Ауылдың ақшасы қалада қалды

2877

Аудандық газетте жалған ақпарат жарияланбағанда, бұл туралы тірі жан білмейтін еді.  

Ауылдың ақшасы қалада қалды

Бұдан бір жыл бұрын Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының басшылары қатысқан жиында жұртшылыққа есеп берген Байқоңыр ауылының әкiмi Серiк Әбжанов: "Ауылда шағын тiгiн цехы iстеп тұр" дегенде, тұрғындар таң-тамаша болған. Бірақ біреуі ауыл басшысының айтқанын жоққа шығарып, жиналыстың шырқын бұзбаған.

"Араға ай аралатып аудандық "Ұлытау өңірі" газетінiң 6 ақпандағы санында бірнеше түрлi-түстi суретiмен "Байқоңыр ауы­лында тiгiн цехы ашылды" деген бiр бет мақала жарияланғанда, тұрғындардың "талағы тарс айырылды". Неге? Бiрiншiден, ауылда ашыл­ған тiгiн цехы жоқ. Екiншi­ден, "тiгiн цехын ашты" деген кәсiпкер Шалқар Тұрсынтегi ауылда емес, қалада тұрады. Өзi түгiл, атасының ауылдан кеткенiне жарты ғасырға жуықтаған", – дейді ұзақ жыл ауыл әкімдігінде істеген зейнеткер Әрия Бірмағамбетова.

Аудандық "Ұлытау өңiрi" газетiндегi мақаланы мен де оқыдым. "Ауыл экономикасын жандандыруға ұмтылған iскер азамат" деген автор, кейiп­керiне қатысты "Өз заманының қаһарманы", "Бiр қарағанда аса пысық көрiнбейтiн азамат, iстiң көзiн таба бiлетiн, ұйымдастырушылық қабiлеттiң иесi" деп көсiледi. Кейiн бiлгенiмдей, бұл шаруаның басы-қасында жүрген Шалқар емес, Сәтбаев қаласында же­ке­меншiк тiгiн шеберханасы бар анасы Бәтима болып шық­ты.

"Даму" қоры қомақты қаржыны "көлденең көк аттыға" ұстата салмасы анық! Сондықтан  аудан әкімдігіндегі кәсiпкерлiк бөлiмiнiң басшысы Гүлнар Ауғановадан қалада тұрып, ауылды "қарық қылмақ" болған кәсiпкердiң бизнес-жоспарын көрсетудi өтiндiм. Амал не, ол мені "Кәсiпкердi қолдаудың орнына, "тырнақ астынан кiр iздегеніңіз не?" деп сөгіп, бизнес-жоспарды: "коммерциялық құпия!" деп кер­гiдi.

Керек құжатты қолға түсiру онша қиынға соққан жоқ, Гүлнар Ауғанованың "коммерциялық құпиясы" айдалада қалды. Жобаның мақсаты тiгiн цехын ашу арқылы ауылда жаңа жұмыс орнын ұйымдастыру, қойдың жүнi мен терiсiн, түйенiң шудасын өңдеп, ұлттық нақыштағы өнiм шығару екен. Сөйтіп "Даму" қорының 1 710 000 теңге қайтарымсыз несиесiне (грант) қол жеткізген.

Қалада тұрып, ауылдан тi­гiн цехын ашпақ болған кәсiпкер 2015 жылы 17 қарашада "Тiгiн әлемi-Астана" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келiсiмшарт жасайды. Сатушы тұтынушы таңдаған құрал-жабдықты құны төленген соң бес жұмыс күнiнен қалдырмай тауып беруге мiндет­тенедi. Кәсiпкер "БанкЦентрКредит" арқылы 2015 жылы 22 желтоқсанда - 1 500 000 теңге, 23 желтоқсанда  - 210 000 теңге аударады.

Алайда ауылдан тiгiн цехын ашуға асықпайды. Оның мекенжайы ретiнде құжат бiткенде көрсетiлген Абай көшесiндегi 9-шы үйдiң 2-ші пәтерi қалалық кәсiпкердiң ауылда тұратын туысқанының баспанасы болып шықты. Бiрден айта кетейiн, ауылға арнайы барғанда тағы бiр бiлгенiм – кәсiпкер ауыл әкiмiнiң жамағайын жиенi екен. Ал алпыс түтiнге жетер-жетпес ауласы бар алақандай ауылда тiгiн цехын ашу қаншалықты тиiмдi, ол – басқа әң­гiме.

Айтпақшы  аталған мақаланың авторы: "Талабы таудай жастың бастамасын ел ағасының қолдауы – құптарлық iс. Бұл ел игiлiгiне қызмет ететiн кемеңгер басшыға тән қа­сиет" деп  сiл­тейдi Серiк Әбжанов жө­нiнде. "Менiң жазғанымды таза өзгертiп жiбер­ген", – деп мақала авторы Үмiт Мизамбаева азарда-безер болды.

"Ауыл әкiмi Серiк Әбжановтың сөзi – "сұй­ық", шаруасы – "шалағай". Осы қызметтiң "құлағын" ұстаған 4 жылда тындырғаны шамалы. Ауыл азып ба­ра­ды. Байқоңыр бұрынғы барынан айырылып қалды", – дейді ауылдағылар.

Оның қандай әкiм еке­нiн аудан басшылығы да бiледi екен.

"Қазақ хандығының мерейтойына орай ауданда ең iрi шара өткен Бұланты Серiк басқаратын ауылдық округтың аумағында. Соған шалағай дайындалып, берiлген тапсырмаға атүстi қарап, қонақтардың алдында ұятқа қалдыра жаздады. Қайта өзiмiз қосымша қамданған жақсы болды", – дейдi Ұлытау ауданының әкiмi Хамит Омаров. Оның орынбасары Мақсұт Оспанов: "Серiк су жұқтырмайды", – деп қысқа қайырды.

Ал аудан әкiмi Хамит Омаров пен оның орынбасары Мақсұт Оспанов тігін цехына қатысты: "Бiз еште­ңесiн бiл­мей­мiз", – деп құтылды.

Мынандай масқара оқиғадан кейiн ауылдастарының алдында ақталып,  кешiрiм сұраудың орнына Серік Әбжанов: "Мен ешкiмге мақала жаз деген жоқпын, оны жоғарыға есеп беру үшiн аудандағылар өзі iстеп отыр", – деп ат-тонын ала қашты. "Ал тiгiн цехы түбi ашылады", – де­дi.

Тығырыққа тірелген әкім былтыр тамызда ақыры "ашыпты". Таяуда көрдiм. Қысқасы – көзалдау! Мә­дениет үйiнiң екiншi қабатындағы кiтапхананың қарсысындағы аядай бөлмеге орнығыпты. Құрақ көрпе тiгетiн көрiнедi. Түсіп жатқан тапсырыс жоқтың қасы, ал еңбек биржасының жолдамасымен жұмыс iстейтiн екi-үш келiншек азын-аулақ тиын-тебен тапқанына мәз.

Мәселе жалған ақпарат жазылған мақалада немесе тiгiн цехының ашылған-ашылмағанында емес, ауылға ар­нал­ған қаржының қалай қалада қалып қойғандығында. Бұл ендi сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметiнiң шаруасы.

Әлібек Әбдіраш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу