2020 жылы кәсіпкерлерді тексеру 40%-ға қысқарады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3234

Мақсатқа жету үшін қолданыстағы 13 кодекс пен 103 заңға 1 мыңға жуық түзету енгізілді. 

2020 жылы кәсіпкерлерді тексеру 40%-ға қысқарады

Бұл туралы елорда да "кәсіпкерлік қызметтің мемлекеттік реттелуін жетілдіру" деген тақырыппен өткен конференцияда айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов "Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырды. Бұған дейін аталмыш құжат еліміздегі барлық мемлекеттік органдар мен "Атамекен" КҰП-тың сараптауынан өтті.

Қазір заң жобасын президент әкімшілігі қарап жатыр. Алдағы уақытта құжат мәжіліске жолданады.

Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің  мәлімдеуінше, заң жобасы мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауды, өзін-өзі реттеу институтын дамытуды, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды жоюды, бизнес шығындарын жаппай төмендетуді, бизнесті қолдау шараларын ілгерілетуді, сонымен қатар "Doing Business" рейтингінде Қазақстанның орнын жақсартуды көздейді.

"2007  жылдан бері мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау қызметiнің барлық әрекеті үкіметтің назарына алынды. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қарсы жұмыс істейтін әкімшілік кедергілер мен тосқауылдар қысқара бастады. Алайда бизнес бақылаудан босаған жоқ. Кәсіпкерлердің кез келген қате-кемшілігі жіпке тізіліп отырды. Әкімшілік айыппұл шағын және орта бизнес өкілдерін титықтата бастады. Мамандар жаңа заң жобасында осының барлығын ескеруге тырысты", – деді Серік Жұманғарин.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, жаңа құжатта кәсіпкер  тарапынан туындайтын түрлі кемшіліктің алдын алуға басымдық берілген.

"Бұл реформа инспекторлар мен тексерушілердің бүгінгі таңдағы "анықтау және жазалау" деген ұстанымын "құқық бұзудың алдын-алу және ескерту" деген  саясатқа ауыстыруға түрткі болады", – деді Серік Жұманғарин

Оның түсіндіруінше,  кәсіпкердің қандай да бір айыбы анықталса, ол бұрынғыдай сотқа сүйрелмейді.

"Кәсіпкерлерге қатені дұрыстауға 20 не 30 күн уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында мәселе оң шешімін тапса, іс жабылады", – деді Серік Жұманғарин.

Вице-министрдің сөзінше, қайталануына және тиімсіздігіне байланысты 114  бақылау қызметінің 27-сі және 18 қадағалау қызметінің үшеуі жойылады.

Заң күшіне енгеннен кейін инвестициялар және даму министрлігі меншік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды, әділет министрлігі  нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялауды,  мәдениет және спорт министрлігі  спорт объектілеріне техникалық қызмет көрсету, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы сақтау жөніндегі стандарттарды, ережелер мен нормаларды сақтауды, денсаулық сақтау министрлігі  халыққа жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу ұйымдастыру және өткізуді бақылау құқығынан айырылады.

"2018 жылға дейін тексерулердің жалпы саны 30%-ға азаяды. Ал 2020 жылы кәсіпкерлерді тексеру тағы 10%-ға қысқарады. Нәтижесінде көрсеткіш 40%-ға жетеді", – деді Серік Жұманғарин.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың 544 бақылау функциясы бар екен. Заң жобасында осының 150-ін қысқарту ұсынылыпты. Бұл туралы ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту директорының орынбасары Асланбек Жақыпов:

"Бақылау функциясы көп болған сайын бизнес  субъектісіне көрсетілетін  қысым арта береді. Осының алдын алу үшін біз заң жобасына нақты ұсыныс енгіздік", – деді.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдар 2010 жылы 349236 тексеріс жүргізген. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 3 есе азайып, 98555 деген санмен шектелген.

"Десек те бізге кәсіпкерлерден тексерістердің толастамай тұрғанына қатысты шағым түсіп жатыр. Осыған орай біз оларды жазалауды доғарып, ымыраласа әрекет ету бастамасын көтердік. Яғни кез келген кәсіпкерге қандай да бір ағаттығы  үшін ең әуелі ескерту жасалып, оны дұрыстауға уақыт беріледі. Кәсіпкер межелі мерзімде барлық талапты орындаса, әкімшілік жаза қолданылмайды. Бұлай болмаған жағдайда тексеруші заң талабына жүгінеді", – деді кәсіпкерлікті дамыту директорының орынбасары.

Өз кезегінде пікір білдірген "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы хатшылығының меңгерушісі, "Атамекен" КҰП жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова "Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының жасалуына кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өлшеусіз үлес қосқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол жиналғандарға ұлттық экономика министрлігінің бір кемшілігі бар екенін жариялады.

"Министрлік жергілікті жердегі жағдайды назардан тыс қалдырады. Жаңа заң жобасындағы сандар ауадан алынған жоқ. Кез келген заң жобасын қабылдауға, түсінуге, қолдануға қоғам дайын болуы керек. Бұл үшін министрлік түсіндіру жұмысына басымдық беруі тиіс. Ал оның аймақтарда құрылымдық бөлімшелері жоқ. Сонда бұл істі кім атқарады, "Атамекен" бе? Біз барлығымыз кәсіпкерлердің ақшасына өмір сүріп отырмыз. Бірақ бізге қойылатын талап қатаң. Біз көп жауап беруге, көп айтуға тиіспіз. Жақсы, біз түсіндіру жұмысын жалғастыра береміз, сонда бұл жерде мемлекеттің рөлі қайда?..." – деді Ләззат Рамазанова.

Басқосу барысында "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев пікір білдірді. Ол заң жобасы бизнесті әділ бәсекелестікке бастап қана қоймай, рейдерлік әрекеттің жолын кесуге негіз болатынын жеткізді.

"Мен бір нәрсеге ерекше назар аударғым келеді. Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызғанымен жаңа салық кодексінің новеллаларында салық инспекторларына соттың шешімінсіз кәсіпкер жасаған келісімнің  заңсыз екенін анықтау құзыреті берілді. Бұл құзірет шағын және орта бизнеске кері әсер етеді",– деп түйді ойын Рахым Ошақбаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу