ДСМ Қытайдан келген дәрігерлер қандай жұмысқа тартылатынын түсіндірді

5256

Шыңжаннан келген дәрігерлер 3 қалада 15 күн болады.  

ДСМ Қытайдан келген дәрігерлер қандай жұмысқа тартылатынын түсіндірді

 

Корнавируспен күресте отандық мамандарға ақыл-кеңес айтып, тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы келген қытайлық мамандар қызметі үшін ақша ала ма? Онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау министрлігі өкіліне осындай сауал қойылды.  

"Қазір Қытайдан келген мамандар Нұр-Сұлтан қаласындағы қонақүйге орналасып жатыр. Олар тәжірибесімен тегін бөліспек. Екі мемлекет басшылары телефон арқылы сөйлескенде осылай келіскен болатын. Соған сәйкес жұмыс атқарылып жатыр", – деді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова қытайлық мамандардың елімізде 15 күн болатынын, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларының әрқайсында 5 күннен көмек көрсетінін айтты.

Брифинге қатысқан қытайлық мамандар өз елдерінде қандай дәрілердің коронавируске қарсы жақсы нәтиже көрсеткенін атады.

Шыңжан Автономиялық Республикасынан келген жұқпалы аурулар дәрігері Лу Сяобо Қытайда індеттің беті қайтқанымен оған қарсы тиімді дәрі іздеу қызу жүріп жатқанын айтады.

"Қазір бірнеше дәрі бар. Бұл – хлоронофид және екіншісі "лукуей" деген дәрі. Осы екі дәрі жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Бүінде басқа да дәрі-дәрмектерге клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Ал Шыңжан Автономиялық Республикасы халық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лу Чэнь әзірге індетке нақты екпе табылмағанын айтты. 

"Екпелерге келсек, түр-түрі жасалып, зерттеліп жатыр. Ал 37 күндік инкубация туралы айтсақ, ондай жағдайлар сирек. Негізінен инкубациялық кезең 14 күннен аспайды. Ал 37 күнге дейін созылу өте сирек кездеседі", – деді маман. 

Брифинг барысында коронавирус індетімен күреске тартылған ғалымдар да үстеме ақы алатыны белгілі болды.

"30 мыңның көлемінде бағдарлама болса, қазіргі кезеңде тек нақты тәжірибедегі дәрігерлермен қоса университет пен колледж мамандарын да жұмысқа шақырып жатырмыз. Соған сәйкес үстеме ақы алатындар саны 30 мыңға жеткен шығар деп топшылап отырмын. Кафедра мамандарын да қазір біз жұмысқа шақырып жатырмыз. Осыған байланысты үстеме ақы алатындар саны да өсті", – деді Сәуле Қисықова. 

Мамандар Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Аққайың ауылындағы қарттар үйінің коронавирус ошағына айналуына қатысты пікір білдірді.

"16 наурызда карантин жарияланған кезде "Шапағат" орталығында орташа жасы 75-ті құрайтын 148 адам қамқорлықта болған. Қызмет көрсетуші 74 адамның 50-і еңбек демалысы мен қашықтан жұмыс істеуге жіберілген болатын. Өкінішке қарай, 2 сәуірде 1947 жылы туған бір тұрғын қайтыс болды. Ал 6 сәуірде 1929 жылы туған тұрғын көз жұмды. Екеуінде КВИ белгілері байқалмаған, инфекция қайтыс болғаннан кейін бірақ анықталды.  Осыған байланысты Ақмола облысын бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаманті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізді. Орталықтың тұрғындары мен қызметкерлерінен сынамалар алынды. Диагностика қорытындысы бойынша 36 адамның диганозы расталды. Оның біреуі қызметкер. Барлық науқастар инфекциялық стационарға жатқызылды. Медициналық бақылау жүргізіп отырмыз", – деді қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова. 

Ал Сәуле Қисықова қарттар үйінің індет ошағына айналуын медициналық хаттаманың бұзылуы деп кесіп айтуға әлі ерте деген пікір айтты. 

"Хаттаманың сақталмауы деп айтуға әлі ерте. Мамандармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тексерудің қорытындысы бойынша ақпарт береміз. Қазір ондағы тұрғындардың бәріне зерттеу жүргізіп жатырмыз. Науқастарға керекті ем көрсетіліп жатыр", – деді ол. 

Сәуле Қисықова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, коронавирустен жазылғандардың плазмасын науқастарға құюға қатысты да пікір білдірді.

"Коронавирустен жазылғандардың қан плазмасын науқастарға құю мәселесі қазіргі таңда біз бекіткен клиникалық емдеу хаттамасында  қарастырылмаған", –  деген маман елордадағы науқастардың қаншасы жазылып шығатынына қатысты болжамын айтты

"Біз өлім көрсеткішіне байланысты болжам жасамаймыз. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың өршу кезеңін күтіп отырсақ та, барлық науқастарды жазамыз деп күтуге міндеттіміз. Сондықтан басқа болжам күтіпейміз", –  деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу