Трамп Иранды жаңа санкцияға ала отырып, өзге әлемге ескерту жасады

5205

Теһранмен бизнес жасаған фирмалар Құрама Штаттар аумағына кіру мүмкіндігінен айрылады.

Трамп Иранды жаңа санкцияға ала отырып, өзге әлемге ескерту жасады

Сейсенбі күні АҚШ-тың Иран Ислам Республикасына жариялаған біржақты жаңа санкциялары өз күшіне енді. Бұл экономикалық шектеулер Иранның доллар сатып алу мүмкіндіктерін, металл мен кілем саудасын, көмір, өндірістік бағдарламалар, автомобиль секторларын нысанаға алып отыр.

Трамптың Иранға қарсы санкцияларының екінші траншы қарашаның 5-нен бастап әрекет ете бастайды. Оған дейін әлі үш айдай уақыт бар. Соған қарамастан, сейсенбінің кешінде мұнайдың Brent маркасының құны 58 центке өсіп, оның баррелі Лондон биржасында 74,19 долларға сатылды. Өйткені, инвесторлар аталған санкциялар әлем нарығына жеткізілетін энергетикалық шикізат мөлшерін азайтады деп қауіптеніп отыр.

"Бұл – өмір шындығы. Болатын іс болып жатыр. Иранның мұнай экспорты қарашада бәрібір шектеледі", – дейді Лондондағы "Коммерцбанктың" шикізат жөніндегі сарапшысы Бджарне Шильдроп "Рейтерге" берген сұқбатында.

Ислам Республикасын тағы да экономикалық бұғауға алғаннан кейін Дональд Трамп дүниежүзі фирмаларына Теһранмен бизнес жасамауды ескертті. Ал, бұл талапқа құлақ аспағандар Құрама Штаттар аумағына кіру мүмкіндігінен айрылады.

"Кімде-кім Иранмен бизнес жасаса, Құрама Штаттармен бизнес жасамайтын болады. Мен бұл өтінішті басқа бірдеңе үшін емес, әлемдік бейбітшілік үшін айтып отырмын", – дейді Америка президенті.

Осы сөзден кейін бірнеше сағат өткенде, Германияның "Даймлер" автоконцерні Ирандағы жұмысын тоқтататынын жариялады.

Келіссөз керек болса, пышағыңды таста
Ирандықтар қазірдің өзінде америкалық санкциялардың кері әсерін сезініп отыр. Оның бірі дәлелі – елдің ұлттық валютасы риал мамырдан бері өз құнының жартысын жоғалқан.

Трамп Иранмен 2015 жылы жасалған тарихи ядролық келісімнен АҚШ-ты шығару мәселесін президенттікке кандидат кезінен бері көтеріп, биыл мамырдың 8-де сол уәдесін орындады. Оның ойынша, бұл "сұмдық" пакт Теһранның ядролық бомба жасауына тосқауыл қою жөніндегі фундаменталдық мақсаттарына жете алмады. "Мен Иран режимінің барлық зиянды істерін, соның ішінде, баллистикалық зымыран бағдарламасы мен терроризмді қолдауын тоқтататын жан-жақты келісім жасауға ашықпын", – дейді Дональд Трамп.

Алайда, Иран мұның бәрін жоққа шығара отырып, Вашингтонның бұрынғыдан да қатаң талаптары бойынша жаңа ядролық пәтуа жасауға көнбей отыр. Және де, Трамптың сөзі президент Хасан Роуханиге мүлде өтпеген тәрізді.

"Егер сен жау бола тұра, өзге адамға пышақ сұғып, содан кейін келіссөзді қаласаң, ең алдымен пышағыңды тастауың керек", – дейді Иран басшысы мемлекеттік телеарнаға берген сұқбатында.

Роуханидің сөзінше, Иран халқына қарсы психологиялық соғыс бастағысы келетін Америка санкцияларымен оның елін диалогқа тарта алмайды.

Еуропаның уайымы
Иран ақшасының әлсіреуі ел ішіндегі шиеленісті күшейтіп отыр. Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, республиканың көптеген қалалары мен елдімекендерінде су тапшылығы мен қымбатшылыққа қарсы акциялар мен ереуілдер бірнеше күн бойы өтті. Ал, Теһранның батысындағы Карадж қаласына көтерілісті басатын полиция жасақтары еніп, сенбінің кешінде онда интернет өшкен.

Құрама Штаттардың Теһранға қарсы санкцияларының екінші фазасы қарашаның 5-де күшіне еніп, Иранның мұнай экспортына мүлде тосқауыл қоюды көздеп отыр. Бұл шектеуден Қытай, Үндістан, Түркия сияқты елдер көбірек зардап шегуі мүмкін.

Еуропа одағы дипломатиясының басшысы Федерика Могерини Вашингтонның бұл ісіне өкініш білдіріп отыр. Және де ол Иранмен заңды бизнес жасап жатқан еуропалық экономикалық операторларды қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Айта кетсек, қазір АҚШ-тың жазалауынан қауіптеніп, көптеген еуропалық кәсіпорындар мен жеке тұлғалар Ираннан кетіп жатыр. Олардың қатарында француздың Total және Renault тәрізді ірі компаниялары бар.

2015 жылы жасалған ядролық келісім Роуханимен байланысты. Және де Роухани президенттік сайлауларда екі рет жеңіске жетіп, ел экономикасын өзге әлемге ашып беруге уәде еткенді. Еуропа одағы Вашингтонның жаңа санциялары Роуханидің беделін түсіріп, оның Батысқа қарсы позициясы тіпті қатаң оппоненттерін күшейтіп жіберуі мүмкін деп уайымдап отыр.

Киммен, Путинмен кездескен Трамп Роуханимен де кездесуі мүмкін бе
Жексенбі күні Роухани үкіметі шетел валютасын айырбастау ережелерін жеңілдетіп, валюта мен алтын импортын салықтан босатты. Және де, "Рейтердің" мәліметінше, елде ақша айырбастау пунктері қайта ашылып, "қара базарда" заңсыз валюта саудасымен баюды көздеген орталық банк өкілі мен бірнеше брокер тұтқындалған. Осы шаралардан кейін Иран нарығы біршама тынышталып, доллар рекордтық 119 000 риалдан 95500 риалға дейін арзандады.

Израиль мен Сауд Арабиясы – Иранның аймақтағы негізгі қарсыластары. Сондықтан, екеуі де Тегеранға қарсы қысымның күшейгеніне қошемет білдірді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдегендей, Иранға қарсы санкциялардың қайта жандануы "Израиль үшін, АҚШ үшін, аймақ үшін, бүкіл әлем үшін – маңызды сәт".

Бүгінде Трамп пен Роухани қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін сессиясында кездесуі мүмкін деген қауесет тарап отыр. Алайда, Роухани былтыр Құрама Штаттардың дәл осындай ұсынысынан бас тартты деген хабар тағы бар.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу