Поляктың балабақшасы мен қазақтың қары

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
17551

Елорда әкімдігі көптеген нысан мен қызметтерді бәсекелес ортаға тапсырмақ.

Поляктың балабақшасы мен қазақтың қары Фото: Мария Матвиенко

Астанада Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында 34 жобаны сату жоспарланып отыр.  Астана әкімі Әсет Исекешев бірқатар коммуналдық нысан мен қызметтерді бәсекелес ортаға тапсыруға уәде етті.

"6 балабақша бойынша байқау табысты өтті, оның төртеуін Польшаның инвесторы салады. Біз жатақхана, жайлы аялдама, базар және тағы басқалар сияқты орташа нысандарды МЖӘ бойынша бәсекелес ортаға тапсырғымыз келеді. Біз коммуналды кәсіпорын сияқты көптеген мемлекеттік қызметті, мысалға, қар тазалауды аутсорсингке тапсыруға дайынбыз. Шындығына келгенде, осындай тапсыруға дайын қызметтеріміздің саны өте көп және бұл мәселеде мақсатымыз айқын", – деді ол жыл сайын өтетін Астананың кәсіпкерлер конференциясында.

"Өкінішке қарай, өткен жылы мынадай жағдай болды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қар тазалау кезінде құқық бұзған топты ұстады, сондықтан мен бесжылдық келісімшарт әзірлеуге тапсырма бердім, сол арқылы жекеменшік компаниялар конкурс бойынша бірнеше сектор алып, техника сатып алуға мүмкіндік алады. Яғни МЖӘ болады да, әр сектор өз учаскесінде қандай компания қызмет ететінін білетін болады. Әлеуметтік жауапкершілік деген де бар. Менің ойымша, біз өзіміз үшін қаржыландырудан көп пайда түсіреміз, яғни жоғары сапа мен нәтижеге қол жеткіземіз", – деп атап өтті әкім.

Әсет Исекешевтің пайымдауынша, әкімдікпен бесжылдық келісімшартқа отырған кәсіпкерлер осы келісім негізінде тиісті қаржыландыруға қол жеткізе алады.

МЖӘ аясында іске асырылатын жобалар ішінде бірінші кезектегі мәселе елордада бейнебақылау камераларын орнату. Бұл жоба бойынша байқау жарияланды – оны 10 маусымда басталатын ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне дейін аяқтау қажет.

"Мұнда 10 мың  бейнебақылау камерасы бар, ЕХРО басталғанға дейін 3 мың  бейнабақылау камерасын орналастырып, бір институционалды орталық құруымыз керек.  Көшені жарықтандыру бойынша да байқау жариялаймыз.  Жоба жекеменшік инвестициялар есебінен іске асырылмақ.  Қалада көп нәрсені осы жекеменшік инвестициялардың есебінен істемекпіз, бұл біздің берік ниетіміз", – деді әкім.

Бұл ретте әкім "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының (КҰП) төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтан да көмек сұрады. Сөз қара және түсті металдарды қабылдау орындары туралы болды.  Жақында Астананың бірнеше тұрғын үй кешенінде электр қуаты өшіп қалған оқиға болды – оның негізгі себебі электр сымдарынан мыс орамдарының ұрлануы, сондай-ақ кәріз жүйесінің шойын қақпақтарының ұрлануы. Осының салдарынан жарық өшіріледі, ал ашық қалған кәріз шұңқырларына адамдар, оның ішінде балалар құлап кетуі ықтимал.

"Біз қазір мынандай жағдаймен бетпе-бет келдік: қалада күніне 10-15 шойын қақпақ ұрланады. Балалар күнде құлап жатады. Біз жауып үлгергенімізше болмайды. Темір ұрлаушылар ештеңеге қарап жатқан жоқ, мыс орамдарын, лифт сымдары ұрлайды, жақында ғана апатты жағдай орын алды. Біздің қолымыздан ештеңе келмей отыр. Былтыр үшеуін ұстаған едік, бірақ бұл қиын мәселе. Себебі бір орам сым ұрлаған адамды ұстасақ, тіпті, айыппұл салуға да келмейді. Бұл іс қалай ұйымдастырылған?  Қара, түсті металл қабылдайтын орындар өте көп. Олардың жұмысын ешкім реттеп отырған жоқ.  Менің ойымша, бұл мәселеде лицензия беріп, бұл істе ретке келтіру керек шығар", – деп  қынжылды әкім.

Әкімдік қала тұрғындарының көлікте, экология, білім беру және өзге салалардағы өмір сапасын жақсарту бойынша 20 қадам бағдарламасын әзірледі. Осы бағдарлама аясында бизнес Астана тұрғындарына өз қызметін көрсете алады.

"Біз қала бойынша 129 секторды анықтадық – әрқайсысында шамамен 10 адамнан бар және орталықта не қала шетінде тұратынына қарамастан  кез келген  қала тұрғынына қол жетімді 32 әлеуметтік стандартты анықтадық. Дәріхана, балабақша, дүкендер жетіспейтін аудандарда, біз қазір барлық коммуналды мүлкімізді тізіп жатырмыз, ғимараттарды байқауға қоямыз. Жалға беру бағасы арзан болады, бұл біздің кәсіпкерлеріміз үшін зор мүмкіндік", – деді әкім.

Алдағы ЕХРО-2017 көрмесі де бизнеске үлкен жол ашпақ. Астанаға келген қонақтар көлікке, қонақүйлерге сұранысты көбейтіп, азық-түлік тауарларын тұтынады.

"Жазғы маусымда 160 мың тонна өнім пайдаланылады деп күтіледі, яғни қаламызға қонақ көптеп келетіндігіне байланысты тұтыну деңгейі 10-20%-ға өседі. Жалпы біз жылына 500 мың тонна өнімді пайдаланамыз. Бірқатар азық-түлік тауары бойынша қиындық бар,  сондықтан біз барлығын тепе-теңдікте сақтау үшін, баға ауытқушылығы орын алмас үшін бірнеше жаңа жоба жасауға кірістік және көтерме нарық бағасын (КНБ) дамытуға күш салып отырмыз. Біз оңтүстік өңірдің, көршілес аймақтар мен Орталық Азия өнімдерінің Астана нарығына жетуін қамтамасыз ету үшін КНБ орнатқымыз келеді" – деді Әсет мырза.

ЕХРО көрмесі елордадағы туристік саланың дамуына тың серпін береді.

"Қазір бізде шамамен 1 млн турист, оның 270 мыңы шетелдің туристері. Біздің міндетіміз бұл санды бастапқыда 500 мыңға, кейін миллионға дейін жеткізу және бұл ретте ЕХРО бізге үлкен мүмкіндік береді", – деді ол.

Көрменің өту кезеңінде – 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейінгі аралықта қаламызға 2 млн турист келеді деп жоспарлануда. Осыған байланысты, Астананың қонақүйлері мен мейрамханаларындағы қызмет көрсету деңгейі бойынша туристер жалпы Қазақстанды бағалайды деп есептейді әкім.

"Бізге туристер бір рет келіп біздің қонақүй, мейрамханаларымызды толтырғаны емес, кейін  бір-екі жылдан соң қайта келіп, жыл санап туристер санының ұлғайғаны керек. Осы мақсатта біз мәдени, спорттық бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Осы жолы қонақтар қаламызды ұнатып, үнемі келіп отырғаны біз үшін маңызды", – деді ол.

Сондықтан әкім бизнеске әлеуметтік тұрғыда жауапты болуды, ЕХРО кезінде қызмет көрсету құнын көтермеуді ұсынды. Нарықтың кейбір қатысушылары жағдайды пайдаланып қалғысы келетінін баса айтты Әсет Исекешев.

"Қазір бізге нақты бағалар қажет. Бағаны белгілеп қою керек. Бүгінде туроператорлар бағаны біле алмай отыр, сондықтан қонақүйлер, мейрамханалар ас мәзірін, ағылшын тілін жетік білетін мамандарды дайындап қойыңыздар", – деді ол.

Астананың "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ғани Тасмағанбетов өз кезегінде, әзірге елорда қонақүйлерінің  жұмысбастылығы төмен екенін айтты.

"Біздің қонақүйлер шамамен 25-30%-ға ғана толтырылған", – деді ол.

Оның айтуынша, бұл ұшақ билеттерінің қымбат болуымен де байланысты.

Астанаға келетін ұшақ билеттері арзандаса, бұл шетелдік туристердің көптеп келуіне жақсы әсер етеді деп есептейді Ғани мырза.

Сонымен қатар әкімдік жекешелендіруге берілетін нысандар тізімін нақтылап жатыр.

"Жалпы, барлық кәсіпорындарды беру керек. Бұл уақыттың еншісінде. Бұл мәселені де аймақтық палатамен, ұлттық палатамен бірлесіп талқылауға дайынбыз. Біз үшін тарифтердің қымбаттап кетпеуі, белгілі бір қызмет құнының өспеуі маңызды, сол үшін екі жаққа да тиімді шешім қабылдауымыз керек.  Жалпы бұл бағыт қарыштап жылжуы керек деп есептейміз", – деді әкім.

Қазіргі кезде қала қарқынды дамып келеді, әсіресе құрылыс секторы ілгері қадам басуда. Осыған байланысты әкімдіктегілер Астанаға тағы қандай бағытта даму керек деген сұраққа жауап беруге тырысты.

"Біз 10 саланы анықтадық. Оның әрқайсысы бойынша нақты жоспар әзірленіп жатыр. "Атамекен" палатасы да осы іске білек сыбана кіріссе дейміз", – деді Әсет Исекешев.

Мысал ретінде Астанада таксомотор паркін дамытуды сөз етті.

"Такси бойынша шешім қабылдадық. Шынына келгенде біз бұны лицензиялағымыз келді. Себебі таксиге деген шағым көп айтылады. Өздеріңіз білесіздер, былтыр адам өлтіру, бірнеше ұрлық орын алды. Біз ештеңе істей алмай отырмыз. Заңсыз адам тасып жүргендер қаншама. Патенттеу қарастырылған, бар болғаны осы.  Бірақ бизнес мүддесінен гөрі, халық пікірі жоғары тұратын мәселелер бар" – деп мәлімдеді Астана әкімі.

"Такси мәселесі бойынша көп ойландық, нәтижесінде таксистер қауымдастығы және "Атамекен" палатасымен бірлесіп шешім таптық. Қалада мынадай таксилер жүретін болады.  Біз оларға әуежайға, вокзалға, көлік тұрақтарына қоғамдық көлік жүретін жолға кіруге рұқсат береміз. Шындығына келсем, әкімдіктегі бірқатар әріптесіміз: "МЖӘ негізінде құрмай-ақ қоялық, қаражат бөліп, сатып алайық" дегендер болды. Бірақ нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы бастама жасаған бағыт жеңді. Төрт жекеменшік компания таксилерді сатып алады. Біз қажет бағыттарды бір орталыққа біріктіріп, шешім таптық. Бұл машиналарды отандық өндіруші әкелетін болады, нәтижесінде бәрі риза" – деді Әсет мырза.

Бұл ретте қалалық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ғани Тасмағанбетов электронды такси шақыру қызметінің дамуына байланысты, көптеген ресми таксопарк жабылып жатқанын атап өтті.

"Соңғы 3 жылда қаламызда 16 таксопарк жабылды. Бар болғаны 8 ресми таксопарк қалды. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Көлік қауымдастығымен бірлесіп жеке нөмір енгізуді, арнайы бөлінген жолмен жүруге мүмкіндік беруді, автобус аялдамаларының жанына такси аялдамаларын жасауды ұсындық", – деді ол.

"Бұл мәселеде әкімдік біздің ұсынысты қолдады, тіпті, арнайы қаржыландыру бөлді. Егер бізде 475 ресми такси болса, енді "Даму" қорының қаржыландыруы арқасында бұл санды 2 мыңға жеткізу көзделіп отыр", – деп қосты ол.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов соңғы 5 жылда  Астанада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 есеге өскенін атап кетті, бұл кәсіпкерлік саланың біртіндеп дамып келе жатқанының айғағы.

Соңғы жылда қаламызда отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі комиссия жұмысын бастады.

Кәсіпкерлерден алынған сауалнамаға сәйкес, оларды алаңдататын мәселелер арасында мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жекешелендіру, білікті мамандарды даярлау және инфрақұрылымның қол жетімділігі мәселелері бар.

"Кәсіпкерлер палатасы мен әкімдіктің бірлескен жұмысының арқасында жергілікті өндірушілерді дамыту жөніндегі комиссия құрылды. Соның нәтижесі – отандық тауар өндірушілер 5,8 млрд теңгеге өз өнімін жеткізді. Осыған орай жергілікті өндірушілер тауарлары шамамен 37%-ды құрады, былтырғы жылы  11,8%-ды құраған болатын", – деді ол.

Елордада МЖӘ жобаларын іске асыру бизнесті дамытуға бағытталған мүмкіндік болып табылады. Қазіргі кезде  әкімдікпен бірге осындай 13 жоба іске асырылуда.

 "Егер сіз өз қаражатыңызды балалардың мектепке дейінгі оқу орындарының құрылысына инвестициялайтын болсаңыз, онда 6 жыл ішінде сіз инфляциялық және девальвациялық тәуекелдерсіз өз қаражатыңызды қайтарып аласыз.Осыған байланысты инвестицияның қайтарымын  жоғарылататын коэффициент енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз", – деді Ғани Тасмағанбетов.

Қаланың қаңырап жатқан жерлері бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған мәселе. Қаланың 12 мың гектар жері әлі күнге дейін ауыл шаруашылығына мақсатындағы жерлер.  Осы жерлер бойынша мақсатты ауыстыру үшін қыруар қаржы төлеу керек.

"Бүгінгі күні басты қиындық осындай норманың болуында, яғни жер телімінің мақсатын ауыстыру үшін мемлекеттік салық төлеу қажеттілігі.  10 жыл бұрын Астанаға 12 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жер қосылды. Осы жерлер сол күйі ауыл шаруашылығына арналған болып қала берді. Оның мақсатын біздің кәсіпкерлер ауыстыра алмай отыр, яғни жүздеген кәсіпкер бұл жерде ештеңе істей алмай отыр", – деді Ғани Тасмағанбетов.

Астананы дамыту жоспарына сәйкес бұл жерлерде тұрғын үйлер салынуы керек еді, алайда әзірге мұнда тек жусан өсіп тұр.

"Мемлекет бұл жерлер не үшін пайдаланатынын анықтап қойды, бірақ бұған қарамастан кәсіпкер жерді пайдалану мақсатын ауыстыру үшін мемлекеттік салық төлеуге тиіс. Жалпы біздің есебіміз бойынша бұл 500 млрд теңге. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қаражат. Біз осы норманы алып тастауды ұсынамыз. Егер бұл ұсыныс орындалса, бұл ауыл шаруашылығы жерлеріне екі-үші трлн теңгеге тұрғын үй салуға болады", – деп баса айтты Ғани мырза.

Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу