"Areva"-ны зерттеу жалғасады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
1820

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ француздық "Areva" компаниясының 10% акциясын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

"Areva"-ны зерттеу жалғасады

"Зерттеу керек әлі. Зерттеу керек деген – ашық сұрақ. Бұл бар болғаны зерттеу – келіссөз емес", - деп хабарлады abctv.kz-ке "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның активтерді оңтайландыру жөніндегі атқарушы директоры Берік Бейсенғалиұлы.

Ал "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев өз кезегінде "әзірге" ұлттық компания  атом энергетикасына арналған жабдықтарды әзірлеумен және өндірумен, сондай-ақ баламалы көздерден электр қуатын өндірумен айналысатын француздық компанияның акциясын сатып алуды жоспарлап отырмағанын айтты.

"Қазатомөнеркәсіп" пен "Areva" компаниясының Қазақстанда бірлескен жобалары бар. Қос қомпания да әлемдегі ірі уран өндіруші болып табылады: "Қазатомөнеркәсіп" - әлемдік өндіріс көлемінің 21%-ын, "Areva" 16%-ын өндіреді. "Areva"-ның ірі акционерлері: Францияның атом энергетикасы комиссариаты - 54,37%, француздық мемлекеттік мүлік - 28,83% және Кувейттің инвестициялық билігі - 4,82%. Компанияның табысы 2015 жылы екі есеге дейін қысқарды – 2014 жылы 8,336 млрд еуро болса 2015 жылы 4,199 млрд еуроға пара-пар болды.

Берік Бейсенғалиев "Қазатомөнеркәсіптің" акциялар пакетін сату туралы жоспары бар екенін еске салды. Қазіргі кезде "Самұрық-Қазына" "Қазатомөнеркәсіптің" жалғыз акционері болып табылады. Берік мырза "Қазатомөнеркәсіп" акциясының 25 %-ын сату жоспарланып отырғанын хабарлады.

"Сатуға жоспарланып отырған "Қазатомөнеркәсіптің" акциялар пакеті әзірге тек 25%, одан артық емес. Тура 25%", - деді ол.

"Самұрық-Қазына" өткізетін IPO-ға алғашқы болып "Air Astana" мен "Қазатомөнеркәсіп" компаниялары шықпақ. Компаниялар акцияларын биылғы жылдың соңына қарай шығаруды жоспарлап отыр. Бірақ оны жариялау 2018 жылдың басында өтеді. Мемлекеттік холдинг "Air Astana"-дағы 51% үлесінің 25%-ын сатуға ниетті, осылайша компания халықаралық нарықта ұлттық әуе тасымалдаушысы мәртебесін сақтап қалмақ, аталған  акция пакеті отандық компаниялар мен азаматтарға сатылады. "Air Astana"-ның екінші акционері – британдық "BAE Systems"-ке де акциясының 25% -ын сату ұсынылды. Алайда оған өз үлесін тек қазақстандық үміткерлерге ғана сату керек деген міндет қойылмайды. Аталған жоспар орындалса британдық акционерде 24% акция қалады.

"Air Astana" бойынша біз 26% акциямызды өзімізге қалдыруды жоспарлап отырмыз, бірақ онда бізден басқа "BAE Systems" компаниясы бар ғой. Олар да өз акцияларының шамамен жартысын сатады. Қалай болғанда да біз акцияның 51%-ын Қазақстан азаматтарына қалдыруымыз керек, яғни біз сатып жатқан 25%-ды Қазақстан компаниялары сатып ала алады, ал қалған 26%-дың арқасында ұлттық әуе тасымалдаушы мәртебесін сақтай аламыз. Әзірге екі алаң – Лондон мен АХҚО талқылап жатыр", - деді Берік Бейсенғалиев.

Ол екі компания сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ IPO-ға жеке тұлғалардың қатысуына ресми түрде тыйым салмағанын баса айтты.

"Әрине, олар брокерлер арқылы қатыса алады", - деді ол.

Бұған дейін "Қазақтелеком" АҚ-ның ірі акционерлері компания акциясының 25%-ын стратегиялық инвесторға сату мүмкіндігін қолдайтынын білдірген.

Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу