Абылай Мырзахметов: "Бизнес өткізу нарығы мен қаржыландыру көзін іздейді"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
22135

Тауар сату мен несиелеуге байланысты қиындық – бизнестің дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселе.

Абылай Мырзахметов: "Бизнес өткізу нарығы мен қаржыландыру көзін іздейді" Фото: Мария Матвиенко

2016 жылы "Атамекен" палатасының кәсіпкерлерден алған сауалнамасының нәтижесі осындай.

"Біз сауалнама жүргіздік. Жыл сайын, заң нормаларына сәйкес, мемлекет басшысына кәсіпкерліктің жай күйі туралы баяндама жасаймыз. Мемлекет басшысы онымен танысқаннан кейін, ол жарияланады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша мұндай баяндама жасалды. Сәуір айында 2016 жылдың қорытындысын шығарамыз және бұл жақсы дәстүр қалыптастырады деп ойлаймын. Онда 5 көрсеткіш бойынша шағын және орта бизнесті дамытуды қалайша реттеп жатқаны жөніндегі аймақтардың рейтингі де анықталады", – деді КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов "Бизнестің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын заңнамалық қамтамасыз ету және бұл салада "Атамекен" палатасы мен үкіметтің өзара қызметі" тақырыбында өткен парламент тыңдауында.

"2016 жылдың ортасына қарай сауалнамаға қатысқандардың 80%-ы негізгі қиындық өткізу нарығында екенін айтты. Яғни баршаға белгілі бағам түзетілгеннен кейін нарық айтарлықтай қысқарып қалды. Экспорттық өнімнің бағасы төмендеді, бюджет түзетілді. Бизнес атап өткен екінші қиындық – қаржылық құралдың қол жетімділігі. Бұл басымдық көрсетіп отырған екі күрделі мәселе", – дейді ол.

Ол алдын-алу шарасы ретінде отандық тауар экспортын дамытуды ұсынды, бұл өз кезегінде отандық өндірісті қолдайды.

Абылай Мырзахметов қазір кәсіпкерлік қызметке ауылдық жерлердің тұрғындары тартылып жатқанын баса айтты.

"Қазір біз оларды оқытып жатырмыз. Осының арқасында біздің көптеген шағын кәсіпкеріміз, орта бизнес кәсіпкерлік саласында сауатын ашты", – дейді ол.

2 мыңға жуық кеңес беруші мен сарапшы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретеді.

"Егер соңғы 2 жылда "Даму" қаржылық қолдау көрсетсе, палата өзінің құрылымдарымен кәсіпкерлерге толық қызметтік қолдау көрсетеді", – дейді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ барлық ірі қалада құрылған кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 26 орталық арқылы да көмек көрсетіліп жатыр.

"Жаңа жылдың алдында Жаңаөзен қаласында осындай орталық аштық және осы тәжірибемізді үкіметтің қолдауымен кеңейтуге әзірміз", – дейді Абылай Мырзахметов.

КҰП-тың орталық кеңсесінде 200-ге жуық сарапшы бизнеске қолдау көрсетумен айналысады.

"17 мыңнан астам өтініш түсті, оның 7 мыңы 2016 жылы түскен, яғни оң динамиканы көріп отырмыз. Әр жылы түсетін өтініш әртүрлі. Бірақ олар тек бизнеске қатысты екі мәселені ғана қарастырады. Бұл – жер мәселесі және рұқсат ету жүйесі, бірінші кезекте қала құрылысы саласындағы рұқсат ету. Мұның барлығы негізінен жергілікті атқарушы органның жұмысына байланысты, осыған орай 2016 жылы кәсіпкерлерге жасалған қысымның көбейгенін, әсіресе, салық саласында көбейгенін айтып өту керек. 7 мың шағымның 13%-ы салық саласына қатысты болып отыр, әрине, бұл жалған кәсіпкерлік мәселесіне байланысты да болды", – дейді ол.

Осы мәселелер бойынша КҰП үнемі тиісті жұмыс жүргізеді.

"Сіздер, бізде омбудсмен институтының жұмыс істейтінін білесіздер. Іс жүзінде кәсіпкерлер құқығын қорғау құрылымының барлығы мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген омбудсменге келіп тіреледі. Барлық облыста құрамына депутаттар кіретін облыстық кеңес бар. Біздегі орталық кеңеске сенат және мәжіліс депутаттары кіреді, бұл қорғауды қамтамасыз етуде үлкен көмек", – дейді Абылай Мырзахметов.

Былтырғы жылы КҰП-қа бизнес өкілдерінен түскен барлық өтініштің 40%-дан астамы оң шешілді. "Атамекен" жұмысының нәтижесінде кәсіпкерлер бұған дейін айыппұл немесе салық талабы ретінде салынған 50 млрд теңгені үнемдеді.

Келесі бағыттың бірі – бизнес-ортаны жетілдіру. Әңгіме нормативті-құқықтық актілер (НҚА) және заң жобаларымен жұмыс жайында болып отыр. Елордадағы және 15 өңірдегі кәсіпкерлердің ұсынысы бірыңғай тізілімге түседі.

"Олардың ұсынысы нақты қарастырылып қана қоймайды, қорытындысы бойынша жүйелендіріледі, сол үшін жүйелі қиындықтар тізілімі жасалды. Онда 400-ден астам мәселе болды, оның 67%-ы шешілді. Бұл да біздің өзара әрекетіміздің тиімділігі туралы айтады. Алайда істейтін жұмыс әлі де баршылық", – дейді Абылай Мырзахметов.

Негізінен әртүрлі қайшылық, әкімшілік кедергі тудырып қана қоймай, бизнеске қысым жасауға мүмкіндік туғызатын НҚК-ны екіұшты түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

Соңғы үш жылда КҰП ұсынған сараптамалық қорытындылардың 81%-ына оң шешім шығарылған. Бұл да бизнес үшін үлкен көмек. Бұл жерде әңгіме 4930 нормативтік-құқықтық акті мен 100 заң жобасы жайлы болып отыр.

Мырзахметов мырза рұқсат ету жүйесінің жетілдірілгенін де тілге тиек етті. Мемлекеттік мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істеудің арқасында талап етілетін рұқсатнамалардың саны 75 пайызға қысқарған.

"Қадағалаушы мекемелердің бақылау-қадағалау қызметтеріне санақ жүргізу жөнінде қыруар жұмыс істелді. Бұл жұмысты бас прокуратурамен бірлесіп отырып қолға алғанбыз. Бүгінгі таңға дейін 28 мыңның 11 мыңнан астамы жойылды деуге де болады. Яғни санақ жүргізілді", – дейді ол.

Сервистік қолдау аясында 40 мыңнан астам кәсіпкерге жөн сілтейтін кеңес берілген.

"Жыл сайын жаңадан құрылған 2,5-3 мың кәсіпорын осы кеңестердің арқасында кәсібін дөңгелетті. Оны біз жіті қадағалап отырмыз", – дейді басқарма төрағасы.

2,4 млрд теңге көмек берілді, оның ішінде 1,6 млрд теңгесі сервистік көмекке, қалғаны "Даму" қорының оқыту курстарына жұмсалған.

"Осының арқасында бизнесті қолдауды 3 есеге арттырдық. Яғни заң шығарушылар ұлттық палата құру жөнінде шешім қабылдап, тапсырмаларды орындау арқылы өз көмегін тигізді", – дейді Абылай Мырзахметов.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу