Тәтті түбірдің тағдыры

Қажет Андас Қажет Андас
3982

Қант қызылшасын өсіру тиімсіз, ендігі жерде қантты мұнайдың ақшасымен сырттан сатып аламыз.

Тәтті түбірдің тағдыры Фото: jas.kz

Қазіргі дүниежүзінің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша ықпал жасап отырған нарық жағдайында, қоғамдағы әрбір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысы бар салалардың ішінде қант өндіру айрықша орын алады. Сондықтан, әлем елдері қант өндірісін жылма-жыл молайтып отыр. Осының нәтижесінде кейінгі 10-15 жылда әлемдегі қант өндірісінің өнімі 30 пайызға көбейіп, жалпы өндірілген қанттың мөлшері 100 млн тоннадан асты.

Өкінішке қарай, біздің республикада жүргізілген нарықтық экономиканы іске асырудағы қателіктердің салдарынан қант қызылшасын өсіретін ірі шаруашылықтар таратылып, қант зауыттары жекешелендірудің желеуімен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Нәтижесінде, қант зауыттарында көп жылдар бойы жұмыс істеп маманданған, сол сияқты қызылшаны баптап өсіруді жақсы білетін, тәжірибелі қызылшашылардан айрылып қалдық.

Тәтті түбірдің тағдыры таразыға түскенде: "Қант қызылшасын өсіру нарық жағдайына тиімсіз, ендігі жерде қантты Араб елдері сияқты мұнайдың ақшасымен сырттан сатып алып, керегімізше пайдаланамыз" деген жөні жоқ мырзалыққа жол берген шенеуніктердің де кесірі аз тимеді. Өз жағдайын ойлап, елдің қамын ескермеген кей алыпсатар саудагерлер сонау жер түбінен, теңізбен, теміржолмен шашып-төгіп қант өнімін тасып, елдегі жұмыссыздықтың санын еселей түсті. Құнарлы жерлер қант қызылшасын өсіруге пайдаланылмай қалды.

Сонымен, өмірін қант қызылшасын өсіруге арнаған тәжірибелі адамдар мен жұмысын тоқтатқан қант зауытының жұмысшылары жұмыссыздықтың кесірінен үлкен қалаларға қоныс аударып, ырысы шалқып жатқан ауылдар иен қалды. Жер егіп, жеміс іздейтін жұрт азын-аулақ тоқты-торпақтың соңында шұбырды. Айта берсек, қантты өлкенің қадірін қашырған бұдан өзге де салмақты себептер жеткілікті.

Жетісу өңірі ежелден табиғаттың өзіне берген биоклиматтық ерекшеліктері мен суының молдығы, жерінің құнарлылығы, қант қызылшасын баптап өсіруде, одан мол өнім алуда әлемге аты шыққан әйгілі аймақ. Басқасын айтпағанның өзінде, екі мәрте еңбек ері атанған Нұрмолда Алдабергенов басқарған шаруашылықтың өзінде 15 қызылшашы кеудесіне "Алтын жұлдыз" тағып, ел мақтанышы болған.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Еңбек Ері Ақып қария 75 жасында өсірген қызылшасымен жұртқа өнеге болғанын замандастарынан жиі естиміз. Тіпті, Кеңес одағы тұсында Қазақстанда қант өндіретін 8 зауыттың бесеуі осы Жетісу өңірінде орналасқан. Республикада жылдық өндірілетін қанттың 2/3 осы Жетісу аймағына тиесілі еді. Қазіргі таңда бес зауыттың жұрнағы сияқты тек Көксу қант зауыты ғана жұмыс істеп тұр.

Естеріңізде болса, 2014 жылы Елбасы Жетісу жеріне ресми сапары барысында құлазып, қаңсып бос жатқан егіс алқаптарын игеріп, қант қызылшасын өсіру мен қант зауыттарды қайта қалпына келтіріп, жұртты жігерлендіру қажеттілігін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа айрықша тапсырды. Сол тапсырманың аясында өткен жылы Алматы облысында қант қызылшасы 4 мың гектардан астам жерге себіліп, 120 мың тоннадан астам шикізат жиналды.

Десе де, бұл нәтиже облыс тұрғындарының қантқа деген қажетінің тек 20 пайызын ғана қамтамасыз ете алды. Демек, жетісулықтар 80 пайыз қантты шеттен сатып алып, тұтынды. Осы ақтаңдақты жою үшін қант өңдеуге қатысты өңірлік даму жоспары жасалып, өткен жылы 4, биыл 6 мың гектардан артық аумаққа қант қызылшасы себілді. Көктемде өніміміз молаяды деп бөркімізді аспанға лақтыруға дайындалдық. Тіпті, Алматы облысы әкімінің бір реткі іссапарында "Көксу қант зауыты" ЖШС-нің директоры Алтынбек Абатов:

"Қант зауыты жылына бюджетке 17 млн теңге салық төлеумен қатар қант өңдеу маусымы басталғанда 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, ай сайын 60-90 мың теңге жалақы төлейді. Биыл зауытты жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп, қазір соның бірінші кезеңін аяқтадық. Оған 800 млн теңгеге жуық қаржы игеріліп, 3 цехты қайтадан жаңғыртып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Өткен жылы тәулігіне 1500 тонна шикізат өңдеп едік. Енді жаңғырған техникамен күніне 2000 тонна шикізат өңдеуге қауқарымыз жетеді. Зауыт өнімді қабылдағаннан кейін бірнеше күннің ішінде әрбір тонна үшін 17000 теңге төлеуге міндеттеме алды. Оның үстіне, әрбір тонна қызылша үшін Үкімет тарапынан 1500 теңгеден алатын демеуқаржы тағы бар. Мұнымен қоса, көктемгі егіс кезінде әрбір гектарға 30000 теңгеден қаржы бөлінді. Еңбек ұжымы минералды тыңайтқышты 40 пайыз арзандатылған бағамен сатып алып отыр", – деген.

Күз басталысымен қуанышымыз су сепкендей басылып, жағдай басқаша өрілді. Ала жаздай күрделі жөндеуден өткен Көксу қант зауыты мол қызылша қорын қабылдауға дәрменсіз болып шықты. Берісі 100, арысы 250 шақырымнан тасымалданатын шикізатты уақытында қабылдай алмай, әуре-сарсаңға түсті. Тіпті, ерте түскен қыстың кесірінен біраз қызылша алқабы қардың астында қалып қойды.

Жұрт осы кезде ғана жекеменшікке өтіп кеткен қант зауыттарын қайтадан жаңғыртып, іске қосудың қажеттілігін толық сезінді. Тағы да таңдау Ақсу ауданындағы Ақсу қант зауытына түсті. Айта кетерлігі, Ақсу өзенінің екі жағасына орныққан ел жарты ғасырға жуық нәпақасын тәтті түбір өсіруден тауып келді.

Дереккөздеріне үңілсек, 82 гектар аумақты алып жатқан Ақсу қант зауыты 1967 жылы салынған. Зауыт құрылысы чехословакиялық жобамен жүргізіліп, сол елдің мамандарының басқаруымен қант қайнатудың бірінші кезеңін бастады. Жаппай жекешелендіру жылдары зауыт қолдан қолға өтіп, қарызға шаш етектен батып, банктің құзырына өтіп кеткен. 2005 жылдан бері аталған зауытты қайта жаңғырту туралы біраз талпыныстар болды. Қытай, түрік, ресей инвесторлары да бірнеше мәрте келіп, тексеріп қайтқанымен бірлесіп жұмыс жасауға белсенділік танытқан жоқ.

Биыл зауытты іске қосу мақсатында немістердің "ВМА" фирмасымен келіссөз жүргізіліп, зауытқа неміс технологиясымен қант қызылшасын өңдейтін 38 млрд теңгенің құрал-жабдығын орнату жоспарланып отыр. Жобаның ерекшелігі – қант өндірісі қалдықтарын да қайта өңдеу іске асырылмақ. Бұл ақсулық диқандардың қант қызылшасын өсіруге деген белсенділігін арттыра түскен. Сол қатарда Жақан Қылышбеков басшылық ететін "Бәйтерек" кооперативінің бастамасы жұртты сүйсіндірді. "Қылышбеков", "Жұлдыз", "Диқан" шаруа қожалықтарының басын қосқан кооператив "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ҰК АҚ қолдауымен 300 млн теңгеге жаңа техника сатып алыпты.

Германия мен Беларусь елдерінен сатып әкелінген жаңа техникалар адам күшін көп қажет етпейді. Оның үстіне бүгінгі заманауи үлгімен жабдықталған техникалар компьютерлік жүйемен жұмыс істейді. Жаңа техниканың күшімен биыл 400 гектарды меңгерген ұжым келесі жылы оның көлемін ұлғайтуды ойластырып отыр.

Десе де, Ақсу қант зауытының іске қосылуы балтамырдан байлық таппақ болған үмітімізді үкілей түседі деу екіталай. Себебі, қанттың өнімділігін арттыру тағы да шикізатқа тәуелді. Осы тұста дүниежүзіндегі қант өндіретін елдердің тәжірибесіне көңіл аударсақ, көптеген мемлекетте қант қызылшасын көп өсірмейді. Олар азын-аулақ жерлерін үй жануарларының қиымен тыңайтып, гектар берекелігін арттырып отырады.

Өкінішке қарай, бізде тәтті түбір егілген жер аумағы көп болғанымен, гетер өнімділігі тым төмен. Сондықтан, тәтті түбір өсірудің технологиясын жақсартуымыз тиіс. Бұл тұрғыда шетелдік мамандардан емес, өзіміздің еңбекпен есейген ауылдағы ағайынның тәжірибесін де ескерген абзал. Өйткені, олар кешегі көл-көсір қызылша өнімін көзбен көріп, ала жаздай алқапта тер төккен тәжірибелі аға буын. Олар ел мен жердің жағдайын да толық біледі. Әсіресе, балтамырды бітік өсіруді отбасылық дәстүрге айналдырған еңбекқор әулеттердің санын арттырған абзал.

Тағы бір айта кетерлігі, біздің елдегі қант зауыттары қант қызылшасының шикізаты біткен соң жұмысын тоқтатып, келесі өнім жиналғанша бірнеше ай қаңтарылып тұрады. Әдетте, шетелде қант зауыттарының жұмыс мерзімін ұзарту үшін қант қызылшасы таусылғаннан кейін қант құрағын шикізат ретінде пайдаланады. Жетісу өңірінде қант құрағын өсіруге қолайлы шұрайлы жер жетерлік. Алайда, оны пайдалануға құлықсызбыз. Біз осы мүмкіндікті неліктен пайдаланбасқа?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу