"Астана Арландары" Қытайда да жеңіске жетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1946

Біздің боксшылар "China Dragons" командасымен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті.

"Астана Арландары" Қытайда да жеңіске жетті

Бұл "Астана Арландарының" WSB жобасының топтық кезеңіндегі соңғы кездесуі болатын. Бір қызығы, Қазақстан клубының "C" тобында бірінші орынға ие болатындығы осы кездесуден бір күн бұрын белгілі болды. Себебі Ресейдің "Patriot Boxing Team" деп аталатын ұжымы өзбектің "Uzbek Tigers" командасын 3:2 есебімен ұтып, екінші орынды иеленді. Ал Өзбекстан боксшылары үшінші орынды қанағат тұтты.

Осы кездесуге дейін төрт рет жеңіске жетіп, бір-ақ рет ұтылған "Астана Арландары" Қытайда жеңіліп қалса да, плей-оффқа "C" тобынан бірінші орынмен шығар еді. Бірақ біздің жігіттер "Ұлы Жібек" еліне саяхаттап    бармағандарын, ешбір кездесуде жеңісті қолдан бермеуге тырысатындықтарын дәлелдеді.

Ал Қытай жерінде жеңіске жету мүлде оңай болған жоқ. Себебі "Астана Арландары" боксшыларына қарсыластарынан басым түсу ғана емес, төрешілерге өздерінің деңгейлері шынымен жоғары екендігін дәлелдеу қажет болды. Өйткені "C" тобында көштен қалған Қытай клубының соңғы кездесуде жеңіске жетіп, бір желпініп қалғаны ұйымдастырушылар үшін аса маңызды еді.

52 келі: Гуо Жан – Анвар Музапаров – 3:0 (49:46, 49:46, 49:46)

Бұл жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан Қытай боксшысына берді. Олардың пікірінше төрт раунд бойы жергілікті боксшы басым болған. Тек бесінші раундта әділетті болуға тырысқандай. "Анвар ұтты" деп сенімді түрде айта алмаймыз, бірақ дәл осылай ойсырай жеңілмеген сияқты еді...

60 келі: Сен Ван – Закир Сафиуллин – 1:2 (46:49, 46:49, 48:47) 
Бұл жекпе-жекте керісінше, Закир үстемдік танытқан сияқты еді. Бастырмалатып ұрды. Айқын басымдықпен жеңді. Бірақ төрешілер шешімі екі айырылыпты. Әйтсе де, Сафиуллинің қолын көтеріп, жалпы есепте таразы басы теңесті.

Жалпы, Закир қарсыласын төпелеп, үстемдік танытты. Тіпті раунд арасында орындыққа отырмай, түрегеп тұрып, төрешілерге өзінің шаршамағындығын да көрсетуге тырысты. Алайда өзін тым еркін ұстап, аракідік қарсыласының да соққы жұмсауына мүмкіндік беріп қойды. Ал оның кейбір соққылары тиіп те жатты. Десек те, Сафиуллин өзінің деңгейі біршама жоғары екендігін паш ете білді.

69 келі: Ричабилиге Хуричабилиг – Асланбек Шымбергенов – 3:0 (49:48, 49:48, 49:48)

Бұл кездесуде төрешілер жеңісті Қытай боксшысына берді. Әрі, тағы да бірауыздан... Негізі Асланбек ұтылған жоқ болатын. Тіпті қарсыласын жеңген де секілді еді. Иә, басым түскен-тін. Рингті шыр айналдыра қуалап, төпелеген-ді. Соқылары нық тиген. Алайда төрешілердің шешімі осылай болды.

Бұған Асланбектің өзі де кінәлі сияқты. Ол ара-тұра қарсыласының дәл соққылар жұмсауына мүмкіндік берді. Әрине "Қазақ боксшылары" дегенде шетелдіктердің көбісінің рингке қобалжып шығатындығы белгілі. Бірақ жекпе-жек барысында кейбір жігіттеріміз босаңсып, қорғанысты ұмытып, өздерін де ұрғызып қояды...

81 келі: Лида Ван – Арман Рысбек – KO, R1, 1:00

Бастапқы жекпе-жектерді көріп, айқын басымдық танытпасаң, жеңіске қол жеткізу оңай емес екендігіне Арманның көзі жеткен екен. Ол бойы өзінен әлдеқайда биік Қытай боксшысын бірінші минутта-ақ сұлатып салды. Қуатты соққысымен шықшыттан ұрып, сылқ еткізді.

Буындары босаған Қытай спортшысы орнынан тұра алмай қалды. Дәрігерлер келіп тексеріп, сүйемелдеп алып кетті. Арманның бұл жеңісінен, пәрменді соққысынан және от шашқан көздерінен "China Dragons" боксшылары тұрмақ, төрешілердің өздері қаймығып қалғандай болды.

+91келі: Жибао Ван – Олжас Букаев – TKO, R4, 0:52

Бұл бокс емес, күреске ұқсас, алысу мен жұлысу болды. Иә-иә, бокс деп айта алмаймыз. Қытай боксшысы шынтағымен итеріп, қолдарын қалай болса, солай жұмсап, ойына келгенін істеді. Төрешілер тағы да таң қалдырды. Рингтегі бас қазы оның бокс өнеріне жат қылықтары үшін бірде-бір ескерту жасаған жоқ.

Раунд өткен сайын еңгерзедей Қытай боксшысы титықтап, "алыспақ пен жұлыспақтан" да қала бастады. Қарсыласын құшақтап алып немесе арқанға артылып, итермелеумен болды. Сөйтіп жүріп, Олжастың жақыннан ұрған соққыларының өзіне төтеп бере алмады. Әуелі бір қабағы жарылды. Көп ұзамай екінші қабағынан да қан сорғалап ақты.

Төреші рингке дәрігерді шақырып, ақыры жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Қапталдағы төрешілер екеуінің ұпайларын ұзақ санады. Жеңісті Қытай бокшысына беруге дәттері бармаған сияқты. Ринг айналасындағы төрешілердің бәрінің де жазбалары бойынша есеп 38:38 екен. Жеңіс қарсыласының екі қабағын да жарған Олжасқа берілді.

Сөйтіп "Астана Арландары" Қытайда "China Dragons" боксшыларын тізе бүктірді. Жеңісті қолдан бергісі келмегендерге соққыларының қандай қуатты екендіктерін көрсетті. Осылайша жалпы есепте таразы басын өздеріне қарай аударды. Енді – плей-офф. Қарсыласы алдағы күндері анықталады. Жүректерінің түгі бар жігіттеріміздің білектерінің күшімен, техникалық шеберліктерімен, тактикалық айла-тәсілдерімен жеңіске жете берулеріне тілектеспіз.   

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу