Базарды "келімсек" картоп жаулады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
25152

Елімізде Макинск және Павлодар картобының атымен Пәкістан картобы сатылып жатыр.

Базарды "келімсек" картоп жаулады Фото: Мария Матвиенко

Маусымаралық кезеңде, картоп бағасы шарықтап тұрған кезде осындай жағдай туындайды. Жергілікті шаруалар картопты жеткілікті мөлшерде өсірсе де, барлық жинаған өнімін күзде сатып жіберуге тырысады. Көктемгі маусымды, картоп бағасы көтерілетін уақытты күтуге көкөніс сақтайтын қойманың жоқтығы мүмкіндік бермейді.

Осының салдарынан шаруалар нарыққа тұрақты түрде картоп жеткізуге қауқарсыз болып, осы кезде импорттық картопқа жол ашылады. Мұны "Атамекен" палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Астана кәсіпкерлерінің жыл сайынғы жиынында айтты. Елімізде сұранысқа ие Макинск және Павлодар картобының атымен Пәкістан картобы сатылады.

"Маусымаралық кезеңде біз картопты Пәкістаннан әкелеміз. Қазір оны базарда атақты Макинск және Павлодар картобының атымен сатып жатыр. Бірақ шындығына келгенде, ол картоп басқа елдерден әкелінеді. Экспортқа шығаратын картоп аз, яғни біздің сатқанымыздан сатып алатынымыз көп. Мұның барлығы шағын өндірушілер, шаруалар нарықты тұрақты түрде, әсіресе маусымаралық кезеңде картоппен қамтамасыз ете алмауынан шығады", – дейді ол.

Осының салдарынан қысқы маусымда картоп бағасы қымбаттап, нарыққа импорттық картоптың кіруіне жол ашылады.

"Өнімді салып қойып, біртіндеп нарыққа шығаратындай заманауи қойма шаруада жоқ. Яғни өз шаруаларымыз сапалы өнім өсірсе де, оны сақтап қойып, кейін нарықтың сұранысына қарай біртіндеп саудаға шығаруға мүмкіндігі болмай отыр. Түптеп келгенде, бұл өзіміздің шаруа өсіретін өнімнің тартымдылығы мен оған деген сұранысты төмендетеді. Осы кезеңде дүкен сөрелерін шетелдің өнімі толтырады", – дейді Нұржан Әлтаев.

Соңғы 5 жылда Қазақстанға 16 млн доллардың импорттық картобы әкелінді. Алайда Қазақстан картопты өзі пайдаланатын мөлшерден артық өндіретінін айтты.

"Біз картопты еліміздің сұранысынан артық өндіреміз. Томат 70 млн долларға, орамжапырақ 14 млн долларға артық. Орташа есеппен 3 млрд долларлық азық-түлік өнімін шетелден әкелеміз. Оның 2 млрд долларына алынатын азық-түлікті өзімізде өндіруге толық мүмікіндігіміз бар. Яғни шамамен 900 млн долларға банан, ананас, киви сияқты экзотикалық өнімдер алсақ, қалған 2 млрд 100 млн долларға алынатын өнімді өз елімізде де өсіреміз", – дейді Нұржан Әлтаев.

"Егер жалпы ел бойынша қарасақ, Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз ете алады деген ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі түрлерінде де импорттың үлесі байқалады. Жыл сайын 36 млн доллардан артық сомаға сиыр етін, 300 мың долларға қой етін, 0,5 млн долларға бал сатып аламыз. Астық державасы бола тұра, біз соңғы 5 жылда 50 млн долларға макарон өнімдерін сатып алып отырмыз. Көкөніс тобына бөлек тоқталып өту керек. Жыл сайын елімізге 35 млн долларлық пияз бен сарымсақ жеткізіледі", – дейді ол.

Республикамызға жыл сайын шамамен 70 млн долларға қызанақ, 14 млн долларға орамжапырақ импортталады.

Өткен жылы Алматыда шаруалар өсіретін өнімді тікелей сауда желісіне өткізу мәселесі талқыланғанын айтты Нұржан мырза. Нәтижесінде сауда желілері, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және КҰП арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

"Алматыдағы "Магнум", "Метро", "КарФур", "Арзан", "Рамстор", "Алма" сияқты ірі сауда желілері бұл мәселеде бізді белсенді қолдады, бірақ бірде-бір кооператив жеткізу мерзімі жөніндегі талапты орындай алмады. Көтерме-орналастырушы орталықтың болмауы өндіруші мен бөлшек сату арасындағы тікелей қатынас интеграциясы рәсімінде негізгі рөл атқарды", – дейді Нұржан Әлтаев.

Нәтижесінде астық жинау кезінде шаруаның өнімін "сырттан келген диллерлер" су тегінге сатып алып, оны жоғары маржамен Алматы және көрші елдердің базарына апарады.

"Шаруаларға ретейлердің сұранысы бойынша өнімді үнемі шағын партиямен әкелу тиімсіз, себебі олардың күн сайын, апта сайын бөлшек саудаға әкелген өнімін сақтайтын қоймасы жоқ", – дейді "Атамекен" өкілі.

"Осыған орай бүгінгі күні қолда бар сауда және қойма орындарын мүмкіндігінше пайдалану қажет. Бізде мұндай орталықтың міндетін өзіне алуға дайын бірқатар серіктес бар, мысалы "Алай" базары, сонымен бірге "Континентал Логистикс" сауда-логистика орталығы", – дейді ол.

Сонымен бірге үкімет атқарып жатқан жұмыстың ішінде көтерме-орналастырушы орталықтарды дамыту жеке мәселе болып отыр, өйткені мұнсыз шаруа өз өнімін толық сата алмайды.

Бұл кезеңді жаңа бағдарламаға ұсыныс дайындау барысында нақты белгіленген.

Нұржан Әлтаев 50 мың шаршы метр сауда орны бар, 2 мың сауда жұмыс орны құрылатын "Мизам" ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме-бөлшек сауда логистикалық орталығын мысалға келтірді. Белгілі "Ранжис" француз компаниясының жобасы бойынша жалпы 2,7 млрд теңге қаржы бөлінді.

"Алматы қаласында бұл жұмысты қазір бастау керек, өйткені биыл шамамен 2 млн адам келеді деп болжанып отырған ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу барысында азық-түлік қауіпсіздігін ұйымдастыру міндеті тұр", – дейді Нұржан Әлтаев.

"Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметіне жүгінсек, көрмені өткізу барысында елордада күріш, қарақұмық, қант, минералды су және ет жетпеуі мүмкін.

"Бірақ біздің ойымызша, Әсет мырза, тауарлардың позициясы бойынша тауар тапшылығы бұдан да көп болады. Бұл өнімдердің қатарына барлық көкөніс және жеміс-жидек, құс еті, ет өнімдерін кіргізуге болады", – дейді әкімге.

Нұржан Әлтаев ауыл шауашылығы өндірісі кооперативі бюджеттен қосымша сатып алуға, оның ішінде шетелдік өнімді, сонымен бірге бұл өнімдерді Астанаға жеткізу үшін жасыл дәлізді қамтамасыз етуге 2 млрд теңге бөлуді ұсынып отыр.

"Біз "Мерседес", "Самсунг" өндіріп шығара алмаймыз, алайда кез келген шетелдік компанияның шығаратын өніміне бәсекелес болатын аграрлық өнімді ұсына аламыз. Елорданы ЕХРО-ны өткізу барысында және үнемі азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дұрыс логистиканы құру және жергілікті өндірушілермен сақтау мәселесін шешу арқылы іске асыруға болады", – дейді ол.

Қазіргі уақытта көптеген тауар өндірушілер өз өнімін сатудың басым түрі деп сауданың заманауи форматы, яғни желі арқылы сатуға баса көңіл бөледі.

"Сондықтан "Өңірлік нүктелік қаржыландыру" бағдарламасы арқылы айналым қаражатын толтыру бағдарламасы аясында бізге жұмыс істеп тұрған көтерме-орналастырушы орталықтар үшін нақты ойын ережесін белгілеп алған жөн", – дейді Нұржан Әлтаев.

ЕХРО көрмесін өткізу аясында қажетті барлық өнімді тек отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен, сондай-ақ Қазақстанда жасалған азық-түлік өнімдерін жеткізушілерден сатып алуды "Астана" АӨК-ге міндеттеу қажет екенін айтты.

"Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Қазақстанның 9 облысынан шыққан 80-нен астам өндіруші елорда сөрелеріне өнімін жеткізуге дайын екенін білдірді. Олар тауарды өткізу арналарын кеңейтуге, елорданы азық-түлікпен қамтамасыз етуге әзір. Бұл өндірушілер бұған дейін Астананың сауда желілеріне өз өнімін жеткізбеген. Түрлі аймақтың кәсіпкерлері бал, кондитерлік өнімдер, дайын ет өнімдерінің сан түрін ұсынуға даяр отыр. Слайдта көріп отырғаныңыздай, бұл өндірушілер ЕХРО көрмесін өткізу аясында тапшы өнімді жеткізуге дайын", – дейді ол.

Осы істі кейінге қалдырмай, соңына дейін жеткізу үшін жылдың бірінші ширегінде Астана нарығына жол ашуға арналған ауқымды іс-шара өткізу жоспарланды. Оған қала басшылығы, ауыл шауашылығы және азық-түлік өнімдерін өндірушілер және сауда желілерінің басшылары қатыспақ.

"Дәстүрлі өнімдеріміз бойынша орын алған жағымсыз көрсеткішпен қалай күресеміз, сондай-ақ ЕХРО кезінде Астанаға ауыл шаруашылығы өнімінің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты талқылаймыз", – дейді Нұржан Әлтаев.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу