Криптовалютаға қырын қарамаймыз

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3213

Төл теңгеміздің виртуалды түрі пайда болуы мүмкін. 

Криптовалютаға қырын қарамаймыз

Өткенде журналистермен жүздескенде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев виртуалды валютаға қатысты пікір білдірген болатын. Ол көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын ақшаны Қазақстанда реттеу һәм шектеу мәселесімен мамандар тобы айналысып жатқанын жеткізген.

Данияр Ақышев Ұлттық банк криптовалютаға қойып кетпей, оның пайдасы мен зиянын һәм тәуекелін зерделейтінін және нақты бір түсінік қалыптасқанға дейін белді ойыншыға айналмайтынын айтқан.

Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, ел азаматтарының шекараның арғы жағында жүргенде қаржы пирамидасына қандай да бір қатысы болса, соның салдарынан жағымды, жағымсыз оқиғаға ұрынса, Ұлттық банк мәселенің шешілуіне ықпал ете алмайды.

"Біз мәселені өз елімізде ғана шеше аламыз. Бұл үшін әкімшілендіру тетіктерін қосамыз", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк басшысының пікірінше, дәл қазір криптовалютаны отандық нарықта кәдеге жарата алмайсыз.

"Әлемде криптовалютаны қолданысқа енгізген мемлекеттер жоқ емес. Десекте бұл елдер виртуалды валютаны құқықтық шеңбері шектелген жерде немесе жекелеген реттеу тетігі бар жағдайда ғана пайдаланады. Криптовалютамен жүргізілетін есеп айырысуларды білікті мамандары бар нақты бір топтар ғана жүзеге асырады.

Криптовалютаға қырын қарайтын және оны шектейтін елдер де бар. Бұл әлемде криптавалютаға қатысты ортақ стандарт жоқ деген сөз", – деді Ұлттық банк басшысы.

Айтып айтпай не керек, бүгінгі таңда қаржы реттеушілері криптовалютаға қатысты мәселеде әліптің артын бағып отыр. Тіпті ЕО елдері мен алпауыт АҚШ-тың өзі кесімді пікір білдіруге асығар емес. Виртуалды валютаға қатысты миллиардер Уоррен Баффет: "Бұл таза алыпсатарлық құрал", – деді. Ал Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: "Криптовалюта абстрактілі сенімге емес, нақты активтерге негізделуі тиіс", – деген байлам жасады.

Дегенмен алдағы уақытта Қазақстанда криптотеңге пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Алматыда IT-кварталдың ашылуында айтылды. "Almaty Tech Garden" бас директоры Санжар Кеттебековтың сөзінше, жаңа технологияны бір арнаға тоғыстыруды көздеп отырған IT-квартал жобасы ұлттық экономиканы цифрландыруды, блокчейн технологиясын дамытуды және елімізде криптавалюта нарығын қалыптастыруға жағдай жасауды көздейді.

"Қазақстанның криптавалюта нарығына енуіне толық мүмкіндігі бар. Әлемде бұл сала жүйеленіп жатыр, ал біздің елде осы мәселеге қатысты тиісті заң нормалары әзірлену үстінде. Түбінде ол түрлі бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпал етеді. Болашақта салық блокчейннің көмегімен есепке алынатын болады. Нәтижесінде еліміздің салық жүйесі қайта жаңғырады. Уақыт өте келе криптотеңгенің пайда болуы ғажап емес. Ұлттық банк бұл мәселені де назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Бұл жоспарды жүзеге асыруға шамамен 4 жыл уақыт қажет", – деді Санжар Кеттебеков.

Оның айтуынша, Қазақстанда блокчейн жүйесін дамыту бойынша Астана халықаралық қаржы орталығымен уағдаластық бар.

"IBM, PWC кооперациясы арқылы стартаптарға инвестиция тарту үшін венчурлық қор құрылады", – деді бас директор.

Айта кетейік, IT-кварталда трансұлттық компаниялардың орталықтары мен зертханалары орналасады. Келесі жыл бұл жерге техника мен технологияның тілін жетік меңгерген 20 IT-компания келіп, 50 стартап-жоба тартылады.  Мұнда технократтарға басымдық беріледі.

"Біз синергетикалық нәтижеге қол жеткізу үшін қала ішінде IT-квартал құрып отырмыз. Инновацияның барлығы осы жерден бастау алатын болады", – деді "Almaty Tech Garden" компаниясының бас директоры.

Оның сөзінше, Қазақстанның цифрлық тарнсформациясын тиімді жүзеге асыру үшін заман талабына сай ізденіс қажет.

"Әлеметтік және жер мен мүлік салығынан босату сынды жеңілдіктер де  серіктестерді ынталандыра түседі. "Ақылды технология", "ақылды жүйе" деген ұғымдар қарапайым халықтың санасына түсінікті тәсілдермен сыналап енгізілуі тиіс. Бұл "цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы алға қойып отырған міндетке жедел жетудің бірден бір жолы", – деп қорытты ойын Санжар Кеттебеков.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу