Бас санитар коронавирус инфекциясына қатысты ахуалды баяндады

4376

Мамырдың соңына дейін науқастар саны 4000-ға жетуі мүмкін.  

Бас санитар коронавирус инфекциясына қатысты ахуалды баяндады

Коронавируске қатысты елдегі ахуалды баяндаған еліміздің санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова індеттің шарықтау шегіне жеткенін айтты.

"Қазақстанда коронавирустің шарықтау шегі өтіп жатыр. Аурудың таралуын наурыз, сәуір, мамыр айларында байқаймыз. Болжамға сәйкес, сәуір айының соңына дейін 2700 науқас, мамыр айының соңына дейін 4000 мың жағдай тіркеледі деген есеп бар. Біздің алдымыздағы қазіргі міндет – науқастар өсімін 5 пайызға дейін, одан кейін 1 пайызға дейін түсіру. Коронавируспен аурудың тұрақтанғаны немесе төмендегені туралы тек ел ішінде жаңа науқастар  мен байланыс арқылы ауру жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмеген жағдайда ғана және емделіп жатқандар саны жаңадан анықталған науқастар санынан көп болған кезде ғана айтамыз", – деді бас санитар онлайн-брифингте. 

Бас санитар вируспен күреске тартылған медицина мамандарына үстеме ақы қалай төленіп жатқанын да айтты.

"Президенттің тапсырмасымен COVID-19 инфекциясымен күреске тартылған медицина мамандарын ынталандыру және қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 40,4  млрд теңге бөлінді. Наурызда аймақтардағы эпидемиологиялық  жағдай ескеріле отырып, 3,2 млрд теңге жұмсалды. Яғни,  17 өңірдегі медициналық қызметкерлер 100 пайыз үстеме ақы алды.  Мамандар COVID-19 індетін жұқтыру тәуекеліне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші топта 1 366 адам,  екінші топта 7186 адам, үшінші топта 7901 адам іріктеліп, экпидемияға қарсы шараларға тікелей қатысты.  Жалпы 16 453 маманға жұмыс істеген уақытына қарай үстеме ақы төленді. Айта кету  керек, қызметкерлерді қаржылық қолдауды ұйымдастыру үшін  жергілікті атқарушы органдардың жанынан арнайы комиссия құрылған болатын", –  деді Айжан Есмағамбетова. 

Оның айтуынша, Елжан Біртанов өзінің бұрынғы орынбасары Камалжан Надыровтан коронавирус жұқтыруы мүмкін емес. "Камалжан Талғатұлы өткен аптада өзінің қызметтік борышы бойынша бірқатар өңірге барған болатын. Сапар барысында ол практикалық көмек көрсетіп,  індеттің таралуын болдырмау бойынша ұйымдастырылған шараларды бағалап қайтты. Бүгін таңертең оның тест сынамалары ауру жұқтырғанын растады.  Ауру расталған жағдайда тексеру жүргізу алгоритміне сәйкес, Камалжан Талғатұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы инфекциялық стационарға жатқызылды.  Қазір оның жағдайы қанағаттарлық деп бағалануда. Денсаулық министрлігі де қашықтан жұмыс істеп жатқандықтан, онымен байланысты болған министрлік өкілдері ондай көп емес. Министр Елжан Біртанов Камалжан Надыровпен байланыста болмаған. Дей тұрғанмен ол да бүгін тест тапсырды. Нәтижесін өзі айтады деп ойлаймын", – деді бас санитар. 

Еліміздің денсаулық сақтау саласында 250 мыңдай адам жұмыс істейді. Солардың ішінде эпидемиолог мамандар тапшы.  Айжан Есмағамбетова онлайн-брифинг барысында осындай дерек айтты.

"Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында 250 мыңдай адам жұмыс істейді. Оның ішінде 72 мың дәрігер, 177 мың орта медициналық персонал, 8755 эпидемиолог, санитарлық медициналық ортада 2,5 мың орта медициналық маман бар. Денсаулық сақтау мнистрлігі ұсынған дерек бойынша, салаға 4000 қызметкер жетіспейді. Ал тікелей коронавируспен күреске 16 мың маман жұмылдырылған. Бұдан бөлек әр өңірде кадрлық резерв жасақталды. Олар өңірдегі медицина мамандарының 10-нан 20 пайызына дейін деген сөз. Дәл қазір медицина мамандарының тапшылығы жоқ. Бірақ эпидемиологтардың жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Коронавирус инфекциясы жағдайын тексеретін мамандар жетпей жатыр. Тапшылық шамамен 800 адамды құрайды", – деді ол. 

Індетпен күресіп жатқан 16,4 мың маманның 652-сі вирус жұқтырған. Әзірге бұл көрсеткіш бойынша Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстары таза тұр. Бас санитар қай өңірде қанша дәрігер коронавирус жұқтырғанын айтты.

"Бүгінгі таңда елімізде 652 медицина қызметкері инфекция жұқтырған. Ақмола облысында – 3, Ақтөбеде – 0, Алматы облысында –15, Атырауда – 25, ШҚО-да – 0, Жамбыл обылсында – 6, БҚО-да – 5, Қарағандыда – 2. Қостанайда – 2, Қызылордада – 14, Маңғыстауда – 1, Павлодарда – 2, Түркістан облысында – 12, СҚО-да – 15, Нұр-Сұлтан қаласында 131, Шымкентте – 24, Алматы қаласында 375 медицина маманы науқас ретінде тіркелді", – деді Айжан Есмағамбетова.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу