"Сақалды" құрылысқа поляктар қызықты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10558

Польшалық тарап Екібастұз қаласындағы оқу орталығын қалпына келтірмек.

"Сақалды" құрылысқа поляктар қызықты

Біраз уақыт бұрын поляктар Екібастұз қаласының аумағында агроқалашық салуды жоспарлап еді ғой. Құны 144 млрд теңгені құрайтын аталмыш жоба сәтті жүзеге асуға тиіс. Себебі, осы аптада Астанада өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумында "Агроқала" жобасының алғашқы "іргетасы" қаланды.  Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Бүкілпольшалық шаруашылық палатасының өкілі Тадеуш Намедынски арнайы меморандумды бекітті.

Поляктар мұнымен тоқтамақ емес. Енді олар Екібастұз қаласынан оқу орталығын ашпақ ойда. Бұл туралы Қазақстан-Польша бизнес-форумына арнайы қатысқан Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов abctv.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді.

"Еліміздегі "сақалды" құрылыстың бірі Екібастұз қаласында орналасқан. Ол – қаланың қақ ортасында тұрған республикалық оқу орталығы. Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен салынған нысан 2008 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ, әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Польшалық инвесторлар аталған кешенді қалпына келтірмек", – деді Қайрат Нүкенов.

Оқу орталығын қалпына келтіру Қазақстан-Польша бизнес-форумында бекітілген меморандумның аясында жүзеге аспақ. Жоба қажетті қаржының негізгі бөлігін біздің ел бөледі де, қалған қаржыны Польша тарапы өтейді.

"Әу баста бұл орталық отын-энергетика кешеніне мамандар әзірлейтін оқу ордасы болады деп жоспарланған еді. Енді мұнда ауыл шаруашылығы саласының мамандары даярланады. Оқу орталығында отандық мамандардан бөлек, шетелдіктер де қызмет атқарады деп жоспарлануда", – деді Екібастұз қаласының әкімі.

Екібастұз қаласы Польша елімен бұл салада берік байланыс орнатуға бейілді. Келер жылдан бастап екібастұздың 7 маманы Польшаға оқуға аттанатын болады. Ол жақта біздің қыз-жігіттер тегін оқиды және Польша қазақ жастарына айына 1300 еуро көлемінде шәкіртақы төлемек.  

Жалпы, поляктардың Павлодар облысына деген пейілі ерекше. Бұл ретте, мына бір дүниелерге назар аударсақ дейміз. 

Біріншіден, Астанадағы Қазақстан-Польша бизнес-форумына Павлодардан басқа еліміздің өзге өңірінен делегация келгенін көзіміз шалмады. Павлодарлық делегацияны облыс әкімі Болат Бақауов бастап келді.

Екіншіден, форум аясында 10 меморандумға қол қойылды. Бұл ретте, ең алдымен Екібастұздағы "Агроқала" бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты меморандум бекітілді. Себебі, бұл құжат нақты бір жобаға құрылған. Ал қалғаны өзара ынтымақтастық және өзара әріптестік жөніндегі меморандумдар. Яғни, әзірше белгілі бір жобалар қарастырылмаған.

Үшіншіден, меморандумға қол қойылған соң Бүкілпольшалық шаруашылық палатасының өкілі Тадеуш Намедынски Болат Бақауовқа көпшілік алдында кішігірім сый тарту етті. Бұл поляктардың Павлодарға деген оң пейілінің бір белгісі ретінде ой қалдырды жиналған көпшілікке.

Төртіншіден, форум аясындағы "Өңірлік әріптестік және инфрақұрылымды дамыту" сессиясында да Павлодар өңіріне басымдық берілді. Атап айтқанда, Павлодар облысы бойынша инвестиция тарту агенттігі басшысының міндетін атқарушы Әнуар Мұқышев шетелдік әріптестерінің алдында өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайлы толымды баяндама жасады.

"Павлодар облысының географиялық тұрғыдан орналасуы қай жағынан болмасын өте тиімді. Біздің өңірден бір мың шақырымдық радиуста Қазақстанның – жеті, Ресейдің тоғызы өңірі орналасқан. Бұл дегеніңіз – 24 млн адам. Демек, нарық көлемі 12 млрд долларды құрайды. Осының өзі үлкен басымдық", – деді өз баяндамасында Әнуар Мұқышев.

Ол өңірде шетелдік инвесторларға жасалатын жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы айтып берді.

"Инвесторларға ұсынылатын ең негізгі жеңілдік – арзандатылған электр энергиясы. Облыстағы электр станцияларының жалпы қуаттылығы 8,5 мың МегаВат-ты құрайды. Сондай-ақ еліміздегі электр энергиясының шамамен жартысына жуығы біздің өңірде өндіріледі. Бұл бір.

Екіншіден, облыста кадр тапшылығы болмайды. Себебі өңірде 4 жоғары оқу орны және 50 шақты техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Қажетті мамандардың барлығы дерлік өзімізде даярланады.

Үшіншіден, облыста шамамен 900-дей өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл инвесторлардың өндірістік кооперацияны дамытуына мүмкіндік береді.

Төртіншіден, жергілікті билік инвесторларға әрдайым қолдау көрсетеді әрі түрлі жеңілдіктер ұсынады", – деді Әнуар Мұқышев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу