Көктемде ащы тер төккен, күзде алтын тереді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4689

Қазақстан биыл егіс алқабын әртараптандырады.

Көктемде ащы тер төккен, күзде алтын тереді

Аманшылық болса, ауарайы адастырмаса, биыл Қазақстан аста-төк астықтың астында қалады, мол байлыққа кенеледі. Үкімет үйіне баяндама жасауға арнайы шақырылған "Қазгидромет" басшысы "биыл бәрі "норма" болады!" деп бас бармағын көрсетті.

Қызыл дәнге толған қырман – қазақ елінің символы болып табылатыны мәлім.

"Күн күледі, Гүл күледі қырларда. Әрі күн боп, Әрі гүл боп, Жатады дән қырманда." деп кезінде қазақтың айтулы қаламгері Сырбай Мәуленов "Бидай туралы баллада" жазған.

Рас қазір әдемі ән мен күйге көңіл бөліп отыратын кез емес, нағыз қауырт шақ. Егер көктемгі егіс лайықты дәрежеде жүргізілмесе, алтын күзден қайыр күту әбестік.

Сондықтан премьер Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жиынға жиылған ел үкіметі өзінің бүгінгі отырысын "2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысын қарауға" арнады.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрi Қайрат Айтуғановтың айтуынша, Қазақстан биыл егістік алқабын ұлғайтуға бел буып отыр.

"2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 млн гектар алқапта егу жоспарланған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 311 мың гектарға көп. Оның ішінде қазір іске асырылуға тиіс көктемгі егіс көлемі 18,5 млн гектарды құрайды", – деді ол.

Осы тұста "монополист дақыл" ретінде биліктің сүйкімінен айырылған бидайдың егістік көлемі қысқаратыны мәлім болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадамға бидай алқаптарының көлемін еселеп арттырып жатқан көрші Ресейдің өзінің басты бір бәсекелесі – қазақстандық өндірушілерді жүк вагондарынан қағып, тасымал бойынша қысым көрсетуі негіз болғанын айтады. Нәтижесінде, Ресей арқылы көп бидай таси алмайтынын, ал басқа бағыттардың әлеуеті шектелгенін түсінген біздің ауыл шаруашылық ведомствосы Ресей бәсеке болмайтын өзге дақыл түрлеріне басымдық беруге көшуде.

Бұл саясат Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында бекітілді. Бірінші вице-министр Қайрат Айтуғанов осы бағдарламаға сәйкес, құрама жем өсіруге, майлы және басқа да дақылдарды, көкөніс, жеміс-жидекті қайта өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға, мал шаруашылығында жем-шөп базасын нығайтуға басымдық берілетінін, тиісінше егістік жерлер де әртараптандырылатынын жеткізді. 

"Сонымен, биыл арпа, сұлы, жүгері, асбұршақ, ноқат секілді мал азығы дақылдарының егістік көлемі – 206 мың гектарға, жарма дақылдары – 32 мың гектарға, майлы дақылдар – 60 мың гектарға, қант қызылшасының егістік көлемі 7 мың гектарға артады деп жоспарлануда. Ал керісінше, бидай алқабын 2017 жылы бірден 338 мың гектарға, сондай-ақ суды көп қажет ететін дәнді-дақылдар, соның ішінде күріш көлемін 2 мың гектарға, мақтаны 4,6 мың гектарға қысқарту көзделіп отыр. Жалпы дәнді-дақылдардың егістік алқабы 15 млн гектарды құрайтын болады, оның ішінде бидай тек 12 млн гектарға егіледі", – деп мәлімдеді Қайрат Айтуғанов.

Оның мәліметінше, ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілері көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуі үшін 60 миллиард теңге бюджеттік несие бөлініп отыр.

"Осы қаражаттардың шеңберінде жалпы 3 млн гектар егістік алқапты қамти отырып, 1500 АӨК субъектілерін қаржыландыру көзделіп отыр", – деді үкімет мүшелеріне ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Бірақ үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында бұл қаражаттың диқандарға жетпейтіні мәлім болды.

"Қазіргі кездің өзінде жалпы құны 80 миллиард теңгеден асатын 800 өтініш келіп түсті. Яғни сұраныс әлдеқайда көп. Бірақ ол өтінімдер арасынан ең лайықтылары, қарызды 2017 жылғы желтоқсанға дейін қайтаруды қамтамасыз ете алатындары таңдалады. Сонымен бірге, бірінші кезекте майлы дақылдар мен мал азығы дақылдары қаржыландырылады", – деді Қайрат Айтуғанов.

Ол 60 миллиардтық, 6 пайыздық мемлекеттік несиені егіс салушылар арасында үлестіру ережелерінде биыл үлкен өзгерістер барлығын қаперге салды: "Енді төленетін көзіне қарамастан, айталық, бұл "Аграрлық-несие корпорациясы" болсын, банктер, микроқаржы ұйымдары не кредиттік серіктестіктер болсын, олар беретін несие ақырғы заем алушы болып табылатын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспауға тиіс. Өткен жылы осы көздерден берілетін несиенің орташа пайыздық ставкасы 9 пайыз болған" деді І-ші вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғарғы сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында тұқым шаруашылығын қолдау механизмі жетілдірілді. Мысалы, мемлекет ағымдағы жылдан бастап, бірегей және элиталық тұқымдарды субсидиялауға қайтадан кірісті. Ал бірінші репродукциялы тұқымдар тек басымды дақылдар бойынша және ең төменгі нормасыз субсидияланатын болады. Бұдан басқа жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттері және бірінші ұрпақты будандарын субсидиялау да жалғасуда.

2017 жыл үшін Қазақстанда 2,4 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы дайындалды.

"Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталықтың" жетекші ғылыми қызметкері В.Юрченко егіс жұмыстарын бастамас бұрын, жер ерекшеліктеріне қарай әрбір нақты алқапты жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп алу қажеттігін еске салады. Соның ішінде мысалы, минералды тыңайтқыштармен қоректендіруді жүргізу  маңызды.

"Қазір тыңайтқыштар бағасы күрт қымбаттады ғой, бірақ соның өзінде егіске минералды тыңайтқыштар енгізу өзін-өзі ақтайды. Мәселен, тыңайтқыштың бір келісі шамамен 150 теңге десек, бидайдың қазіргі бағасымен-ақ ол өзін-өзі 2,5-3 есе артығымен өтейді. Суперфосфат орнына фосфориттік ұнды пайдалану егін шығымдылығын бірдей арттырады, ал тыңайту шығыны 5-10 есе кемиді" дейді ғалым.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы жылы минералды тыңайтқыштарды субсидиялау үшін 13 млрд теңге бөлінгенін хабарлайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге артық.

"Көктемгі егіс жұмыстары басталған уақыттан бастап әр он күн сайын минералды тыңайтқыштарды жөнелту бойынша мониторинг жүргізіліп отырады" деді Қайрат Айтуғанов.

Егін егуге, тұқым себуге бас қатырған шаруаның басты бір проблемасы – техникаға жанар-жағармайдың жеткіліксіздігі әрі қымбаттығы болса керек.

АШМ бірінші вице-министрі 2017 жылғы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 375 мың тонна мөлшерінде қажетті дизель отынының көлемі айқындалғанын айтады. Оның ішінде 148 мың тонна наурыз айына бекітілді.

"Наурыз айына бекітілген баға литріне 105 теңге. Бірақ операторлардың шығынын ескерсек, ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін литріне 120 теңгеден түседі" деді Қайрат Айтуғанов.

Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәліметі сәл өзгешелеу болып шықты:

"Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, дала жұмыстарына мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу бойынша кесте бекітті. Ол кесте АШМ атынан – облыстағы ауыл шаруашылығы басқармаларына, ал энергетика министрі атынан орындау үшін ресурсиеленушілерге жіберілді. Облыстардағы ауыл шаруашылығы басқармалары өз өңірлерінің операторларын бекітті. Кесте бойынша жалпы 375 мың тонна дизель отыны жеткізіледі. Соның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты арқылы 79 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауыты арқылы 233 мың тонна және ПетроҚазақстан Ойл Продаксттың Шымкент МӨЗ-і арқылы 63 мың тонна бөлінеді. Осылайша, дизель отынына деген қажеттілік толық көлемде қанағаттандырылады. Наурыз айына ұсынылатын баға дизельдің тоннасына 127 мың теңгені құрайды. Тасымалдау және сақтау шығындарын ескергенде, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін баға жеткізу аймағына қарай әр литріне 117-123 теңгені құрайды", – деді Қанат Бозымбаев.

Ол салыстыру үшін дизель отынының орташа бағасы жанар-жағармай құю стансаларында бүгінде 131 теңгені құрйтынын ескертті.  

Министрдің мәліметінше, қазіргі кезде осы отынды егіс салушыларға жеткізу жоспары 58 пайызға орындалған.

Жақсы шығымдылыққа жайлы ауа райы да ықпал етпек.

"Гидрометеорологиялық қызметтің мәліметтері бойынша топырақтың беткі қабатындағы нақты күзгі ылғал қоры мен көктемгі егіс жұмыстарының басталуы қарсаңында түскен жауын-шашынды ескерсек, еліміздің барлық аумағында дерлік топырақтағы ылғал қоры қолайлы әрі қанағаттанарлық болады деп күтілуде. Бұл биылғы жылы жақсы өнім алудың алғышарттары болып табылады" деп баяндады Қайрат Айтуғанов.

"Қазгидрометтің" бас директоры Марат Қынатов алдағы сәуір айында еліміз бойынша орташа температура "қалып-норма" айналасында болатынын мәлімдеді.

"Батыста – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында ауа температурасы қалып-нормада сақталады. Қазақстанның басқа аумақтарында сәуір нормадан 1 градусқа жоғары болады. Еліміздің батысында жауын-шашын нормадан аздау болады. Республиканың барлық басқа өңірлерінде норманың айналасында және одан жоғары болады. Мамыр айында ауаның орташа температурасы да қалып шеңберінен көп шықпайды деп болжанған. Жауын-шашын нормадан аздау болады деп күтілуде" деді бас синоптик Марат Қынатов.

Үкімет отырысын қорытқан премьер Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев өзінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, ҚазАгро холдингіне ақшалай қаражатты уақытылы бөлу және ауылдықтар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу