Шенеуніктер бизнеске қол ұшын созуы керек – Алик Шпекбаев

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1304

Жекешелендірудің екінші тоқсаны басталғалы бері Қазақстандағы мемлекеттік нысандардың 1 пайыздан астамы ғана сатылған.

Шенеуніктер бизнеске қол ұшын созуы керек – Алик Шпекбаев Фото: sputniknews.kz

Былтыр Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік "Protecting business and investments" жобасын қолға алған болатын. Бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүддесі мен құқығын қорғауға бағытталған жаңа механизм ретінде өзін-өзі ақтады.

"Жоба сыртқы істер министрлігімен, сондай-ақ қазіргі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп жасалды", – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Астанада өткен кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ республикалық форумында.

Төрағаның сөзінше, бұл жобаны "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да барынша қолдап отыр.

"Protecting business and investments" жобасының басты артықшылығы – бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың әрбір мәселесіне терең үңілу. Мұндағы негізгі принцип – салдарымен емес, себебімен күресу", – дейді Алик Шпекбаев.

Бүгінде агенттік жалпы сомасы 11,7 трлн теңге болатын 300-ге жуық бизнес-жобаны қадағалап отыр. Бұл ретте, кәсіпкерлер тарапынан 400-ден астам өтініш келіп түскен. Олардың 90 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған 10 пайызы жуық арада шешімін табады деп күтілуде.

Алик Шпекбаевтың сөзінше, "Protecting business and investments" кәсіпкерлердің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталған уақытша жоба. Ал негізгі мақсат мүлдем басқа.

"Негізгі мақсат – мемлекеттік органдардың бизнеске деген қарым-қатынасын өзгерту. Турасын айтсақ, шенеуніктер кәсіпкерлерге қол ұшын созуы керек. Біз бұған қол жеткізген кезде "Protecting business and investments" жобасы өзектілігін жояды. Оны уақытша жоба деп отырғаным да сондықтан", – деп нақтылады агенттік төрағасы.

Жалпы, бұл жоба Қазақстанда тартымды бизнес-орта құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.

"Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бәсекеге қабілетті ел болу үшін алдымен мықты мемлекеттік аппарат керек. Яғни, мемлекеттік қызметке тәжірибесі мол, трансұлттық және халықаралық компанияларда жұмыс істеген, Ph.D ғылыми атағы бар білікті мамандар алынуы керек. Бірақ, мұндай аппаратты қалыптастыру үшін жоғары еңбекақы тағайындалуы қажет. Бүгінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Бүгінде алты мемлекеттік органда еңбекақы балдық, бонустық жүйе бойынша тағайындалады", – деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, балдық, бонустық жүйе бойынша еңбекақы тағайындау тәжірибесін енгізу үшін дамыған елдер 7-10 жыл арнаған екен. Ал бұл жүйенің Қазақстанда қолға алынғанына небары екі жыл ғана болды. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар аталған жүйеге басымдық беруде.

Сонымен қатар, Алик Шпекбаев бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік құрылымдар қысқаратынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде әкімшілік шығындарды азайтуға жол ашады.

"2020 жылдың соңына қарай мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта, "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілуі керек. Қазіргі көрсеткіш 85 пайызды құрап отыр", – деді Алик Шпекбаев.

Оның сөзінше, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекет ең тиімді меншік иесі, басқарушы бола алмайды.

"Мемлекеттік кәсіпорындары толыққанды жекешелендіре алмай жүргендігіміздің бірден бір себебі осында жатыр. Жекешелендірудің екінші толқыны басталғалы бері мемлекеттік нысандардың 1 пайыздан астамы ғана жекешелендірілді. Агенттік осы процесті жеделдету үшін күш салатын болады", – деді Алик Шпекбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу