Жердегі қателік суда қайталанбауы керек

4654

Ғалымдар 2030 жылға дейін мұхиттардың астын картаға толық түсіруді көздеп отыр.  

Жердегі қателік суда қайталанбауы керек

Дүниежүзілік мұхиттардың табаны – жеке бір әлем. Сол ғажайып әлемнің бет-бейнесі қандай, оның миллиондаған жылдар бойы ашылмай келе жатқан құпиясы неде? Ғалымдар суасты дрондары мен сауда кемелерінен, балықшы қайықтары мен теңіз түбін барлаушы зондтардан жиналған мәліметтерді қолдана отырып, осы сауалдарға 2030 жылға дейін жауап табудан үмітті.

Жаңа ғылыми жобаның мақсаты – 190 миллион шаршы шақырым аумақты алып жатқан судың немесе дүниежүзілік мұхиттың 93 пайызының астын (тереңдігі 200 метрге дейін) картаға түсіру.

Ұлыбританиядағы Seabed 2030 жобасының директоры Сайндер Биндраның айтуынша, бұл жұмыс мерзімінде аяқталып, адамзатқа цунами толқындары мен балықтардың үлгілері, құрдымға кеткен кемелердің бағыты мен өзге де беймәлім дүниелердің және пайдалы қазба кеніштерінің сырын ашып береді.

"Қазір 2018 жылда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, біз өзіміз өмір сүріп жатқан планетаға қарағанда, Күн мен Марстың беті туралы 70%-ға артық білеміз. Мұхиттардың түбі болса, әлі күнге дейін картаға жөнді түсірілген жоқ. Су табанының 20%-ға жетер-жетпес бөлігі ғана картографияға енгізілген. Ұзақ уақыт бойы мұхиттарға ұмыт қалған территория ретінде қарап келеміз. Мұндай бейқамдықтан арылатын кез жетті. Су астында көздің жауын алатын байлық пен ресурстар жатыр. Мұхиттар – шын мәнінде өте пайдалы", – деді Сайндер Биндра "Рейтерге" берген сұқбатында.

Жанашырлық пен жауапкершілік қажет

Амбициялық жобаға Жапонияның филантропиялық "Ниппон" қоры, сарапшылар қауымдастығы және ЮНЕСКО тәрізді өзге ұйымдар тартылып, мұхит асты картасын жасауға кірісіп кетті. Биндраның сөзінше, мұндай картаның қажеттігіне ғалымдар мен картографтар еш күмән келтіріп отырған жоқ. Сонымен қатар, оның ойынша, адамдар жер байлықтарын игергенде жіберген қателіктерді суасты ресурстарын өндіру барысында қайталамай, мұхиттар астындағы әлемге жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарауы керек.

Ауқымды жобаны Голландияның "Фурго" деген су астын барлаушы компаниясы қолдап отыр. Ол 2014 жылы "Малайзия Эйрлайнс" әуе компаниясының ізім-ғайым жоғалған жолаушылар ұшағын іздеуге қатысты. Сол операция барысында "Фурго" мұхиттың астындағы 65 мың шаршы шақырым аумақтан мәлімет жинап, оны карта жасаушыларға берген.

Seabed 2030 жобасына Ocean Infinity компаниясы да атсалысып отыр. Ол да – малайзиялық "Боингты" іздеу жұмысына тартылған кәсіпорындардың бірі.

Биндраның сөзінше, бұл жобаға басқа да ғалымдар миссиясы мен батып кеткен кемелерді зерттеп жүрген мамандарды жұмылдыру және су астынан шығарылған кемелер мен балықшылар қайығынан жиналған ақпараттарды қолдану көзделіп отыр.

Дауға ұрындыруы мүмкін

Кейбір елдердің құрлықта ғана емес, суда да шекарасы бар. Олар сол теңіздік территориялардан балық аулап қана қоймай, зерттеу жүргізеді, байлық іздейді, әскери кемелерін жүздіреді немесе талас тудырған аралдарды қарсылас мемлекеттен қориды. Мұндай даулы аумақтар әлемде аз емес. Солардың қатарына Шығыс Қытай теңізі, Аден шығанағы, Қызыл теңіз кіреді. 

Сондықтан, ғалымдар мұхиттың астын картаға түсіру әрекеттері геосаяси шиеленістерге тап болуы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр. Осы қауіпті ескере отырып, 3 миллиард долларлық жобаның жетекшілері мұхиттардың жағалауына жақын аумақтарды ұлттық зерттеу мекемелерінің құзырына қалдыруды жөн деп тауып отыр. Бұл бастаманы Америка Құрама Штаттарының Мұхит және атомосфера әкімшілігі де сөзсіз қолдады.

БҰҰ: ғалымдар атсалысқаны абзал

Биндраның мәлімдеуінше, әртүрлі жерлерден алынған мәліметтерді эксперттер дүниежүзінде ашылатын 4 орталыққа жинақтайды. Содан кейін ол мәліметтер Ұлыбританияның Океанография орталығында тексеріліп, зерделеніп, 2018 жылдың соңына дейін-ақ тереңдік туралы алқашқы картаны жасауға пайдаланылуы мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Мұхит жөніндегі арнайы елшісі Петер Томсон теңіз түбін зерттеудің минералдық қырларын жақсы білетінін айта келіп, мұхиттардың астын картаға түсіру жұмыстарында ғалымдар қауымы басты рөл ойнауы керек деп атап өтті. 

"Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021-2030 жылдары тұрақты даму мақсатында мұхит ғылымы туралы 10-жылдық жоба жөнінде резолюция қабылдады. Осы мерзім ішінде мұхит түбін картаға толық түсіре алатынымызға сенімдімін", – дейді Томсон мырза.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу