Оған әлеуметтік желіде "жарқанаттың ұясын 250 мың долларға сатып аламын" деген ақпараттың таралуы себеп. Бұған ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет ресми түрде жауап та берді.
"Жарқанаттың ұясы сатылады, одан дәрі-дәрмек жасалады" деген сөз шындыққа жанаспайды. Бұл аңыз, себебі жарқанаттар ұя салмайды", – деген болатын министрлік өкілі.
Жануарлар дүниесі заңмен қорғалғанымен, жарқанаттың популяциясы ешбір ереже айқындалмапты.
"Инстаграмда жарқанаттың ұясы 250-300 мың долларға сатылып жатыр. Одан денсаулыққа пайдалы дәрі-дәрмек жасалады" дегенсыңайдағы бейнематериалды көрген кез-келген табиғаттанушы бейнедегі заттың жарқанатқа еш қатысы жоғын, ол құрқылтайдың ұясы екендігін бірден айта алады.
Ендеше, мұндай жалған ақпарат тарату кімге керек болды деген сұраққа тоқталалық. Оқырмандардың естерінде болса, бұған дейін Қызылорда облысында кенеден ауру тарату мақсат еткен арампиғылды адамдар ҰҚК құрығына түскен болатын.
Одан кейін Оңтүстік өңірде қызылмия жинаушылар ұсталды. Қызылмияның тамыры сегіз метрге дейін барады. Ол топырақтың құнарлы қабатын сақтап қана қоймай, тәтті тамырын талғажау ететін құрт-құмырсқаларды қорғайды. Егер қызылмия жоғалса, оның тамырын қыстың күндері қорек ететін құрт-құмырсқалар жер бетіне қаптап шығып кетіп, бау-бақшаға орасан зиян келтіреді.
Қазіргі таңда Қазақстан екінші бір мекеніне айналған қоқиқаздарға да қауіп туып отыр. Себебі, Қорғалжын қорығы мен Павлодардағы 12 тұзды көлден артемия салина шаяндарын заңсыз аулаушылардың беті тойтарылғанымен, оңай жолмен пайда тапқысы келетіндер әлі де бар.
Оңтүстік өңірден есектің 70-100 мың теңгеге бағалануына байланысты тұрмысы төмен жандардың күш көлігі жойылып барады.
Ендеше, қыстың күні қалың ұйқыға кететін жарқанатты ояту оны өлтірумен тең. Егер оңтүстік өңірде арқанат жойылып кететін болса, онда аймақтағы бау-бақшаларға зиянкес жәндіктер қаптайды деген сөз. Әрбір жарқанаттың тәулігіне екі миллионнан астам шыбын-шіркейді жоятынын ескерсек, бұған құқыққорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері бей-жай қарамауға тиіс.
Ескендір Ертай