Бизнесмендерді жерден бас тартуға мәжбүрлеп жатыр

Түркістан облысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасына келіп түскен шағымдардың төрттен бірі жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарға байланысты болып отыр.

Бизнесмендерді жерден бас тартуға мәжбүрлеп жатыр

Түркістан облысындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасында (ӨКП) кәсіпкерлер құқын қорғау мен жер қатынастары саласындағы заң бұзушылыққа қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кеңес отырысы өтті. Бүгінгі таңда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 230 кәсіпкер бизнесін қорғауға көмек сұраған, оның ішінде 57 шағым немесе әрбір төртінші шағым бұрын сатып алынған жерге қатысты туындап отыр. Барлық шағымның тарихы бір, яғни жердің иесі кенеттен жер иесі болмай шығады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерде базар, тұрғын үй немесе діни нысан салғысы келген кәсіпкерлерге мемлекеттік органдармен күресуге тура келеді. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Мысалы әдеттегіден тыс жағдай жеке кәсіпкер Мұса Жұмашевтың  басында болып отыр. Ол 2011 жылы Түркістан қаласында мал базарын салуға қаржы құймақ болады. Кәсіпкер Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімімен инвестициялық келісімшартқа қол қойып, 4 млн теңгеден астам ақшаға 2,284 гектар жер сатып алады.

Қолында жер теліміне арналған барлық құқық белгілеуші,оның ішінде  меншік құқығын мемлекеттік тіркеуге қойған құжаттары бар кәсіпкер құрылысты бастап кетеді. Инфрақұрылымды (электр энергиясын, су жабдықтау мен кәріз) тартып, кеңсе, 3 асхана, санитарлық торап салады. Нысандар мемлекеттік қабылдаудан өтіп, тіркелген. Ал екі жыл бұрын бизнесмен жер инспекциясы басқармасының өтініші бойынша облыстық мамандандырылған сот сатып алу-сату келісімшарты мен жер учаскесін мемлекеттік тіркеу жарамсыз деген шешім шығарғанын біледі. Алайда осы учаскеде салынған нысандарды мемлекеттік қабылдау мен тіркеу жойылмаған. Яғни бұл жердегі ғимарат Мұса Жұмашевтікі, ал ғимарат тұрған жер оныкі емес. Тап осындай айна-қатесіз жағдай Түркістандағы тағы бір бизнесменнің басында болды. "Қарабұра мәдени орталығы" ЖШС құрылтайшысы жер учаскесіне он жыл иелік еткеннен кейін, кенеттен бұл жерге мемлекеттік өнер мектебінің салынғанын біледі. ЖШС өкілі Нұрлан Жүсіпов жер телімі 2013 жылы мемлекеттің қажеттілігі үшін алынғанын, бірақ құжат бойынша компанияға тиесілі болғанын, осы жылдар ішінде компания жерге салық төлеп келгенін айтты.

"Бұл жерді 2008 жылы сатып алғанбыз, екі жыл бойы стела құйдық. Содан кейін Созақ қаласында үлкен мемориалдық кешен салдық, одан кейін Шымкентте имарат тұрғыздық, осының артынша Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне қарсы жерге мұражай салуымыз керек болатын. Бірақ та 2013 жылы қалада Өсербаев әкім болып тұрған кезде  нөмірі 466-шы қаулымен жер телімі мемлекеттің қажеттілігіне алынды. Біз бұл жер алынады деген хабарлама алған жоқпыз. Күні бүгінге дейін жер телімі серіктестіктің балансында тұр, оған салық төлеп отырмыз, әділет органында да бұл жер біздің атымызға тіркелген", – деді "Қарабұра мәдени орталығы" ЖШС өкілі Нұрлан Жүсіпов қоғамдық кеңес мүшелеріне.

Кездесуге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков арнайы шақырылды. Ол бұл саланы басқарғанына аз уақыт болғанын, бұл сұрақтарға әзірге нақты жауап бере алмайтынын айтты. Алайда әлемге танымал Яссауи мавзолейі маңындағы жер учаскелері кәсіпкерлерге осы аумақта игі іс жасау үшін таратылғанын айтты. Түркістанда салынбай тұрған үйлер көп, ал қалаға жыл сайын мыңдаған турист келеді, сондықтан билік жерді қайтарып алып, өздері салмақшы болған сияқты. 

"Жерді сатып алғаннан бері 10 жыл уақыт өтті, осы уақыт ішінде қалада төрт әкім ауысты, өнер мектебі салынып, онда 250 бала білім алуда, бұл мәселені шешу оңай болмайды. Бюджет есебінен салынған мектепті қиратып тастайымыз ба деп шенеунік қолын қусырды. – Ал мал базарына келер болсақ, ол ұзақ салынды. Осы уақыт ішінде Түркістан қаласының шекарасы ұлғайып, мал базары қаланың ішінде қалып қойды, ал бұған жергілікті тұрғандар шағымдана бастады. Мал базарының иесіне базарды қаланың сыртына көшіру ұсынылды".

Кеңес мүшелері кәсіпкер Мұса Жұмашевқа кейіннен сатып алу құқымен бұрынғыға тең келетін жер учаскесін жалға беруге, ал аудандық кәсіпкерлер палатасына бизнесмендерге өздерінің заңды құқын қорғауға көмектесу туралы қарар шығарды. 

Кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов бизнес жүргізуді жеңілдету бойынша шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, мемлекеттік органдар жер қатынастары саласында тосқауыл қойып, әкімшілік кедергі жасап жатқанын атап кетті. ҚР Жер кодексінің 37,43,52-баптары мен ҚР Азаматтық кодексінің  талаптарына қарамастан, мемлекеттік органдар жер қатынасы саласында жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуде, жалға берудің шартын ұзартуда заңды жиі бұзады.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар жоба қаулысын мақұлдау сатысы барысында әкімшілік кедергі жасай бастайды. Бұған шымкенттік – Ірісметов Г. Ю.ЖК, Тұрдалиева А.ЖК, "Аманат Медиа" ЖШС өкілдерінің шағымы айқын дәлел.

Мысалы Ғапуржан Ірісметов Шымкенттің Қаратау ауданында Сайрам тұрғын алабындағы өзінің жер телімінде құрылыс бастай алмай жүргеніне 11 жыл болған.

"Шағымданбаған жерім қалмады, бұл жерді не істейтінімді білмеймін. 2007 жылдан бастап бұл жер менің жерім, 2014 жылы сатып алдым. Ауылшаруашылығына деген нысаналы мақсатын өндірістікке ауыстырдым, өйткені бұл жерге зауыт салғым келді. Бірақ маған зауыт салуға рұқсат бермеді, өйткені бұл жер бұрын қаланың сырты болған болса, қазір қаланың ортасы. Содан коттедж қалашығын салу бойынша жоба дайындадым, қала сәулетішісі жобаны мақұлдады, жоба қолымда, бірақ менің мемлекеттік актіме қосымша жасағылары келмей отыр", – деді кәсіпкер.

Кеңес отырысына қатысқан Шымкент қалалық жер қатынасы бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Омарханов мәселе жергілікті әкімдіктің шешімі нақты қай уақытта берілгендігінде, яғни Сайрам Сайрам ауданы болып тұрған кезде немесе Шымкент қаласының шекарасына кірген кезде берілді ме, соған байланысты екенін айтты.

"Иә, 2014 жылы бізде қаланың шекарасы өзгерді, соңғы кезде сараланым басталды, жергілікті атқарушы органдар күн-түні шешім шығарды, бір күнде тіпті 5 мың шешім шығарған кездер болды. Келісімшарт жасаған кезде бұл аудан қалаға кірді ме әлде Сайрам ауданы болды ма, соны анықтау керек. Яғни келісімшарт жасаған күнді және үкіметтің қаулысы қашан шыққанын қарау қажет. Әкімдік өкілдері келісімшарт жасаған кезде бұл жер Шымкент қаласының құрамына кіріп кеткеніне сенімді. Ал кәсіпкер басқа баға төлеген, сондықтан бюджет үшін шығын үлкен", – деп түсіндірді Бақыт Омарханов әкімдік жанындағы жер комиссиясының мемлекеттік актіні беруден бас тарту себебін.

Кеңес отырысы барысында қолданыстағы азаматтық және жер заңнамасын бұзудың бірнеше фактісі айтылды. Атап айтар болсақ, жер комиссиясы жалға алынған жер телімін сатып алу құқын мақұлдаса да, К.Есенқұлов есімді жеке кәсіпкер қала әкімдігіне жер учаскесін сатып алу туралы қаулы қабылдатуға қол жеткізе алмай жүр.

Сондай-ақ ұсынылған жер учаскесінде салынған нысанының бар болғанына қарамастан, жалға берілген жер учаскесін сатып алу құқығын ала алмай отырған А.Шойбеков жеке кәсіпкерлігі. Ал салынған кәсіпкерлік нысан пайдалануға қабылданып, әділет органдарында тіркеліп қойған.  

Тағы бір жеке кәсіпкер - бірнеше рет өтініш берсе де, жер учаскесін жалға алу келісімшартын ұзарта алмай жүрген У.Әбдрахметов.

Кәсіпкерлерге Шымкент қаласының әкімдігіне қайта өтініш беру туралы кеңес берілді. Айта кетейік, олардың бұған дейінгі өтініштері ескерусіз қалған. 

Гүлназ Ермағанбетова, Мира Бахытова, Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу