Саңырауқұлақ өсіру – соны іс

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
6626

Жамбылдық кәсіпкер саңырауқұлақтың вешенки сұрпын жылыжайда өсіре бастады.

Саңырауқұлақ өсіру – соны іс

Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданында жеке кәсіпкер Дмитрий Иваненко биылғы көктемнен бастап саңырауқұлақтың вешенки сұрпын жылыжайда өсіруді қолға алған болатын.

Вешенки саңырауқұлақ кәсібінде жиі қолданылатын сұрып. Өйткені, шампиньон, томарқұлақ қарағанда саңырауқұлақтың осы түрін өсіру өте жеңіл, әрі арзанырақ түседі екен. Вешенка ашық жерлерде де, жабық бөлмеде де өсіруге қолайлы. Сондай-ақ, оны жылдың кез келген мезгілінде жинап алуға болады.

Дмитрий Иваненконың негізгі мамандығы құрылысшы. Осы уақытқа дейін құрылыс саласында еңбек етіп келген ол бастапқыда тек өз бақшасында саңырауқұлақ өсіріп келген. Ал оның пайдасы мен сұраныстың көптігін байқап, саралай келе бұл әуестігін кәсіпке айналдыруға бел шешеді. Сөйтіп, ойға алған жобасын жүзеге асыруға демеушілік етіп, серіктесе жұмыс істейтін адам іздейді. Тың іске қызығушылық танытқан ауылдасы, жас кәсіпкер Азамат Болатбеков өз көмек қолын созған. Ол өз иелігіндегі 5 гектар аумақты алып жатқан ескі автокешен ғимаратын ұсынады. Сондай-ақ, Дмитрий Ким есімді азаматты да тың кәсіпке тартып, Жамбылда жоқ жаңа істі бастап кетеді.

Ескі кешенге электр қуатын тартып, арнайы құрылғылармен жабдықтаудан бастап, саңырауқұлақты өсіруге дейінгі істі өз қолдарымен жасаған.

Саңырауқұлақ өсірілетін мақта қытырлақтарын Шымкенттен, тұқымын Алматыдан, ал дәрумендер мен арнайы қоспаларын облыс орталығы Тараз қаласынан алдырады.

Еңбектің нәтижесі көп күттірмеді. Келесі айда-ақ, яғни маусымда алғашқы өнімді жинап алған. Бүгінде олардың иелігінде 6 мың саңырауқұлақ өсіретін арнайы қорабы бар.

Саңырауқұлақты жылыжайда өсіру аса оңай шаруа емес. Ол күнделікті қадағалауды, күтіп-баптауды талап етеді. Науқан кезінде 10 шақты адамды жұмылдырады. Жылыжайда міндетті түрде арнайы киім мен маскада жұмыс істейді. Өйткені, онда бөлінетін тозаң адам денсаулығына зиян болып табылады екен. Сондай-ақ, барлық істі қолмен жасауға тура келеді екен. Атап айтқанда, арнайы қораптарды дайындау, суару, үнемі ылғалдандырып отыру, жинау.

Вешенки өсетін бөлікте ауа температурасы үнемі бір қалыпта болу керек екен. Әр қораптағы саңырауқұлақтар 40 күнде өсіп-жетіліп, әр 20 күн сайын өнім береді. Саңырауқұрақтар түнде, айдың сәулесі қайта бастағанда өседі екен.

Бүгінде өнімнің үшінші айналымы өз жемісін беріп жатыр. Ал оның құны әр келісіне 400 теңгеден бастап 800 теңгеге дейінгі аралықта.
"Біз үшін ең бастысы өнімнің сапасы. Саңырауқұлақ қорабының біреуінен 1-1,5 келі өнім алынады. Ең алғашқы өнім сапалы болады. Кейін ол қораптарды қолданбауға тырысамыз. Өйткені, одан аса көп өнім шықпайды. Саңырауқұлақтар арнайы жағдай жасалғанда ғана өседі. Мысалы, ауа температурасы 20-25 градус, ал бөлме ылғалдылығы 85 пайыз болуы керек. Сондай-ақ, ғимарат іші үнемі желдетіліп, жарық түсіп тұруы қажет. Егер бәрі ойдағыдай жүріп жатса, саңырауқұлақтарды консервілеп, кептіріп те көрмекпіз", – дейді Дмитрий Иваненко.

Бүгінде бұл шаруаның өнімін жамбылдық жұртшылық, мейрамхана мен арнайы сауда орындары жақсы тани бастады. 

Айта кетейік, шаруалар ең алғаш жарты тонна, екінші кезекте 700 келі өнім алса, бүгінде үшінші кезеңнің өнімін жинап жатыр.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу