Жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу нарық талабымен үйлеспейді

2973

Жер учаскелерін алғаннан кейін, Астана қаласының билігі оны рәсімдеудің мерзімін созып, ақыры ол ұтымсыз пайдаланды деген сылтаумен бизнестен жерді алып қоюға себеп болады; ал билік болса мәселені заңнама базасының дамымағандығына сілтейді.

Жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу нарық талабымен үйлеспейді

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) кәсіпкерлерден жерді ұтымсыз пайдаланғаны үшін алып қою мәселесін қайта қарау тәсілін ұсынып отыр. Ұлттық палатаның кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы барысында Астана қаласы әкімдігіне осындай ұсыныс жасалды.

Салалық кеңеске кәсіпкерлер жер учаскелерін  дер кезінде игеру үшін құжаттарды рәсімдеу мүмкіндігі жоқ деп жиі шағымданады. Ақыр-соңында кәсіпкердің өз ақшасына сатып алған жекеменшік жері ұтымсыз пайдаланылды деген сылтаумен алынып қойылуда деп ҰКП дабыл қақты.

"Астана қаласы кәсіпкерлер палатасына сот арқылы жерлерін алып қойған кәсіпкерлерден шағым әлі күнге түсіп жатыр. Олар жерді игеруге тырысқанмен, оған мүмкіндік болмағанын алға тартып отыр", –  өңірлік кәсіпкерлер палатасының  кәсіпкерлер құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Гүлмира Молдағалиева. 

Мәселен, кәсіпкер Унлутурк Фуат та 2016 жылы сатып алу-сату келісімшарты негізінде сатып алған  өзінің жер үлесінен айрылып қалған. Кәсіпкер бұл жерге ЖЖС, ТҚС және қонақүй кешенін салуды жоспарлаған. Алайда қағазбастылық оның жоспарын іске асырмай тастады. Негізінен, 2017 жылы жер қатынастары және жер инспекциясы басқармасы бір жыл ішінде жер учаскесін пайдалануға ұйғарым шығарған.

Осы құжатқа сәйкес кәсіпкер жер учаскесін игеруді бастап, инженерлік іздеулер жүргізіп, эскиздік жобаны әзірлеген. Алайда эскиздік жобаны бекітіп, жобалауды қала құрылысы заңнамасына сәйкес жалғастыру үшін кәсіпкерге сәулет-жоспарлау ғимаратын дайындау қажет болған. Осыған байланысты ол Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына  өтінішпен шыққан. Бірақ та бұл ауданның жобаны деталдық жоспарлауы (ЖДЖ)  болғандықтан, өтініші қабылданбаған. Сәулет басқармасы ЖДЖ-ны өзінің есебінен әзірлеп алу үшін елорданың үйлестіру кеңесіне өтініш жасауға кеңес берген.

"ЖДЖ-ны әзірлеу мен бекіту әкімдіктің құзырында, олар оны  бюджеттік қаржыдан  жасау керек. Алайда осыған қарамастан, кәсіпкер өзінің жер учаскесінің ЖДЖ-сын әзірлеуге рұқсат алуға ақша төлеген. Кәсіпкердің өтініші  сонда да қабылданбаған. Олар аталған ауданда инженерлік коммуникация жоқтығынан, ЖДЖ-ны әзірлеу мақсатқа сай келмейді деген. Құрылыс салу үшін бекітілген ЖДЖ мен бас жоспардың негізінде ғана жасалатын болғандықтан, кәсіпкер өзінің жер учаскесін игерудің заңды мүмкіндігінен айрылған ", – деп жағдайды түсіндірді Молдағалиева.

Осының нәтижесінде елорданың қалалық ортаның сапасын бақылау басқармасы жер кодексінің жерді мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда  алып қоюды қарастыратын 92-бабын басшылыққа алып, кәсіпкерден жер уаскесін сот арқылы тартып алған. Бұл ретте сот кәсіпкердің жерді игеру үшін әрекет жасағанын және оның жерді пайдалана алмағанына өзі кінәлі болмағанын ескермеген.

"Павлодаржесть" ЖШС-да тап осындай жағдайға тап болған. Серіктестік автосалон салу және пайдалану беру мақсатында жер учаскесін 2017 жылы сатып алу-сату келісімшарт бойынша сатып алған. Алайда жобалау кезінде бастапқы-рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу барысында бұл ауданға  жер учаскесінің нысаналы мақсатын есепке алмай жаңа ЖДЖ әзірленгені белгілі болды.

2017 жылдың қазанында кәсіпорын ЖДЖ-ны өз есебінен түзетуге өтініш берген. Тек жарты жыл өткеннен кейін ғана 2018 жылдың мамырында ЖДЖ бұрынғы нысаналы мақсатына сәйкестендірілген. Содан кейін кәсіпорын 2018 жылдың маусымында жобалауды бастаған. Алайда 2018 жылдың қыркүйегінде Астана  қалалық ортаның сапасын бақылау басқармасы пайдаланылмаған жер учаскесін алып қою туралы сотқа талап-арыз түсіргені белгілі болды.

"Палата жоғарыда айтылған екі жағдайда да кәсіпкерлер қол қусырып қарап отырмағанын, жер кодексінің 65-бабына сәйкес өз учаскелерін іске жарату үшін барлық мүмкіндікті қарастырғанын деп есептейді. Алайда жер иелерінің жерді пайдалану құқығы мен ниетіне қарамастан жергілікті атқарушы орган жерді дер кезінде пайдаланбады деп шешкен. Ал сот Жер кодексінің 92- бабында көрсетілген мерзімді ғана басшылыққа алған. Сот кәсіпкерлердің келісімнің адал қатысушылары екенін ескерместен, аталған талап-арызды қанағаттандыруға шешім шығарған ", – деп атап кетті ӨКП сарапшысы.

Ал Астана  қалалық ортаның сапасын бақылау басқармасы қиындықтың бар екенін мойындап отыр. Шенеуніктер жер дауын жер заңнамасына түзетулер енгізгеннен кейін ғана  шешуге болатынын айтып отыр.

"Бұл жүйелі жұмыс. Жер туралы заңға түзету енгізу қажет. 2015 жылға дейін Жер кодексіндегі нормада жер меншік  иесіне қатысты емес себептен игерілмей қалған болса, ондай жер учаскесі алынбайтын. Алайда енгізілген өзгерістен кейін бұл норма алынып тасталған. Осыған байланысты өкілетті органдар жерді алмасқа амалы жоқ. Егер аталған норма тағы енгізілетін болса, онда біз осы міндеттемелерді ескеретін боламыз. Ал әзірге жер туралы заңнамадағы тәртіп осындай. Сондықтан бізге амал жоқ сол заң бойынша әрекет етуге тура келеді. Егер жерді пайдалануға ұйғарым шығарылғаннан кейін жерді алып қоймасақ, сыбайлас жемқорлыққа жол берілді деп есептеледі. Сосын осыған байланысты дау туындайды", – деп Астана  қалалық ортаның сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Молдағалиев  биліктің ұстанымын  түсіндіріп кетті.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу