Адвокаттардың тарифі арзандайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3970

Қазақстанда адвокат болу – жақсы бизнес. Елімізде олардың клиенттері Италиямен салыстырғанда он есе көп. 

Адвокаттардың тарифі арзандайды

Бұл мәліметті Мәжілісте өткен үкімет сағатында әділет министрі Марат Бекетаев хабарлады. Сонымен бірге ол кәсіпкерліктің осы саласында жүргізілетін жаңа реформаларын жайып салды.

Үкімет сағатында депутаттар парламент тарихында алғаш рет нотариат және адвокатура институттарын дамыту және реформалау мәселелерін қарады.

"Адвокаттық қызмет туралы" заң Қазақстанда сонау 1997 жылы қабылданған, яғни бұл заңға биыл жиырма жыл толады.

Адвокатура институты адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және білікті заң көмегін алуға бағытталған. Заңмен көзделген жағдайларда заң көмегі елімізде тегін де көрсетіледі.

Адвокатурада алға қойылған міндеттерді орындаудың бірнеше тетігі бар. Олардың қатарына қылмыстық істерде адвокаттардың қорғаушы ретіндегі қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ сотта мүдделерді білдіріп, өкілдік ету және әртүрлі заң көмегін көрсету кіреді.

Мысалы, денсаулық сақтау саласында емханалар арқылы көрсетілетін "кепілдендірілген тегін медициналық көмек" деген бар. Сол сияқты адвокаттар да мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесінің негізгі қатысушылары болып табылады. Министрдің мәліметінше, жыл сайын бюджет есебінен тегін көмекті шамамен 150 мың адам алады екен.

Қазіргі кезде елімізде барлық қорғаушылар Республикалық адвокаттар алқасына және оның 16 аумақтық алқаларына кіреді. Қазақстандық адвокаттар корпусының жалпы саны шамамен 4 мың адамды құрайды. 

"Соған қарамастан, бүгінде Қазақстанда адвокаттардың жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Өйткені олардың қазіргі саны азаматтарды заңгерлік көмекпен толыққанды қамту үшін жеткіліксіз. Орташа есеппен республикада 1 адвокатқа шамамен 3900 азаматтан келеді. Дәл осы көрсеткіш мысалы, Италияда небары  – 260 адамды, Германияда – 500, ал Англияда – 900 адамды құрайды. Адвокаттардың тапшы екенін сондай-ақ жоғарғы сот та мәселе етіп көтеріп жүр. Себебі бір судьяға тіпті 2 адвокаттан да келмейді. Еуропада бұл көрсеткіш орташа есеппен 3-5 адвокатты құрайды", – деді әділет министрі.

Оның айтуынша, бәсекенің аз болуы кесірінен қорғаушы мырзалар өз қызметтерінің құнын шектен тыс көтереді. Мысалы, жоғарғы соттағы сот процестеріне қатысуға рұқсаты бар ең танымал адвокаттар және ірі компанияладың коммерциялық қорғаушылары сағатына бірнеше жүз доллардан сұрайды. Бұл ретте сотта дауды қарау бір-екі сағатқа ғана созылмайтыны, күндерге, апталар, тіпті айларға ұзайтыны мәлім.  

Министрдің байламынша, "бәленің" барлығы "кәсіпке кіру рәсімдері" деп аталатындардың қымбаттығында.

"Қолданыстағы кәсіпке кіру рәсімдеріне жүргізілген талдау мынаны көрсетті: Қазақстанда адвокат болу үшін кем дегенде жоғарғы заңгерлік білімің болуы керек. Бұған қоса адвокаттар алқасында алты айдан бір жылға дейін тағылымдамадан өтуің қажет. Бұл тағылымдама ақылы және оның құны жылына 140 мыңнан 280 мың теңгеге дейін барады. Содан кейін аттестаттау рәсімінен өтуге тиіссің. Ақыр соңында адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдануың шарт. Алқаға мүше болу үшін бастапқы жарна сомасын төлейсің, ол өңірлерге қарай 700 мың мен 800 мың теңге арасында құбылады. Бұл жарна мөлшерін қолданыстағы заң бойынша адвокаттардың облыстық алқалары өздері белгілейді", – деді Марат Бекетаев.

Осылайша заңгерлік білімін бизнеске айналдырып, одан нәпақа табуды ойлаған және елге қызмет етуді қалаған үміткерлерден адвокат мәртебесін алу үшін ұзаққа созылатын бірнеше күрделі рәсімдерді бастан өткеріп, орташа алғанда шамамен 1 млн теңге шығын шығару талап етіледі.

"Кәсіпке кіруді жеңілдету үшін әділет министрлігі республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп, бастапқы жарнаны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 227 мың теңгеге дейін, ал тағылымдамадан өту ақысын айына 5 АЕК-ке, яғни 11 345 теңгеге дейін төмендету мәселесін пысықтап жатыр" деген министр Марат Бекетаев артынша депутаттарға бұл мәселеде әлгі алқаның оған еш көнгісі келмейтініне шағымданды.

Министр бұл шара шығындарды екі есе азайтатындықтан, заң саласындағы кәсіпкерлердің – адвокаттар санының көбеюіне әкеледі деген сенімде.

"Адвокаттық корпус санының өсуі оның ішіндегі бәсекелестікті күшейтеді және бұл заңгерлік көмек көрсету үшін алынатын қаламақы сомасының азаюына әкеледі", –  деп мәлімдеді әділет министрі. 

"Адвокаттар енгізетін бастапқы және кейінгі жарналардан жиналатын қыруар қаржы сонда қайда кетеді?" деп сұрады депутаттар. Олардың байламынша, кіру ақысы жаңа адвокаттардың нарыққа келуіне қолбайлау болып отыр.  

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел неге барлығын жарнаның қайда кететіні толғандыратынына таңданысын білдірді.

"Кіру жарналары – мақсатты жарна болып табылады. Яғни ол сомалар инфрақұрылымымызды кеңейтуге бағытталады. Біз мемлекеттен бір тиын да алмаймыз. Ал шалғай аудандарда біз ауыл тұрғындарына құқықтық көмек көрсететін орынжайды қайдан аламыз? Заңнамаға бастапқы кіру жарнасы туралы бап кіргелі бері 3-4 жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде біз барлық өңірлерде, аудандарда өзімізге орынжайлар сатып алдық. Ауыл тұрғыны құқықтық көмекке зәру болса, оны қайдан алады? Оларда интернет жоқ. Бірақ ол соттың қасында заңгерлік кеңес-консультация кеңсесі бар екенін біледі және соған барып, тиісті көмек алады, – дейді Әнуар Түгел.

Қорғаушылар мемлекеттік құқық қорғаушылар кабинеттеріне қызыға қарайтын сияқты.

"Қараңызшы, жоғарғы сот, ішкі істер министрлігі, прокуратура қандай-қандай ғимараттарда отыр?! Ал адвокаттар клиенттерін далада қабылдауы керек пе? Тәуелсіздік алған тұста, адвокаттық алқалардың бірде бірінде орынжай болған жоқ. Қазір біз жарнаның арқасында соларды сатып алдық. Әрине судьялар мен прокурорлар отырған ғимараттай салтанатты болмас, бірақ біздікі де тамаша. Егер мемлекет орынжайларды тегін ұсынса, біз кіру жарналарынан бас тартуға әзірміз. Рас кіру жарналарын екінің бірі көтере алмайтыны жөніндегі байламмен келісеміз. Бірақ мысалы, жастар үшін біз оны кейін төлеуге мүмкіндік бердік. Ауылда тағылымдамадан өткісі келетіндерді кіру жарнасынан босатамыз, – деді республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.   

Сонымен бірге ол "бұл қаражаттардың бір бөлігі қайда кетеді" деген алаңдаушылықтарға қосылатынын да айтып қалды: "Иә, мен келісемін, қаражаттың жұмсалуының айқындылығын арттыру керек. Әрбір облыстық алқаның төл сайты болуға тиіс және олар онда өз бюджеті мен шығыстарын жариялап тұруы қажет. Мұны жасаймыз", – деп уәде етті Әнуар Түгел.

Әділет министрі Марат Бекетаев үкімет сағатында парламентшілердің назарын тағы бір келеңсіздікке аударды: "Заңнама бойынша адвокаттардың әрекетіне қатысты арыз-шағымдарды тексеру өкілеттігі облыстық адвокаттар алқасының төралқасына жүктелген. Қорғаушыларға тәртіптік жаза тағайындауды да осы төралқалар жүргізуге тиіс. Алайда республикалық алқада аумақтық алқалардың қызметін бақылау құзыры жоқ. Тәжірибе көрсеткеніндей, аумақтық алқалар тәртіпсіз адвокаттарды тәртіптік жазаға көп тарта бермейді. Көптеген жағдайда адвокаттар жіберген заң бұзушылықтары үшін тәртіптік жауапкершіліктен құтылып кетеді", –  деді министр.

Қорғаушылардың жауапкершіліктен жалтарып кету проблемасын шешу үшін әділет министрлігі республикалық адвокаттар алқасының өкілеттіктерін кеңейтуді жоспарлауда. Біріншіден, ол енді адвокаттарға қатысты арыз-шағымдарды тексеру құқығына ие болады. Екіншіден, тәртіптік теріс қылықтар туралы материалдарды қарап, өз бетінше тәртіптік жаза тағайындау өкілеттігін иеленбек. Сондай-ақ азаматтарды ондай қорғаушылардан сақтандыру үшін жазаланған адвокаттар туралы мәліметтерді республикалық алқаның ресми сайтында жариялау тетігі енгізіліп жатқан көрінеді.     

Расында кейбір қорғаушылардың біліксіздігі сыртында, тәртіпсіздігі де таңдай қақтырады.

Қостанай облысында "Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері" атағы бар 64 жасар адвокат Затобол кентінің жанында өз автокөлігінде бір әйелді зорлаған: ол жәбірленушіні алдап алып шығыпты. Алайда қазіргі кезде елімізде жүріп жатқан рақымшылық арқасында ол түрмеге түсуден құтылып кетіпті. Бұл туралы жақында Қостанай облыстық соты хабарлады.

Сондай-ақ өткен жылы сот үдерісі үстінде судьяны "масаұрғышпен" ұрғылаған қарағандылық адвокаттың қылығы да естіген жанға жаға ұстатты: сот үкімімен ол үш жылға сотталған.

Оның үстіне соңғы жылдары адвокаттарға қатысты арыз-шағымдар ауқымы артып барады: "Егер 2015 жылы оларға қарсы 180 шағым түссе, былтыр бұл көрсеткіш 206-ға дейін, яғни 75%-ға өскен. Оның ішінде негізделген, яғни шағымның дұрыстығы анықталған шағымдар саны 66%-ға артты. Сонымен бірге шағымдардың 80%-ы бойынша ешкім жаза тартпайды, бәрі адвокаттардың талқылауымен шектеледі",  –  дейді депутат Василий Олейников.

Әнуар Түгел қорғаушыларға қатысты шағымдардың өсуі "соттарда қаралатын істер санының өсуіне" байланысты деген пікір айтты. "Біз ондай теріс әрекеттерге теріс қараймыз. Мәселен, адвокаттар апеляциялық шағымдарды не кассациялық шағымдарды дер кезінде әзір етпей, кесілген уақытында енгізбей тастайды, сот процестерінің өсуіне кедергі келтіреді, сотта іс қарауға уақытында келмейді, сот үдерісі кезінде өздерін лайықсыз ұстайды. Біз мұндай адвокаттарды жазалаймыз", –  деген республикалық адвокаттар алқасының басшысы 2016 жылы 5 адвокатты алқадан шығарып тастағандарын жеткізді.

Дегенмен, елдегі адвокаттар нарығында қалыптасқан жағдайды мәжілістің вице-спикері Владимир Божко бір ауыз анекдотпен-ақ түйіндеді:

"Бүкіл әлемде азаматтар ең білікті, беделді адвокатты таңдайды. Ал Қазақстанда азаматтар судьямен жақын таныс қорғаушыны таңдайды".

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу