"Жұмыстан шығармақ түгіл, отырғызамын. Тәрбиелеудің қажеті жоқ, енді кеш"

66152

Қадағалау мекемесінің көшпелі алқасы Қарағанды облысындағы бизнестің дамуына кім кедергі екенін анықтады.

"Жұмыстан шығармақ түгіл, отырғызамын. Тәрбиелеудің қажеті жоқ, енді кеш"

Бас прокуратураның  көшпелі алқасының Қарағанды облысындағы жұмысының көрнекі нәтижесінің бірі  – бас прокурордың ҚР БП оныншы департаменті басқармасының бастығы Ержан Ералиевті Қарағандыда қалдырып кетуі болды. Ол өз тобымен  бизнесті тексеруге құқық берілген  облыстың 60-тан астам  мемлекеттік органына тексеру жүргізбекші.

Еске сала кетейік, 2016 жылы 400-ге жуық кәсіпкер өз құқығын қорғау мақсатында Қарағанды облысының аймақтық кәсіпкерлер палатасына жүгінген.  Сондай-ақ прокуратураның мәліметі бойынша  50-ден астам мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмысы ашылып, сот алдында жауап беріпті.

10 ақпанда Бас прокуратура алқасының отырысы өтті, онда прокурорлар мемлекеттік қызметшілермен, бизнес пен қоғамдық өкілдермен бірлесіп кеншілер өңірінің кәсіпкерлік ахуалын қызу талқылады.

"Бұл отырыста бизнестің мемлекет дамуындағы маңызы мен рөлі туралы айтудың қажеті жоқ. Бұл туралы мемлекет басшысы үнемі қайталаумен келеді. Құқық қорғау органдарының белгілі бір міндеттері бар.

Құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура, бизнесті дамытуға мүдделі. Неге? Себебі барлық қылмыс жасаған адамның 84% жұмыссыз отырған адамдар. Ал жұмыс орнын кім құрады? Бірінші кезекте, бұл әрине, бизнес. Сондықтан біз "Атамекен" палатасымен, кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі өкілетті тұлға Балбеков мырзамен бірлесіп бұл жұмысты алдын-ала бастап кеттік", – деп мәлімдеді алқа отырысы барысында ҚР бас прокуроры Жақып Асанов.

Бұл ретте мынаған назар аударған жөн, осы кеңеске дейін екі апта бұрын 2017 жылдың 27 қаңтарында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков аймақтық кәсіпкерлердің басшысы Мәдениет Бобжановқа бинесмендердің "тұралап қалғанын", "жұмысқа дұрыс бейімделуге" ниетінің жоқтығын айтып наразылығын білдірген болатын:

"Инвестицияны көбейтуде біз неге жетістікке жетпедік? Біздің кәсіпкерлеріміз қайда? Мысалы кәсіпкерлер палатасы жалпы сомасы 100 млн доллардың инвесторларын тартты деп айтсаңыздар, міне, сол елбасымыз талап еткендей нақты нәтиже болар еді. Жұмысты солай істеу керек".

Сондықтан көшпелі алқа барлық мәселені қарап, Қарағанды облысында бизнестің дамуына, расында, кәсіпкерлердің өзі ме, жоқ, әлде кейбір мемлекеттік шенеуніктер ме, кім кедергі келтіріп отырғанын анықтау керек еді.

Бас прокурор сөзін өздерінен бастады:

"Бастысы – қысым, бұл жасырын емес, бұған құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура да кінәлі. Қылмыстық іс қозғап, бизнес субъектілерін қылмыстық процеске тарту ең тамаша жол, ал бұл салықшылардың, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың тексерісі емес.  Бұл нағыз қылмыстық іс. Ал қылмыстық іс аясында бәрін де жасауға: тінтуге де, шектеу қоюға да, мәжбүрлеу шараларына да, қамауға алуға да болады. 

Сондықтан бұл тұрғыда күрделі мәселелер бар. Сол себепті біз жедел түрде экономикалық қылмысты тіркеу тәртібін, яғни қай уақытта қылмыстық процесті бастауға болатын ережені өзгерттік. Былтыр біз осындағы (Қарағанды облысы) жағдаймен таныспақшы болдық. Аймақ кездейсоқ таңдалған жоқ: бұл инфрақұрылымы дамыған ірі өнеркәсіптік облыс, сондықтан осында өз қызметкерлерімізді жібердік (қадағалау органы 2015-2016 жылдар аралығындағы аймақтың мемлекеттік органдарының жұмысын тексерді – автордың ескерт.). Сіздегі жағдай бас прокуратураның көзімен қандай екенін менің әріптестерім айтып беретін болады".

Бұл көзқарасты тексеруші топтың басшысы, ҚР БП оныншы департаменті басқармасының бастығы Ержан Ералиев мәлім етті, ол өңірдегі кәсіпкерліктің осал тұсын бірден басты:

"Қарағанды облысындағы бизнес тексеруден көз ашпай отыр. Біз санап шықтық, облыста бизнесті тексеріп, ықпал ете алатын 141 мемлекеттік орган бар! Бірақ кәсіпкерлер бәрінен бұрын мемлекеттік кіріс департаментінен жапа шегіп келеді. 2016 жылы салықтық тексерулер 25%-ға өсті. Оның 62% түк нәтиже бермеді. Жалған актілер жасады да, 23 фирманы ҚҚС бойынша заңсыз тіркеуден шығарған. Бизнесмендер осы шешімнің күшін тек сот арқылы ғана жоя алды. 2015 жылы жалған кәсіпкерлік бойынша қозғалған 437 істің 7-і ғана сотқа жіберілді, салық төлеуден жалтару бойынша 93 істің 4-і ғана сотқа тапсырылған. 2016 жылғы жағдай да мәз емес: 948 істің 57-сі ғана сотқа жіберілді. Мемлекеттік кіріс депаратаменті өзінің маңыздылығын көрсету үшін жалған есептермен айналысқан.

Осыған байланысты Ержан Ералиев баяндаған облыстық мемлекеттік кіріс департаменті жұмысының схемасы құлақ түргізгендей еді:

"Салық органы борышкерлерді табады. Кәсіпкер өз еркімен бюджетке салық төлей бастайды. Осы кезде экономикалық қызмет іске араласып, қылмыстық іс қозғайды. Содан соң оны дереу тоқтата қояды. Сөйтіп салық есебінде төленген миллиардтаған соманы өз активіне енгізе салады".

Құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура, бизнесті дамытуға мүдделі. Неге? Себебі барлық қылмыс жасаған адамның 84%-ы жұмыссыз отырған адамдар. Ал жұмыс орнын кім ашады? Ең алдымен, ол әлбетте, бизнес.

Жақып Асанов бірден әрекет етіп, алқаға қатысып отырған Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жанғарашевті "қаскөй" деп, оған жақсы бір кеңес айтты.

"Сізбен жұмыс істеп жүргеніме ұяламын! Сіз бас прокуратураның тергеу департаментін басқардыңыз ғой! Қаскөй! Сіздің осындай ресми ұстанымыңызды көрген тергеушілер қалай жұмыс істейді? Әрине, олар әрбір қылмыстық істі негіздеуге сылтау табады. Әрбір қылмыстық іс адамның жүйкесін тоздыратынын түсіну керек. Жұмыстан шығарыңдар! Міне, менің жұмыстан қалай шығарып жатқанымды көріңдер. Мен шығарып қана қоймаймын, түрмеге отырғызамын. Үшеуі қазірдің өзінде сотталды. Оларды қайта тәрбиелеудің қажеті жоқ. Болды, бәрі де кеш".

Дәл осы жерде Ержан Ерғалиевтің заңсыз шешім қабылдаған прокуратура қызметкерлеріне қандай шара қолданылатыны туралы ақпары дөп келгендей болды.

"Жергілікті прокурорлар да ерекшеленіп отыр, себебі қылмыстық процесс барысында мүлде заңсыз 39 тексеріске рұқсат берген. Олар – облыс прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары Рашид Дубаев, Теміртау қаласының бұрынғы прокуроры Біржан Шаулиев, Қазыбек би ауданының бұрынғы прокуроры Думан Қаржаспаев, Жезқазған қаласының бұрынғы прокуроры Алексей Куляшиндер".

Еске сала кетейік, Бас прокурор Жақып Асановтың 10 қазандағы бұйрығымен Бас прокуратураның тәртіп комиссиясының ұсыныс негізінде Қарағанды облысының бірінші орынбасары Рашид Дубаев, облыс прокуратурасының қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Алмас Абдақасов және Теміртау қаласының прокуроры Біржан Шаулиев лауазымдарынан босатылды.

Алқа отырысы барысында кәсіпкерлердің үкіметке деген сенімі жайында көп айтылды. Онсыз жай жұмыс та, жалпы бизнес те өмір сүре сүре алмайды. Мысалы, Ержан Ерғалиевтің айтуынша,  Мұстафин атындағы кентте 2015 жылы су тасқынынан кейін бұзылған үйлерді салу кезінде қарағандылық алты фирма әкімдік уәдесіне сеніп зардап шеккен. Кәсіпорындар үйлерді тұрғызуды келісімшарттарға қол қойылмай тұрып, тек облыстық шенеуніктің "уәдесіне" сеніп бастап кеткен.

"Егер шенеунік кәсіпкерді алдайтын болса, үкіметтің беделі мен оған деген сенім жөнінде қандай әңгіме болуы мүмкін? Әкімдер үшін бизнесті әуре-сарсаңға салу әдетке айналған. Бюджетте ақша болмаса, ақша сұрап, төлейтіндеріне уәде береді де, кейін "ауыздарын аңқитып" кетеді. 2015 жыл болған су тасқыны естеріңізде бар ма? Сол кезде бизнесмендер алып шыққан болатын. Әкімдіктің өтініші бойынша зардап шеккендерге үй салды. Оларға құрылыстың бір шаршы метрі үшін 150 мың теңгеден төлеуге уәде берген. Алайда келісімшарт жайы сөз болған кезде әкімдік оны 90 мың теңгеге дейін түсіріп жіберген. Келіспеске амал жоқ, өйткені құрылыс басталып, қабырғалары тұрғызылып қойылған. Бірақ әкімдік үйлері бірдей болса да, кейбіреуіне 150 мың теңгеден төлеген! "

Бас прокурор мұндай "әртараптандырылған тәсілге" қатты таңданып, тиісті тапсырма берді.

"Мұндай әр түрлі тәсілдің болуына не себеп? Мұны кім шешкен? Біз – прокуратурамыз, бізді нақты кінәлі адам қызықтырады. Біз қылмыстық іс қозғай аламыз ғой. Экономикалық тергеу қызметі кәсіпкерлерге қылмыстық іс қозғағанша, осы ақшаларды анықтауы керек еді", – деді Жақып Асанов.

Айта кетейік, облыста шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеп отырған 85 мың кәсіпкер бар. Прокуратураның мәліметі бойынша, онда 225 мың адам жұмыс істеп жүр.

Олег И. Гусев, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу