Жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптасуы мүмкін

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3290

Бейжіңде "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында халықаралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр.

Жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптасуы мүмкін

Форум жұмысына 29 елдің басшылары мен үкімет басшылары, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Өзбекстанның президенттері қатысуда.

14 мамырда форумның ашылуында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь ұзындығы он мың лиге созылған ежелгі Жібек жолы мыңдаған жылдар бойында Жібек жолының  тынысын қалыптастыруға септігін тигізгенін айтты.

"Бейбітшілік пен ынтымақтастық, ашықтық пен инклюзивтілік, бір-бірімізден тәжірибе алмасушылық  және өзара тиімділік бұл – Жібек жолының негізі. Ол адамзат өркениетінің құнды мұрасы болып табылады", – деді ҚХР төрағасы.

Аспан асты елі басшысының пікрінше, "Белдеу және жол" әлем жолы ретінде салынуға тиіс, себебі аталған бастаманың іске асуы бейбіт әрі тұрақты жағдайды қажет етеді.

Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың ежелгі жолын қалпына келтіруде инфрақұрылымдық жобалар негізгі рөл ойнайды. Қытай "Белдеу және жол" бастамасы шеңберінде инфрақұрылымдық байланысты жақсарту жөніндегі бірқатар  ірі жобаны іске асырып жатыр.

Дәлірек айтсақ, Қытай тиісті елдермен бірлесіп Джакарта-Бандунг шапшаң жылдамдықты теміржол магистралі, Қытай – Лаос теміржолы, Аддис-Абеба - Джибути теміржолы және Венгрия – Сербия теміржолының құрылысын жеделдетті, сондай-ақ Гвадар мен Пирей порттарын қайта жаңартты.

"Белдеу және жол" аясында ынтымақтастықты жандандыру үшін қытайдың екі мемлекеттік банкі 380 млрд юань (шамамен 55,1 млрд АҚШ доллары) мөлшерінде арнайы несие береді. Бастаманы іске асыру шеңберінде Қытай  60-қа жуық елмен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жасайды. Сондай-ақ Қытай инновациялық саладағы ынтымақтастықты жеделдету үшін бастамаға қосылған елдермен бірлесіп ортақ 50 зертхана ашпақ.

"Белдеу және жол" бастамасы тек Азия, Еуропа және Африка елдеріне ғана қатысты емес, оған әлемнің өзге елдері де қатыса алатынын атап өтті ҚХР төрағасы.

Еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Тығыз қарым-қатынас орнату үшін ортақ саяси қызмет" атты форумда  ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразия құрлығындағы ежелгі Жібек жолын қайта жандандыру туралы идеясы әлемде күшейіп келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға қарсы жауап деп баса айтты.

"Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп,  өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның салдарынан әлемдік экономика мен сауда соңғы жылдары босаңсып, құлдырап барады. Осындай жағдайларда әлем халықаралық кооперацияға тың серпін беретін жаңа құралға зәру болып отыр", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигманы қалыптастыруға мүмкіндік береді, ал оның табысты іске асырылуы жалпы саны 4,4 млрд  адамды құрайтын елдерге пайда әкеледі.

Мемлекет басшысы "Белдеу және жол" аймақтық кооперациясының жаңа үлгісінің мықты тұстарына жеке-жеке тоқталып өтті.

"Бірлесіп даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу" тәсілі бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесінен шығатын халықаралық ынтымақтастықтың тартымды нұсқасы болып табылады. Осыған орай  қазір Жібек жолының белгілі бір пішіні айқындалған кезде, макроаймақтық кооперцияны бірлесіп стратегиялық тұрғыдан үйлестіру керек. Жібек жолы бастамасын жүзеге асыру тұтас аймақтарды, оның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңаша айқындауға мүмкіндік береді", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ірі нарықтары арасындағы басты көпір болып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын баса айтты.

Бұдан бөлек Қазақстан президенті осы процестегі Еуразиялық экономикалық одақтың маңызды рөліне тоқталды.

"Үлкен Еуразияның" біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ алаңдарын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев "Бір белдеу, бір жол" бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.

"Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция", – деді Қазақстан президенті.   

Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.

"Жобаларды бірлесе қаржыландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалымдардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континенталды трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселелесін де назардан тыс қалдырмаған жөн", – деді Қазақстан президенті.   

Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, "Бір белдеу, бір жол" идеясын ойдағыдай іске асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды.

Ақорданың баспасөз қызметі атап өткендей, форумның салтанаты ашылу рәсімі аясында бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу өткізді.

Дәлірек айтсақ, Қазақстан президенті ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, оны форумның табысты ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

"Форум бүкіл дүниежүзі бойынша биылғы ең басты оқиғаның біріне айналды деп ойлаймын. Бүгінгі форумның ашылуында сөйлеген сөзіңіз мазмұнды болды, ол елдер арасындағы ынтымақтастықтың көп сауалына жауап берді. "Бір белдеу, бір жол" – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев "Бір белдеу, бір жол" идеясының өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін атап өтті.

"Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен ҚХР арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның бұдан да жоғары деңгейде нығая түсетініне сенім білдірді.

Тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады.

Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.  

Қытай Халық Республикасының төрағасы "Нұрлы жол" бағдарламасының табыстылығын, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің халықаралық бастамасының маңыздылығын атап өтті.

Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты.

Сондай-ақ мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін  талқылады. Тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына ерекше көңіл аударылды. 

Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен ҚХР арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы және оны дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

"Біздің қарым-қатынасымыз басқа мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай. 2014 жылғы кездесуде біз өндіріс ашу, көлік жүйелерін бір-бірімен жалғастыру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін көтердік. Сондай-ақ тағы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз керек", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің маңыздылығына тоқталып, "Бір белдеу, бір жол" бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рөлін атап өтті. 

Мемлекет басшысы "Нұрлы жол" мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды.  

Сонымен қатар тараптар мемлекеттер арасында тауар айналымы көлемін ұлғайту мәселелерін, Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективаларын, технологияларды және экологиялық тұрғыдан таза заманауи өндірісті дамыту аспектілерін, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл орнату жайын талқылады. 

Қазақстан президенті кездесу соңында Ли Кэцянді елімізге сапармен келуге шақырды. 

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен және Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанмен әңгімелесіп, таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындыларын талқылады. Режеп Ердоған Астана процесінің нәтижелеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті. 

Сонымен қатар мемлекет басшысы Беларусь президенті Александр Лукашенкомен және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның премьер-министрлері Наваз Шарифпен және Наджиб Тун Разакпен, Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасы Клаус Швабпен жүздесті.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниетті екенін білдірді.

Испания премьер-министрі Мариано Рахой Қазақстан президентімен әңгімелесу кезінде "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатысатынын растады.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу