Дәурен Абаев күшейтілген карантиннің тәртібін түсіндірді

2417

Полиция Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарының үйден не үшін шыққанын сұрап, дүкеннен не сатып алғанын тексеруі мүмкін.  

Дәурен Абаев күшейтілген карантиннің тәртібін түсіндірді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев тікелей эфир арқылы өткен кезекті онлайн-брифингте күшейтілген карантиндік шаралар кезінде полицияның бақылауы күшейетінін айтты. Бұл шектеулер әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының тұрғындарына қатысты.

"БАҚ-тан түсіп жатқан сұрақтардың көпшілігі көшеде жүру талаптарына қатысты болды. Осы орайда қоғамдық көлікке, такси, тамақ жеткізу қызмкеткерлеріне санитарлық талаптарды сақтау үшін циркуляр жасалады. Кеше айтылғандай, бүгін түнгі сағат 0.00-ден бастап үйден шығуға шектеу қойылады. Үйден тек азық-түлік, дәрі алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуға болады. Сонымен бірге 30 наурыздан бастап мекемелердің басым бөлігі жұмысын тоқтатады. Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып қайда бара жатқандырңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек. Жұмысқа шақырғанды растау үшін сізде тікелей басшының немесе кадр бөлімі қызметкерінің телефон нөмірі болғаны жөн. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар әдетте тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындарың қажетті заттарын сатып алып үйге қайтақанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет", – деді министр тікелей эфир арқылы өткен брифингте.

Полицияның бұл әрекеттеріне кедергі келтіргендер жазалануы мүмкін. Айыппұл көлемі – 26500 теңге. 

"Күшейтілген карантин талаптары бойынша үй жануарларымен тек үй маңында ғана серуендеуге рұқсат етіледі. Бұл талапты бұзғандарға, яғни, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алудан басқа себептермен көшеде жүргендер жазалануы мүмкін. Атап айтсақ 26500 теңге немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады", – деді Дәурен Абаев. 

Сондай-ақ, министр Дәурен Абаев коронавирус жұқтырған әйелдің кеше таңертең көз жұмғанын растап, ақпаратты неге кешіктіріп бергенін түсіндірді. 

"Бізден кешегі қайғылы жағдай туралы өлім таңертең тіркелгенімен, неге тек кешке айтылды деп сұрап жатыр. Өлімнің себебін тек кешке қарай анықтау мүмкін болғанын мәлімдегім келеді. Осыдан кейін біз БАҚ арқылы кешіктірмей шұғыл эфирге шықтық", – деді ол. 

Марқұмды жерлеу тәртібін белгілейтін Бас санитардың ресми қаулысы әзірленіп жатқан көрінеді. Министрдің айтуынша,  ол қаулыны Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Православия шіркеуі де құптауға әзір отыр. 

"Коронавирустан адам қайтыс болуына байланысты журналистер ол адамды қалай жерлейтіні туралы сұрап жатыр. Бүгін кешке немесе ертең таңертең Бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шығады. Ол жерде қатаң сақталуы керек ережелер көрсетіледі. Дәрігерлер айтқан санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Православия шіркеуі тиісті пәтуа мен ескертулер әзірледі", – деді ол тікелей эфирде өткен брифинг барысында.

Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда төтенше жағдай режимі салдарынан жұмысынан айрылып, табысы азайған жандардың тарапынан несие төлемдерін шегеру шараларына қатысты сауал толастар емес. 

"Қазіргі таңда Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер одағы, екінші деңгейлі банктер және  қаржы ұйымдары халықты қолдаудың тиісті шараларын дайындады. Сонымен борышкерлерге 16 наурыз бен 15 сәуір кезеңінде төлемдерді шегеру мүмкіндігі ұсынылады. Төлемдерді тоқтату оған шынымен мұқтаж адамдарға беріледі. Мысалы, карантин енгізілуіне байланысты жұмысынан айырылғандар, ақысыз еңбек демалысына жіберілгендер, еңбекақысы тоқтатылып немесе қысқартылғандар және т.б. Өздеріңіз түсініп отырғандарыңыздай, өтем тоқтатуға төтенше жағдаймен байланысты себептер негіз бола алады. Құжаттық растаусыз ондай көмекті жұмыссыз ретінде ресми  тіркелгендер мен АӘК алушылар мен әлеуметтік аз қамтылған топтар автоматты түрде алады. Ол азаматтардың тізімін қаржы ұйымдары кредит бюросынан алады. Бұл шара кәсіпкерлерді де қамтиды. Мысалы, көрсетіп отырған қызметінің немесе сататын тауарынан түсетін табысы азайса, немесе сатып алушы төлемді кешіктірген жағдайда және т.б.",– деді ведомство басшысы. 

Коронавирустің өршуіне байланысты Үндістан билігі барлық бағыттағы шекарасын тарс жауып тастаған. Карантин құрсауында қалған шетелдіктер арасында 76 қазақстандық та бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оларды елге қайтару мәселесінің әлі шешілмей жатқанын айтты.

"Қазіргі сәтте 76  азаматымыз туралы айтылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, Үндістан барлық шекараны 15 сәуірге дейін жапты. Тыйым барлық әуе, жерүсті және теңіз көлігіне қатысты. Сондықтан отандастарымызды әкелу мерзімі мен жолдары талқылау кезеңінде", – деді министр.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу