізуді қолға лды. Негізгі шырқау шегі бізде 2013-2014 жылдарға келеді, ал 2015 жылға қарай осы процесті аяқтауымыз керек", – деген болатын денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысына қатысқан вице-премьер Ербол Орынбаев.

Ол сонда ақпараттандыру кезең-кезеңімен жүретінін, алдымен әрбір өңірдегі облыстық ауруханаларды қамтитынын айтты. Сондай-ақ 750 мыңнан астам электронды паспорт жасалғанын жария еткен еді.

Алайда 2015 жылға қарай басқа үрдіс – үкіметтің құрамын қайта құрылымдау жүрді де (Денсаулық сақтау министрлігін Тамара Дүйсенованың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "жұтып" қойды), электронды төлқұжатқа қатысты бастама аяқсыз қалды.

Сол тұста, 2014 жылдың ақпанында мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева электронды-ақпараттық жүйенің үздік моделін іздеуге жеті жылдай уақыт жоғалтқан "электронды денсаулық сақтау орталығының" жұмысын қатаң сынға алғаны да есте. Депутаттың айтуынша, бұл ізденіс мемлекетке 6 миллиардтан астам теңгеге түскен.

Қазір Дариға Назарбаева сенат депутаты екені мәлім. Бүгінде бұл жүйе туралы пікірі өзгерді ме?

"Электронды денсаулық сақтау" бағдарламасына мемлекет 2006-2015 жылдар аралығында 12 млрд теңге бөлген. Бүгінде электронды денсаулық сақтау жүйесі "құрақ-құрақ болып кесілгенімен, көрпе болып тігілмеген" жекелеген бөлік болып келеді: ол өзара байланысты емес және кемелдіктен ауылы алыс жатқан жүйеден тұрады. Бұл "жаңалық" дәрігердің жұмысын жеңілдетпей, керісінше, айтарлықтай күрделендіріп жіберді. Одан енді электронды және қағаздағы есеп қатар талап етіледі, бұл оның сырқатқа арнауы тиіс алтыннан да қымбат уақытының көп бөлігін алып қояды. Министрлік қағаздағы есептілікті жойған жоқ. Себебі өзінің ақпараттық жүйесіне өзі де сенбейді! Алайда оны ұстап тұруға қомақты қаржы бөлу әлі де жалғасып жатыр", – дейді Дариға Назарбаева.

Сенатор еліміздегі медициналық ұйымдарды интернетпен және компьютермен қамту тым нашар екенін айтады. Бұл жағдайда аурухана мен емханаға министрліктің артып бара жатқан талаптарына жауап беру үшін "нағыз қаһармандық күш-жігер танытуға тура келеді". Дариға Назарбаева медицина саласындағы есептілік жүйесін оңтайландыруды және жеңілдетуді ұсынды.

Негізі жаңа министр халық пен депутаттың сөзіне құлақ асып отырса, жақсы. Әйтпесе, одан кейінгі министрге оның реформасының салдарларын жою үшін тағы да реформа жүргізуге тура келуі ғажап емес.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу