Turkistan АЭА-ға 1,2 млрд теңге қаржы құйылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4847

Жыл соңына дейін Turkistan АЭА  24 компанияның басын біріктіреді. 

Turkistan АЭА-ға 1,2 млрд теңге қаржы құйылады

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңесте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды дамытудың  бас жоспары мен Turkistan арнайы экономикалық аймағын (АЭА) құру туралы жарлыққа жария түрде қол қойған болатын.

Президент аймақ басшысына облыстың қаржылық әлеуетін арттыруды, кәсіпкерліктің тыныс кеңейтуді, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика қызметтерінің сапасын жақсартуды жүктеген. Ал үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен халықаралық сауда аймағын және Түркістан халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырған. Бұға қоса елбасы қала ішіндегі жолдарды жөндеп,Шымкент, Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорымен, инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының теміржол вокзалын жаңғырту сонымен қатар әуежай құрылысын бастау сияқты маңызды мәселелерді күн тәртібіне қойған.

"Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды және Turkistan АЭА құруды тапсырамын", ­– деп қорытқан кеңес отырысын президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінгі таңда президенттің тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Түркістан облысы әкімдігінің ресми ресурсы таратқан ақпаратқа сәйкес, Түркістан қаласын дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында қаланы 3 аймақ бойынша дамыту көзделген. Тарихи киелі аймақ - 89 гектар, құрылыс салуды реттеу аймағы - 98 гектар, әкімшілік-іскерлік орталығы - 700 гектар аумақта орналасқан.

"Бірінші аймақ: Түркістан қаласындағы тарихи киелі аймақта орналасқан Х. Ясауи кесенесінің аумағындағы 89 гектар жер теліміне амфитеатр, субұрқақ, мәдени демалыс орындары, визит орталығы және ашық аспан астындағы мұражай ғимараттары бой көтереді. Екінші аймақ: құрылыс жұмыстарын реттеу аймағына "Қазақстан-Назарбаев" орталығы, "Қазақ хандары, билері" орталығы, Шығыс моншасы, "Ұлы дала елі" орталығы, Түркі әлемінің орталығы, Х. Ясауи орталығы, Астана саябағы, Бейнелеу-өнер мұражайы және Тарихи-мәдени орындар орталығының ғимараттары салынады. Үшінші аймақ: әкімшілік іскерлік орталығын дамуы аймағында 700 гектар жер телімін 3 кезеңге бөліп қарастырылуда", – деп жазылған облыс әкімдігінің сайтында.

Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың бас жоспары тұжырымдамасын әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған байқауда 22 жоба бақ сынаған. Оның 15-ін заңды, 7-ін жеке тұлғалар жолдаған. Атап көрсетерлігі Түркиядан - 2, Кореядан - 2, Өскемен қаласынан - 1, Алматы қаласынан - 6, Астана қаласынан - 6, Шымкент қаласынан - 4, Түркістан қаласынан – 1 өтінім келген.

Айта кетейік, қаланың жаңа құрылысының сәулет стилі ұлттық нақышқа сай болады. Жобалаушыларға қаланың барлық тұсынан Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі көрініп тұруға тиіс деген талап қойылған.

Белгілі болғандай, Turkistan АЭА-сын құру мен дамыту жоспары 2043 жылға дейін жасалған. Межелі мерзімге дейін аты аталған аймаққа 1,2 млрд теңге тарту көзделген. Алдағы 5 жылда Turkistan АЭА-ға шамамен 159 млрд теңге бағытталуға тиіс.

Үкімет қаулысы бойынша, Turkistan АЭА-ға бөлінетін қаржыландыру сомасының 60%-ы шетелдіктердің үлесінде болады.

Биыл Turkistan АЭА-ға 19 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржының 12 млрд теңгесін отандық инвесторлар береді.

2023 жылға дейін тауар өндіру көлемі 98,3 млрд теңгеге жетеді. Мұндағы отандық үлес 40% болады. Жыл соңына дейін қазақстандық қамту көрсеткіші 15%-ға жетеді. Айта кетейік, биыл Turkistan АЭА-ның құрамына 24 қатысушы қабылданады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу