"Ауыл – ел бесігі" жобасының тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші нашар

1407

Биыл ашылатын 20 мың жұмыс орнының 800-і ғана тұрақты болады. 

"Ауыл – ел бесігі" жобасының тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші нашар

Сенатор Әли Бектаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, "Ауыл – ел бесігі" жобасын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін күн тәртібіне қойды. 

Ол жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елді мекендерді іріктеу қағидалары түсініксіз екенін алға тартты.

"Тізімге 3561 елді мекен енгізілген. Олар негізінен аудан орталықтары мен олардың айналасындағы ауылдар. Ал шалғайдағы елді мекендер тиісінше  қамтылмаған. Ең сорақысы, "Ауыл – ел бесігі" жобасын дайындау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "ҚазАгро" акционерлік қоғамының қаржы институттары осы жобадан тыс қалған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы 448 млрд теңге бөлінді. Оның 1,6 млрд теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орнын ашуға арналған 22 жобаға жұмсалған. Ал 2020 жылы ауылдық жерлерде ашылатын 20 мың жұмыс орнының тек 800-і тұрақты болмақ. Бұл орта есеппен әр төрт елді мекенде бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз", – деді депутат.

Әли Бектаевтың баяндауынша, бұл бағыттағы инвестициялық жобалардың әлеуметтік тиімділігі  төмен. Жобалар "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", "Еңбек", "Бизнестің жол картасы-2025" сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірілмеген. Ал ауылдардың инфрақұрылымдық мәселелерін түбегейлі шешуге арналған бастамалар жүйелі жоспарланбаған. "Жобаны дайындап, іске асырар алдында ауылдық елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігін зерттейтін, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін анықтайтын кешенді жұмыстар жүргізілді ме? Осы жобаға енгізілген әлеуеті бар 1173 тіректі, 2388 спутниктік елді мекен қандай критерийлермен анықталды?", – деп түйді депутаттық сауалын Әли Бектаев.

Қанат Махамбет  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу