Үкімет азық-түлік емес, ақша беретін болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3471

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады. 

Үкімет азық-түлік емес, ақша беретін болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы жасаған  мәлімдемесінде 800 мыңнан астам адамға азық-түлік пен тұрмысқа қажетті зат тегін берілетінін және әлеуметтік қолдау көрсетілуге тиіс азаматтардың қатары I, II, III топтағы мүгедектермен, мүмкіндігі шектеулі балалармен сонымен қатар жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалармен толығуы тиіс екенін айтты.

"Тегін азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар 800 мыңнан астам адамға беріледі. Мұндай көмек алатын адамдардың санаты кеңейеді. Үкімет әлеуметтік көмектің әділ үлестірілуін қамтамасыз ететін платформа дайындау үшін ІТ-компанияларды жұмылдыруға тиіс. Алдағы уақытта азық-түлік үлестіруді қаражат аудару арқылы азаматтардың өздері қалаған азық-түлікті сатып алу мүмкіндігіне алмастыру қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пәрмені бірден орындалды. Еріктілер Нұр-Сұлтан, Алматы сынды республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлерде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдарға

азық-түлік пен гигиеналық зат таратты. Осыған қатысты пікір білдірген экономист Сапарбай Жобаев Президент қарапайым адамдарға жақын екенін нақты іспен дәлелдегенін тілге тие ете келіп: "Бұл – игі іс, жақсы бастама. Дегенмен бюджетке салмақ салатын, қазына қаржысын ортайтатын  жоба. Осылай бола тұра біз оны жалғастыра беруіміз керек. Себебі адамдар дағдарыстың салқынын сезініп отыр. Президент азаматтардың белгілі санатына берілетін тегін азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды уақыт өте келе ақшаға алмастыруды ұсынды. Менің ойымша, мәселені жылдам шешу қажет. Адамдарға әлеуметтік көмекті заттай емес, ақшалай беру керек. Себебі жергілікті атқарушы билік осы істі атқару бойынша тендер өткізсе, оны жеңген компания көтерме саудадан сатып алған азық-түлік пен тұрмыстық заттардың үстіне ақша қосады. Осылайша алыпсатарлық пен пайдакүнемдікке жол беріледі. Әлеуметтік көмек адамдарға ақшалай берілетін болса, олар өздеріне қажетті азық-түлік пен тұрмыстық затты тиімді бағаға сатып алады", – деді.

Бұл мәселе үкімет басшысының төрағалығымен өткен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі үкімет басшысы Асқар Маминге адамдарға азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықты заттай емес, ақшалай беруді ұсынды.

Премьер-министр төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия министрдің ақшалай қаражатты жеке тұлғалардың карталық шотына аудару туралы ұсынысын мақұлдағанын мәлімдеді.

"Өңірлердің әкімдіктері ұсынылған тетікке сәйкес, көмек алушыларға ақшалай қаражаттың уақытында аударылуын қамтамасыз етуі керек. Карталық шоты болмаған жағдайда немесе көмек алушылардың жасына не мүгедектігіне байланысты келуге мүмкіндігі болмаса, санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік жиынтығын үйге жеткізуді қамтамасыз ету қажет", – деді Асқар Мамин.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу