Бишімбаев пен Байжанов сотталды

10611

Наурыз айынан бері жалғасқан атышулы сот процесіне нүкте қойылды. 

Бишімбаев пен Байжанов сотталды Фото: inbusiness.kz

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. Ал аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

“Сот Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін  99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен айыпты деп танып, оған: , ҚР ҚК-нің 2-бөлігі, 7 жыл бас бостандығынан айыру, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша, қылмыстардың жиынтығы бойынша 20 жыл бас бостандығынан айыру жазаны ішінара қосып, түпкілікті 24 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, - деді судья.

Айта кететіні, 2023 жылдың 9 қараша күні Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілініп, ұсталды. Қайғылы оқиға Bau мейрамханасында болды. Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі экс-министрдің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Күдіктіге Қылмыстық істің "Қинау" және "Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру" баптары бойынша іс қозғалды.

"Құдайдын сынағынан өте алмаған" экс-шенеунік

Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысында экс министр өз кінәсін мойындамайтынын айтып, сот БАҚ-тың қатысуымен өтуін сұрады.

Алайда сот процесі аяқталуға жақындағанда Бишімбаев әйелін "абайсызда" өлтіргенін айтып,  кінәсін мойындады.

Қуандық Бишімбаевтың соты журналистердің және алқабилердің қатысуымен өтті.

"Біз күн сайын Құдайдың сынағына түсеміз. Ең жоғары адамгершілік құндылықтар сынға түседі. Сол күні, яғни қарашаның 8-нен 9-ына қараған түні бұл сынақтан өте алмадым. Осы әрекетке барғаным үшін өкінемін. Менің ата-анам мен туыстарым еш кінәлі емес, бұл менің кінәм және тек менің жауапкершілігім", - деді сотталушы сотта айтқан соңғы сөзінде.

Қуандық Бишімбаев марқұм Салтанат қайтыс болған түн туралы өз нұсқасын айтты.

"Ол мені балағаттай бастады, мен де оны боқтадым. Сөйтіп, жанжал басталды, ол менің көйлегімді жыртып жіберді, мен оны ұстап, қабырғаға итеріп жібердім. "Сабыр сақта" дедім. Ол маған тағы келе жатқанда мен де оның жейдесін жыртып тастадым. Ол ашуланды. Жейдесін шешіп тастады. Оның үстіндегі киімнің бәрі 8-інде түс кезінде концертке барар алдында сатып алынған еді. Маған лақтыра бастады. Мен оны шапалақпен ұрып жібердім, ол кейін шегінді. Бәрі тез болды. Ол "шалбарымды шешемін" деді. Мен оны ұстап алдым", - деді айыпталушы.

Бұрынғы министр жедел жәрдемге емес, көріпкелге хабарласқан

Салтанат Нүкенова қаза болған түні Бишімбаев көріпкелге бірнеше рет қоңырау шалған.

"9 қарашада ол қоңырау шалып: "Салтанат екеуміз мас болып, қатты ұрысып қалдық" деді. Мен мұны маңызды мәселе деп қабылдаған жоқпын. Бірінші қоңырау сағат 15.00-де және 16.00-де болды. Мен оған дереу жедел жәрдем шақыруды айттым. Ол маған: "Қайдағы жедел жәрдем? Есін жинасын" деді. Оның ұйықтап жатқанын, қозғалмайтынын айтты. Ол адам төзгісіз болды. "Салтанаттың жағдайы жақсы" деп жазуымды сұрады. Ол мас болды", - деді шымкенттік көріпкел.

Сот отырысында жауап берген көріпкел Бишімбаевқа мемлекеттік жедел жәрдем шақыруды немесе жеке клиникаларға баруды ұсынғанын айтты.

"Ол көпшілік алдына шығудан қорқады. Өзі туралы ақпарат көпшілікке жарияланып кетуден қорқатын", - деді куәгер.

                                   Бишімбаев Нүкенова өлтірілген күні оны видеоға түсіріп, балағаттаған

Сотта тексеру кезінде Бишімбаевтың телефонының галереясынан бейнефайлдар табылды. Экс-министр марқұм Нүкенова қаза тапқан күні оны видеоға түсіріп, балағаттаған.

"Бейнежазбалардың бірінде Бишімбаев Нүкенованы қорлау мақсатында барлық әурет жерін видеоға түсіруге тырысып жатқанын көруге болады. Алайда, Салтанат жалаңаш кеудесін жауып, аяғын қысады. Оның көзінде қорқыныш пен дәрменсіздік болды. Мұның бәрі қорлау сөздерімен қатар соққылармен бірге болған әрекет", – деді адвокат Әлия Омарова.

                             "Юлия супер": Экс-министр қайғылы оқиға күні басқа әйелдермен хат алмасқан

Сот отырысында экс-министрдің телефоны зерттеліп, Бишімбаевтың Салтанат өлім аузында жатқан күні бас әйелдермен сөйлескені анықталды. Соның бірі күдіктінің телефонында "Юлия супер" деп сақталған әйел. Екінші сөйлескен адамы – блогер Гүлнара Насырбекова. Ол Қуандық Бишімбаевпен гольф клубта танысқанын айтты.

Сонымен қатар бұған дейін Бишімбаевтың телефонына куәгер Насырбековадан "сен раушан иісі аңқисың" деген хат келгені белгілі болды.

Гүлнар Насырбекова бұл хатты Қуандыққа шатастырып жібергенін айтып, ақталды.

"Менің телефонымда ол "Қуандық" деп сақталған. Ал, менің Алена деген құдағиым телефонымда "Құдағи" деп жазулы болған. Сол күні құдағиымның туған күні еді. Мен BAU мейрамханасынан кездесуден шыққаннан кейін торт пен гүл алуға барғанмын. Алған бенто тортым мен гүлді фотоға түсіріп, құдағиыма жібергенмін. Шатасып кеткен болармын. Бүгін ғана соны көргенде таңғалдым. Мен Қуандық емес, Құдағи деген нөмірге жібердім деп ойладым", - дейді ол.

Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың отбасылық өмірі

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің сөзінше, Салтанат отбасылық өмірге аса жауапкершілікпен қарағандықтан, тұрмыс құруға асықпаған. Онда неке мәңгілік болуы керек деген түсінік болған.

Алғашында Салтанатқа Бишімбаев мүлдем ұнамаған. Экс-министр оның талғамындағы жігіт болмаған, бірақ ол сонда да арудың көңілін табудың бар амалын жасапты.

Салтанаттың отбасы Бишімбаевтың жемқорлық үшін сотты болғанын біліп, қарым-қатынасқа қарсы болған. Алайда Салтанат "бұл өтірік, сенбеңіздер, оған жала жапқан" деп олардың ойын өзгертуге тырысыпты.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Бишімбаев Нүкенованың барлық телефон қоңырауын бақылап, оған жұмыс істеуге тыйым салған. Қаржы жағынан өзіне толықтай тәуелді еткен. Бұдан басқа жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсеткен.

Бақытжан Байжанов – Бишімбаев ісі бойынша екінші айыпталушы

Сот отырысында Бишімбаевтың қылмысын жасырды деп айыпталған Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Екінші сотталушы Байжанов Бишімбаевтың Салтанат Нүкеноваға қол көтергенін біле тұра, неге араласпағанын түсіндірді.

"Салтанаттың ісіп кеткен көздері мен қызарған жерлері туралы Бишімбаевтан сұрамадым. Араларында жанжал болды деп түсіндім. Олардың үнемі жанжалдасатынын және Бишімбаевтың Салтанатқа қол көтеретінін бұрыннан білетінмін. Бұған үйреніп қалғаным соншалық, таң қалған жоқпын", - деді Байжанов.

Айыпталушы жарыссөзде айтқан сөзінде қайғылы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты.

"Мені Бишімбаевпен бірге Салтанаттың денесін жасырмақ болды деп айыптап отыр. Расында да, айыптаушы тарап пен жәбірленуші тарап айтқандай, Бишімбаевпен бірігіп, Салтанаттың денесін жасыруды жоспарласам, неге солай істемедім?! Олардың логикасына сүйенсек, күні бойы денені жасыруға дайындалғандай боламын. Онда неге ыңғайлы уақыт туғанда, алдымыз түн болғанда, оның үстіне мейрамханада бөтен ешкім болмаған кезде бұл идеядан бас тарттым? Мен мұны әу бастан жоспарламағандықтан істемедім. Мен тіпті Салтанат қайтыс болғанын білмедім", - деді ол.

Байжанов Бишімбаевтың оған қысым көрсетіп жатқанын да тілге тиек етті. Ол судьядан өзін Бишімбаевтан бөлек отырғызуды сұрады.

"Маған былай айт, былай деп жауап бер" деп қысым көрсетіп отыр", - деді Байжанов.

Бастапқыда Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің "Қылмысты жасырып қалу" (432-бап) және "Қылмыс туралы хабарламау" (434-бап) баптары бойынша айып тағылған болатын. Алайда кейін жарыссөз барысында Байжановтан "Қылмыс туралы хабарламау" деген айып алынып тасталды.

Нүкенова неден қайтыс болды?

Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенова қандай жарақаттардан, қалай қайтыс болғанын айтып берді.

Сараптама қызметкері жарақаттарды манекенге бейнелеп тұрып көрсетті. Оның айтуынша, Салтанаттың бетіне, бас сүйегіне 12-13 соққы тиіп, соның бәрі жиналып, өлімге әкеліп соққан. Сондай-ақ марқұмның мойынында қылқындыру белгілері байқалған.

"Барлық аймақ боялған. Мұның бәрі бірге бас жарақаты болып есептеледі. Оған бет пен бас сүйегі кіреді. Көк – көгеру, қызыл – жырылған жерлер. Сарапшының қорытындысында бас миының жарақатын (зақымдануын) көрсететін сот - медициналық диагнозы қойылды. Бұл жарақаттар мидың зақымдалуына әкеледі. Мұның бәрі бірге ауыр зиян келтіру ретінде жіктеледі және өлімге әкеп соғатын тікелей себеп болып табылады. Яғни, өлімнің себебі – жарақаттың болғанына, оларды бөлек қарастыруға болмайды", - деді сарапшы.  

Бишімбаев Салтанатты қызғаныштан өлтірді – прокурор

"Бишімбаев Салтанатты қызғаныштан өлтірді. Тағы бір маңызды нәрсе - Бишімбаевтың қорғаушылары айыптау актінде Салтанат өлген уақыт екі түрлі келтірілгенін, Салтанат кешкі уақытта қайтыс болғанын айтады. Бұл олай емес. Егер айыптау актін дұрыстап қарасақ, Бишімбаев 9 қарашаға қараған түн ұра бастағаны жазылған. Оған куәгерлердің айғағы да дәлел", - деді прокурор Айжан Аймағанова.

Мемлекеттік айыптаушы мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрғанын жеткізді.

"Былай қарасаң ақылы да, білімі де бар сияқты. Сыртқы келбеті де жаман емес. Бірақ ең бастысы жүрек жоқ. Көзінен өкініш, жанашырлықты да байқаған жоқпыз", – деді прокурор Бишімбаев туралы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу