Елімізде ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен 191,5 мыңнан астам агроқұрылым мен 1,6 млн үй шаруашылығы айналысады. Қазір жалпы өнімнің 31%-ы шаруа қожалықтарының үлесінде. Алайда олардың көпшілігі үдемелі инновацияға негізделген жұмысқа бейім емес.
"Мұндай шағын қожалықтардың өндіріп отырған тауарларының бәсекеге қабілеттілігі төмен, инновациялық технологияларды қолдануға, адам денсаулығына қауіпсіз азық-түлік өндіруге, жоғары білікті мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" жаңа заңның талаптарын орындау бүгінгі күннің өзекті талабының бірі", – дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Шәріпов.
Алматы облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде 400-ден астам құрылтайшы 69 кооператив болып қайта құрылды. Үй шаруашылықтарының қатысуымен 6 сүт және 4 көкөніс қабылдау пункті ұйымдастырылып, отбасылық 429 бордақылау алаңы мен 6 жылыжай ашылды.
"Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 60 мың агросубъектінің бірігуімен 600-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативін құруды жоспарлап отырмыз. Биылға 24,4 млрд теңге қаражат бөлінді, оның ішінде субсидия көлемі 19,2 млрд теңге", – дейді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішев.
Мұнда ерекше ескеретін жайт бір адам бірнеше кооперативтің құрамына кіре алады. Осы тұста көптеген шаруа қожаларының көкейінде "Басқалармен біріксем, жерім немесе басқа да мүлкім азулылардың аузына түсіп кетпей ме?" деген күдік болады. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындайдың салдарынан қолындағы барынан айырылып, аузы күйіп қалғандар көп болған. Ал "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" заңда әркімнің өз иелігіндегі жері, малы немесе басқа мүлкі соның иелігінде сақталатындығы анық көрсетілген.
"Осыған дейін жеке шаруа қожалықтары өз өнімдерін өткізе алмай қиналды. Салдарынан шағын шаруа қожалықтарының шаруасы шатқаяқтап кетті. Олар айлығын шайлығына, шайлығын майлығына жеткізе алмай жүрді. Ал кооператив құрылғаннан кейін бір өңірдің өнімі бір орталыққа жиналып, бір жерден бір бағаға сатылатын болды. Шикізат көбейгеннен кейін қайта өңдеуге деген құлшыныс пайда болды. Қалада шикізат таба алмай жүрген зауыт өкілдері ауылды бетке ала бастады", – дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Саят Сакмолдин.
Статистикалық мәлімет бойынша, өңірде шаруа қожалықтарының саны 1990 жылы 38 ғана болса, 2016 жылдың басында 149374-ке жеткен.
Алайда фермерлердің дені озық технологияны меңгермеген. Мәселе Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының көпсалалы ғылыми-зерттеу орталығының мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасы және облыстық "Жетісу" ӘКК" ҰК" АҚ мамандары Алакөл, Сарқан, Ақсу, Көксу, Ескелді аудандары мен Қапшағай қаласындағы шаруа қожалықтарымен кездесу барысында анықталған. Мамандар бұл қиыншылықты шешу үшін шетелдік тәжірибені қолдану керек деп санайды. Олардың ойынша, біз Израиль сияқты агроөнеркәсіп өндірісінде әр жылғы ауыл шаруашылығы өнімінің экспортқа шығарылуын орта есеппен 1,5 млрд АҚШ долларына жеткізуіміз керек. Сонда агроөнеркәсіп өндірісі алға жылжиды.
Қазақ мыңғыртып мал өсірген халық. Алайда бүгінгі таңда мал өнімдерін кәдеге айналдыруда аттың артынан айналып өтуден қорқатын қытайлардан тәжірибе үйреніп жүрміз.
Қуанарлығы, сүт индустриясы жақсы дамып келеді. Бірақ ірі қара өсіретін ағайындар сол байлықты қаржы көзіне айналдыра алмай әлек. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мәліметінше, Жетісу жеріндегі дүкендерде саудаланып жатқан сүт өнімінің 38%-ы Қытайдан импортталады. Демек біздің елде өнімді эксортқа шығару ісі әлі де тұрақты жолға қойылмаған.
Еліміздегі сүт өңдейтін зауыттар ірі қалалардың айналасына шоғырланған. Олар бірнеше жүз шақырым шалғайдан шикізат тасудың шығынынан қашып, қала маңындағы елді мекендерден қажетін қамдап жүр. Ал ауылдағы ағайынның қалаға сүт тасымалдайтын көлігі жоқ. Сонымен қолда бар байлық пайдаға аспай келеді. Шикі сүтті бір-екі аптаға дейін сақтайтын тоңазытқыштар болғанымен құны тым қымбат. Бес сиыры бар шаруаның оған қолы жете бермейді. Демек ауылдастар сүт бағытындағы кооператив құрамына бірігіп, осындай тоңазытқыштан біреуін сатып алып, ауылдың ішіне орнатып алса күн сайын сауылған сүт сол жерде сақталып, келісімшарт бойынша шалғайдағы зауытқа кез келген уақытта жеткізілетін болады.
"Сүт сақтайтын тоңазытқышты сатып алған жағдайда Үкімет оның 50%-ын өтеп береді. Қосымша сатылған сүттің әр литріне 10 теңгеден субсидия төленеді. Демек субсидияға төленген қаржы арқылы қондырғыны қарайтын адамдардың еңбекақысын төлеуге болады", – дейді "Жасыл" экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова.
Ет жемесек тісіміздің қышитыны анық. Қазақстанда жылына 7 млн мал сойылады. Алайда жылына небары 10 мың тері мен 10 мың тонна жүн саудаланады. Осы мәселені шешу үшін 2 млн доллар инвестиция салынған Ұйғыр ауданындағы Шонжы тері-жүн өңдеу зауыты 2 жылдан бері жұмыс істеп тұрса да, шаруасын шалқыта алмай отыр.
"Өткен бір жылда зауыттың өнімділігі жаман болған жоқ. Ай сайын мың тоннаға дейін жүн жуып, клиенттердің қажетін шешіп отырдық. Алайда қой мен ірі қара терісін өңдеу ісін әлі де толық қуаттылығына жеткізе алмай келеміз. Оған Қытайдағы фабрикалардың өнім көлемін азайтуы мен Ресейге салынған экономикалық шектеудің әсері тиіп отыр", – дейді зауыт директоры Асқар Алдабергенов.
Қажет Андас