2024 жыл Қазақстан үшін несімен есте қалды?

676

Санаулы сағаттардан кейін Жаңа жыл басталады.

2024 жыл Қазақстан үшін несімен есте қалды? Фото: саnva.com

2024 жыл еліміз үшін маңызды жаңалықтарға толы жыл болды. Оның ішінде су тасқыны, АЭС құрылысы жөніндегі референдум, Ұлттық қордан балалардың шотына ақша аударылуын айтсақ болады.

Бұдан басқа әлі күнге дейін қызу пікірталастар тудыратын бірыңғай уақыт белдеуі мәселесі де бар. inbusiness.kz сайтының тілшісі ұлу жылында болған оқиғалар мен жаңалықтарға шолу дайындады.

Ұлттық қордан балалардың шотына ақша түсті

18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар ақпан айында қуанышты жаңалық естіп, бөркін аспанға лақтырды. Ұлттық қордан балалардың шотына алғашқы 100,52 доллар түсті.

Биылдан бастап қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы олардың шотына аударылып, доллармен сақталатыны белгілі болды. Балалар кәмелеттік жасқа толған соң жиналған қаражатты үй сатып алуға немесе университеттегі оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Бірден айта кететіні, ақшаны мерзімінен бұрын шешіп ала алмайсыз.

Бірыңғай уақыт белдеуі

1 наурызға қараған түні еліміздің бүкіл аумағы UTC+5 уақыт белдеуіне көшті. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында сағат тілі бір сағатқа артқа жылжыды. Сол уақытқа дейін Қазақстанда екі уақыт белдеуі қолданылған болатын.

Кейбір азаматтар ескі уақыт белдеуін талап етіп, өзінің қарсылығын петиция арқылы жеткізді. Осылайша, 50 мың адамның қолы жиналды. Бұл мәселе арнайы жұмыс тобының қарауына ұсынылды. Алайда Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тартты.

Жалпы ел Үкіметі жаңа уақыт белдеуін барынша қолдап отыр. Жаңа уақыт белдеуінің алдағы үш жылда халықтың денсаулығына қалай әсер ететініне зерттеу жүргізілетіні айтылды. Бұл мақсатқа 160 млн теңге қажет екені де белгілі болды. Бірақ желтоқсан айында тиісті зерттеудің үш жылда емес, 3 айда жүргізілетіні туралы ақпарат шықты. Мұндай бастаманы депутаттар көтерген. Енді бұл жұмыс келесі жылдың наурыз айына дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ зерттеуге кететін қаражат көлемі 54 млн теңге деп белгіленді.

Жүз мыңдаған халықты әбігерге салған су тасқыны

Көктемдегі су тасқыны бірнеше өңірдегі тұрғындардың мазасын алды. Кейбіреуі жалғыз баспанасынан айырылса, енді бірі су шайған үйлерін күрделі жөндеуге қомақты қаражатты керек етті. Арасында уақытша орналастыру пунктерін, туған-туысты паналауға мәжүр болғандар да бар.

Жалпы 10 өңірде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Әсіресе Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары ең көп зардап шекті.

34 мыңнан астам отбасыға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. 9156 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қысқа мерзімде 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Топан су жалпы 120 мыңнан астам қазақстандықтың өміріне әсер етті. Мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілді.

Әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жаза күшейді

Президент тиісті заңға сәур айында қол қойып, құжат маусымнан бастап күшіне енді. Осылайша әйелдер мен балаларға қарсы жасалған барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жаза күшейтті. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық болып танылды. Ал денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

Бұдан басқа өзін-өзі өлтіруге итермелегені және оны насихаттағаны үшін қылмыстық жаза бар. 16 жасқа толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Балаларды ұрлағаны үшін де жаза айтарлықтай күшейтілді.

Буллинг, кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. 16 жасқа дейінгі балалар жол ақысын төлемеген жағдайда, оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Бүкіл ел болып көрген атышулы сот процесі

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мамыр айында 24 жылға сотталды. Ол жазасын Степногорсктегі қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтеп жатыр. Қылмыстық істе екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылған болатын. Процестің өзі Жоғарғы соттың желідегі парақшасында тікелей эфирде көрсетіліп, БАҚ-тың және алқабилердің қатысуымен өтті. Айта кететіні, 2023 жылдың 9 қараша күні Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілініп, ұсталды. Қайғылы оқиға елордадағы Bau мейрамханасында болған.

ШЫҰ саммиті

3-4 шілде күндері Астанада өткен саммитке Қазақстаннан басқа, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның президенттері мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Беларусь ресми түрде ұйымға мүше болды.

Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды. Бұл құжатта өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұйымның ұстанымы жарияланған.

Олимпиада ойындарынан 7 медаль бұйырды

Қазақстан Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 206 ел ішінен 41-орынға тұрақтады. Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жеңіп алды. Олимп шыңын дзюдошы Елдос Сметов бағындырып, ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Бұдан бөлек гимнаст Нариман Құрбанов, грек-рим стилінің балуаны Демеу Жадраев және боксшы Нұрбек Оралбай күміс еншіледі. Ал Назым Қызайбай, Александра Ле және Ислам Сәтбаева, Ғұсман Қырғызбаев секілді спортшылар қоланы місе тұтты.

Көшпенділер ойындары

8-13 қыркүйек аралығында елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Барлығы 21 спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда,  ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, дәстүрлі садақ ату және т.б. ойындары бар. 90-ға жуық елден 2500-ге жуық спортшы қатысты. 1600 ерікті болды. Қалада дүбірлі жарысқа орай "Көшпенділер әлемі" этноауылы ашылды.

Командалық есепте Қазақстан бірінші орын иеленді. Ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола жүлде жеңіп алды.  Үздік үштікті Өзбекстан мен Қырғызстан қорытындылады. Келесі ойындар Өзбекстанда болады деп жоспарланғанымен, бұл ел оны өткізуден бас тартты. Сондықтан да эстафетаны Қырғызстан жалғастыратын болды.

Талғар оқиғасы

Қазан айының басында Алматы облысына қарасты Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға дүйім жұртты дүр сілкінтті. Бүгінгі таңда бұл іс бойынша 11 күдікті анықталды. Полиция қылмыстық істі 5 бап бойынша тергеп жатыр. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты тергеу аяқталуға жақын екенін хабарлады.

Елде АЭС салынады

Биылғы 6 қазанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтті. Оның өткізілу күні қыркүйек айының басында белгілі болған еді. Референдумға қатысуға құқығы бар қазақстандықтардың саны – 12 миллион 284 мың 487 адам. АЭС құрылысы үшін азаматтардың 71,12 пайызы өз дауысын берді.  Яғни, 5 миллион 561 мың 937 адам қолдаған. Тиісінше референдумға шығарылған мәселе бойынша оң шешім қабылданды.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысын тездетуді тапсырған болатын. Ел билігі бұл еліміздегі ең ірі инвестициялық жобаға айналады деп отыр. Қазақстан АЭС құрылысы бойынша Ресей (Росатом), Қытай (CNNC), Франция (EDF) мен Оңтүстік Корея (KHNP) сияқты елдердің компанияларын қарастырып жатыр. Әзірге бұл жобаны елімізде қай компания жүзеге асыратыны белгісіз.

Доллар 500 теңгеден асты

Қараша айында бір долларға шаққанда теңге құны 500 теңгеден асты. Соңғы отыз жылда төл валюта 100 есе, яғни 4,69 теңгеден 494 теңгеге дейін құнсызданды. Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру мақсатында 15-28 қараша аралығында 1 млрд долларға валюталық интервенция жасады. Көк қағаз бағамына әсер етіп жатқан негізгі үш факторды атап көрсетті. Теңге құнына доллар жаһандық нығаюы, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі ықпалын тигізді. Сонымен қатар рубльдің әлсіреуінің де әсері болды. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов девальвацияға негіз жоқ екенін айтты.

Ақтау маңындағы ұшақ апаты

25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында "Баку-Грозный" бағытындағы Embraer 190 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі. Бортта барлығы 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болды. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, оның ішінде Қазақстанның 6 азаматы бар. Ал 29 адам аман қалды. Әуе кемесі құлаған жерден екі қара жәшік табылғаны белгілі болды. Қазақстан борттағы өздігінен жазғыш құралдарды Бразилияға жіберді. Әуе апатының нақты себебі әзір белгісіз. Бұл сараптама қорытындысынан кейін ғана белгілі болады.  Экипаж мүшесі ұшақта оттегі баллоны жарылды деген нұсқаны жоққа шығарды. Жалпы AZAL әуе көлігі елімізден тыс жерде зақымданған. Осылай деп Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. Мәскеу Бакуден қайғылы жағдайдың Ресей аспанында болғаны үшін кешірім сұрады. Олар Грозныйға украиналық дрондар шабуыл жасағанын, бұл соққыларға ресейлік әуе қорғаныс жүйелері тойтарыс бергенін айтты.

Бұл ретте Росавиация Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың Грозныйға неге қона алмағанын түсіндірді. Олар Грозный әуе кеңістігі Embraer ұшағы апатқа ұшырамас бұрын жабылғанын алға тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу