Ұлттық стратегиялық тұжырымдама қабылданады

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2900

Мал шаруашылығын дамытуды көздейтін бағдарламаның ережесі мамыр айында бекітіледі.

Ұлттық стратегиялық тұжырымдама  қабылданады

Премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Алматы облысына іссапармен келіп, аймақтың экономикалық әлеуетін жақсартып, сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған  серіктестіктер мен компаниялардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Министрдің Алматы облысына келуінің өзіндік мәні бар. Себебі бүгінде облыс ауылшаруашылығын, мал шаруашылығын, интенсивті бау шаруашылығын өркендетуге атсалысып отыр. Мұнымен қоса Алматы төңірегін ғана емес, елімізді табиғи сүт өнімдерімен және жылыжай көкөністерімен қамтитын компаниялар да осы облыстың еншісінде. Бұған дейін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста таныстырылған 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Ұлттық стратегиялық тұжырымдамасын түсіндіру Алматы облысында жалғасты. Бұл тұжырымдама агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және экспорттық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін кем дегенде 2,5 есе арттыру үшін жұмыс істемек. Яғни Ұлттық стратегияның негізін ірі өндірістер емес, отбасылық фермалар құрауы тиіс.   Бағдарлама бойынша 15 жылға дейін 4% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие беру қарастырылса, оны жүзеге асыру барысында 80 өндірістік мал бордақылау алаңы мен заман талабына сай 7 ет өңдейтін кешен құрылады.

Әуелі министр Еңбекшіқазақ ауданында "Жаңашар" елдімекенінде 1999 жылы  ашылған "Адал" Агроөнеркәсіп кешеніне барды. 3124 гектар жерді алып жатқан кешенде 557 адам жұмыс істейді. Мұнда 2500 ірі қара болса, оның 1400-і сауынды сиыр. Бұдан бөлек арнайы ет беретін 400 ірі қара асырайтын орын бар. Жаңа заманауи технологиямен жабдықталған сүт-тауарлы ферма ұстайтын ірі қараның бәрі асылтұқымды. Агроөнеркәсіп кешеніне 5 млрд теңгеге жуық ин­вестиция тартылған. Оның 2,5 млрд теңгеден астамы сүт зауы­ты­ның құры­лысына жұмсалса, мега-фер­ма­­ны құру үшін 5 жылға 6 пайыздық мөл­шер­лемемен "ҚазАгроҚаржы" ар­қылы 1,6 млрд теңге несие алын­ған. Фер­­­мадағы озық техно­ло­гиялар зауыт жұ­мысының ілгері­леуі­не айтарлықтай әсер етеді. "Адал" агро­өнеркәсіп кешенінің бас ди­рек­торы Серік Смаиловтың айтуынша, сиыр қо­ралар италиялық техноло­гия­мен жабдық­талған.

"2014-2017 жыл­дар ара­лы­ғында сиырдың сүттілігін 5 мың тон­надан 7,5 мың литрге дейін жет­кіз­дік. 2019 жылға дейін бұл көр­сет­кіш­ті жы­лы­на 9-9,5 мың литрге ұлғайтуды жоспарлап отыр­мыз, – де­ді ол.

Зауыт тәулігіне 150-200 тон­на сүт өндірсе, шикізаттың жар­ты­сы жеке фермерлерден сатып алы­нады. Алайда компания басшысы сүт тапшылығы барын жасырмады.

"Әлі күнге дейін сүтті  Украина, Қырғызстан елдерінен сатып аламыз", – де­ді Серік Смаилов.

Сапар барысында министр атбасын 2012 жылы құрылған "Amal Bio" ЖШС-ға тіреді. Компания 80 гектар жерде жаңа технологияның мүмкіндігімен жеміс бағын гүлдендіріп отыр. Ал 2003 жылы құрылған "Сарыбұлақ" ЖШС компаниясы жылына 220 мың дана жұмыртқа, 20 мың тонна тауық етін өндірсе, Қапшағай қаласында 10,5 гектар аумақты алып жатқан "Green Land Alatau" ЖШС жылыжай кешені қиярдың екі, қызанақтың екі сортын өсіріп отыр. Жылына 6 мың тонна көкөніс өсіретін компания өнімін алыс-жақын елдерге экспорттап келеді. Сондай-ақ 2015 жылдан бастап асылтұқымды бұқа сатып алып, бордақылаумен айналысатын "EmpireFood" ЖШС 2661 ірі қара ұстап отыр. Былтыр 618 тонна ет берген. Бір айта кетерлігі, мұндағы ірі қара қысы-жазы ашық аспан астындағы алаңда тұрады.

"Ашық қорада бордақыланатын ірі қара етті көп береді", –  деді бордақылау кешенінің президенті Арман Джавад мырза. Ал бүгінде "Роллтон" сауда белгісімен таныс "Маревен Фуд Тянь-Шань" кәсіпорны іске қосылуға сақадай-сай.  Жоба Кипрдің Mareven Food Holdings  холдингі аясында жүзеге асуда. Бүгінде өнімі әлемнің 22 еліне тарайтын компания біздің елімізде алдағы маусым айында іске қосылмақ. 50 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция құйылған кәсіпорын жылына 98 мың тонна жартылай өнім түрлерін өндіреді. 

Алматы облысының бес ауданындағы бизнес субъектілерін аралаған ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мал шаруашылығын қарқынды дамыту жөнінде арнайы үкіметтік бағдарлама дайындалып жатқанын және "Ет өңдеу мен өндіруге" байланысты жаңа бағдарламаның жөн-жобасымен де таныстыра кетті. Мұның нәтижесінде алдағы 5 жылда еліміздегі жайылым жерлердің көлемі артпақ. Министрдің айтуынша, бағдарлама пайызы төмен несиелер арқылы жүзеге асады. Сондықтан да мемлекетке көп салмақ түспейді.

"Елбасының тапсырмасымен мал шаруашылығын әрі қарай қарқынды дамыту жөнінде арнайы бағдарлама дайындап жатырмыз. Бұл алдағы сейсенбі күні үкімет отырысында талқыланады. Одан бұрын мұны барлық өңірлерге таныстырып, пікір алмасып жатырмыз. Былтыр жыл соңында Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар облысына бардық, бүгін Алматы облысына арнайы келдік", – деді министр.

Қазір елімізде  ірі қара мал шаруашылғымен айналысатын 30-дан астам шаруашылық бар. Ал фермерлер саны 16 мыңнан асады. Салаға инвестиция құйып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Бұл тұрғыда ауылшаруашылығы министрлігі алдағы бес-алты жылда шаруа қоржалықтары санын 100-ге, ал фермерлерді 100 мыңға жеткізуді көздеп отырғанын жеткізді.

"Бұл қадам ауылшаруашылығы саласында 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына түрткі болады. Бізге табиғи ерекшелігімізді, мүмкіндігімізді пайдалану керек. Қазақстан жайылым жер бойынша әлемде бесінші орында. Алайда жайылым жер дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Құжаттың негізгі мақсаты – саладағы еңбек өнімділігі  мен экспортты арттыру.  "Қарқынды мал шаруашылығы" бағдарламасы бойынша  сүт, доңыз және құс еті өндірісін көбейтеміз. Бүгінде Ресей ет экспортын 1 млн 200 мың тоннаға жеткізді. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын 50 мың тонна ғана ет экспорттайтын Қытай бүгінде ет  өндірісін 2 миллионнан асырды", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Алматы облысына жұмыс сапарын Қаскелең қаласында қорытындылаған ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев "Етті маш шаруашылығын дамыту бойынша республикалық семинар-кеңеске де қатысты.

"Бизнес субъектілерімен кездесіп, біраз мәселеге қанықтық. Әлемдегі ең үздік технологияны қолданып жатқан кәсіпорындар баршылық екен. Ауылшаруашылығына қаржы ресурсы жетіспейді. Оған да жаңа идея мен құралдар ұсынып, заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Екінші мәселе, аграрлық кепілдендіру жүйесін қайтадан құрып, дамыған елдердегідей жаңа жүйе қалыптастыру. Үшінші, кредиттік серіктестік. Субсидия жүйесінде де біраз өзгеріс бар. Мамыр айында ереженің бәрі бекітіледі", – деді министр.

2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Ұлттық стратегиялық тұжырымдамасы бойынша сөз сөйлеген ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев: "180 млн гектар жайылым жер бар. 6 млн гектарға құдық тартылып, қосымша 600 мың гектар суармалы жер қосылмақ. Қазір қолданыстағы 58 млн гектар жайылым жерді 150 млн гектарға жеткізу жоспарланып,  ірі қара малдың санын 7 млн-нан 15 млн-ға арттыру көзделуде. Егер үкімет бағдарламаны қабылдаса, сіздермен бірге жұмыс істеуді бастаймыз", – деді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу